Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тоқаев Абайдың 175 жылдығына арналған шараларды шетелден мамандар тартпай ұйымдастыруды тапсырды

Тоқаев Абайдың 175 жылдығына арналған шараларды шетелден мамандар тартпай ұйымдастыруды тапсырды

Мемлекет басшысы Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовті қабылдады, - деп хабарлайды tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Хабарламада Қасым-Жомарт Тоқаевқа Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндалғаны жазылған.
Кездесуде тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу, атап айтқанда, тері-жүн комбинатының жұмысын қайта жүргізу мәселесі қарастырылды. Сонымен қатар радиологиялық орталықты пайдалануға беру мен жаңа мектептің құрылысы, жол жөндеу жұмыстары мен көшелердің абаттандырылуы сөз болды.
Президент Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтойлық шараларды сапалы әрі шетелден мамандар тартпай ұйымдастыруды тапсырды.
Мемлекет басшысы Семейге тарихи орталық мәртебесін беру жөнінде маңызды қадам жасалғанын атап өтіп, оның музейлер жұмысының сапасын арттыруға және қаланың көрікті жерлерін абаттандыруға бағытталған тиісті шаралар қабылдауды талап ететінін айтты. Аталған нысандар туристер мен қала қонақтары үшін тартымды болып, қызмет етуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ермак Сәлімовке волонтерлер қозғалысымен бірлесіп, "Семей орманы" аумағында ағаш егу жұмыстарын ұйымдастырып, бұл акцияға жастардың қатысуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты. 
05 ақпан 2020 ж. 836 0