Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мұңлық — Зарлық

Мұңлық — Зарлық

bilim-all.kz Ертеде, қылышынан қан тамған қаһарлы ханның жалғыз қызы бойжеткенде бір кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосып жүреді екен. Мұны біліп қойған хан жігітті дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін қыз мезгіліне жетпей бір ұл, бір қыз табады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан
жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос бүлдіршіннің көзін жоюды астыртын Мыстан кемпірге тапсырады. Мыстан кемпір өмірге жаңа ғана келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды шығысқа, ұлды батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтеректе өсуін доғарады.
Ел ішіндегі өсек сөз, өтірік-өкпеге шыдамаған патшаның қызы егізін іздеп жолға шығады. Бармаған жер, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді.
Қатты шаршап, діңкесі қатқан қыз әбден қурап, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен соң, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ түріп, тың тыңдаса, «ән салып» тұрған қасындағы биік ағаш екен. Қыз күндіз қос бүлдіршінін іздеп, түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді.
Бір күні айналаға көз салмақ болған қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, «әнші» ағаш қайта зарлай жөнеледі. Қыз оның құпясын білмек болып, тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл — қыздың екі баласынан қалған жұрнақ еді. Батыс жағындағы ішек бостау, ал шығыс жағындағы ішек қатты тартылыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ қыз, енді ағаш неге ән салатынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы екі ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үні жүрегіне жақын, жанына жайлы естіледі. Қыз байғұс бостау тартылған ішекке үні мұңды шығатындықтан, «ұлым — Мұңлық», ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қатты тартылған ішекке «қызым — Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай күй шығарып, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен...

19 ақпан 2020 ж. 1 326 0