Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Түйе жүнінің шипасы мол

Түйе жүнінің шипасы мол

Төрт түлік малдың ішіндегі түйе өзінің ерекше қасиеттерімен дараланады. Ол қырық күн шөлге шыдамды, жүк артса – көлік, жесе – ет, ал жүні киімге жараған. Қазақтар түйенің жүнінен түйе жүн шекпендер киген, ол жеңіл әрі жұмсақ сырт киім болған. Түйенің күштілігі, жүйріктігі, шыдамдылығы сияқты түрлі қасиеттері бар. Соған орай оны түрліше атайды. Желмая, нар, аруана, жампоз, үлек, нарқоспақ сынды атаулары бар. Ал түйе өзінің өсу жолында бота, тайлақ, буыршын, буырлыш, науша, бұзбаша, інген, атан, бура деп аталады.
Түйелер шөлді, тұзды аймақтарда тіршілік етеді. Себебі жаратылысынан олар шөлге, қатты аязға төзімді болып келеді. Түйенің адам үшін атқаратын қызметі өте жоғары. Біздің жерімізде түйені өсіруге қажетті жағдайдың бәрі бар. Оның еті мол, жүні жұмсақ болады. Түйе жүнінің шудасы өте пайдалы. Халық арасында түйе шудасымен емделу көптеп кездеседі.
Менің бала кезім болатын. Бірде менен кейінгі інім аяғын шығарып алды. Содан сынықшыға салдырған соң көп уақыттан кейін аяғының ісе бастағандығын байқадық. Үлкендер «сары су жиналған түйенің шудасын тарту керек» деген кеңес айтты. Содан анам түйе шудасын тауып, оны тұзды сумен қайнатып ем жасады. Бір қызығы, аз уақыттың ішінде ісігі қайтып, інім жүріп кетті. Бұл менің көзбен көрген бір ғана мысал.
Түйе шаруашылығында бағалы өнім – жүн ең пайдалы, табиғи таза өнімге жатады. Оның 85 проценті таза, бағалы түбіт. Сондықтан әртүрлі табиғи жүндер арасында өзінің технологиялық қасиеттері бойынша жетекші орын алады. Қылшықты қой жүніне қарағанда түйе жүнінде мамығы көп, өлі түгі және шайыры жоқ. Түйеден өндірілетін жүн өз сапасына байланысты өте жоғары бағаланады.
Түйе малын талай жылдан бері бағып отырған Темірбай Төреұлы оның шипалық қасиеттерін де жақсы біледі. Сүті, етінен бөлек, жүні де нарықта жоғары сұранысқа ие екендігін айтты. Бүгінде түйе жүнін сұраушылар көбейген.
– Түйе жүні өнеркәсіп үшін таптырмайтын шикізат болып табылады. Бұл жүннен тоқылған матаға, затқа шетелдіктер тарапынан сұраныс та көп. Ол мықтылығы, жеңілдігі және жұмсақтығымен де ыңғайлы. Түйе жүнінен тоқылған орамал, кеудеше, шұлық суық өткізбейді, ал одан дайындалған күпілер жиырылып қалмайды. Ал шуданың жөні бір бөлек. Шуда негізінен тізе шуда және мойын шуда болып екіге бөлінеді. Қазір шуда сұраушылар көп. Тіпті үлкен қалада тұратындардың өзі осы шудамен емделіп жүр. Біз де бұрындары әке-шешемізден көрген тәсілмен ем қылудың жолдарын айтып жатамыз. Сондай-ақ түйе күзем уақытта тігіншілер мен тоқымашылар оның жүнін жоғары бағада сатып алады, – дейді.
Түйе жүні түбіт, аралық қылшық, жай қылшық, шуда болып бөлінеді. Осының ішінде шуданы емдік құрал ретінде халық жиі пайдаланған. Оның буын, құяң, бүйрек аурулары, радиация сәулелеріне қарсы қасиеті ғалымдарды әлі таңғалдырып келеді.
Дәстүрлі ем-шараларда бала көтермеген әйелдер түйенің бақайшақ майын алып, оған түбіт жүнін шылап қойса, бала көтеруге ықпалын тигізеді деген нанымдар болған. Түйе жүнінің түбітін, шудасын күйдіріп, ұнтақтап, қан кеткен жерге сепсе, оның тыйылуына септігін тигізген. Қол-аяқтың буыны қайырылып ісінгенде, түйе шудасын ерітілген тұзға немесе сірке суына шылап, таңып қояды. Шуда шала туылған баланың жүйке талшықтарының оянуына, тірек-қимыл аппаратында ауытқу болған науқастың дұрыс қалыптасуына оң ықпалын тигізеді.
Сондай-ақ буын, бүйрек ауруларына және радиация сәулелеріне қарсы ем ретінде пайдаланады. Шудадан бағалы тоқыма бұйымдары жасалады.
Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні ат әбзелдерін жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні көрпеге салуға, шапанға тартуға жақсы, жеңіл әрі жылы болады, қылшық шықпайды.
Нарықтағы түйе жүнінен жасалған өнімдердің бағасын саралап көрдік. Біздің өңірде түйе жүн көрпеге сұраныс жоғары. Бағасы да мақта, синтетикалық талшықтардан жасалған көрпеге қарағанда әжептәуір жоғары. Ал түйе жүнінен тоқылған шұлық пен белдік сирек кездесетіндігін аңғардық. Арнайы тапсырыспен ғана тоқылады.
Қорыта айтсақ, төрт түліктің төресі саналатын түйе – бар жақсысын бойға жиған жануар. Оның жүні жылы киім, шудасы – шипа, сүті – дәрумен, еті – қорек. Түйенің ерекше қасиеті ғалымдардың өзін таңғалдырып, қызығушылығын оятып отыр. Маң басқан маңғаз жануардың біз білетін қырларын барынша баяндадық. Ашылмаған сырлары да жетерлік.
Назерке Маратқызы
12 ақпан 2020 ж. 14 578 0