Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сайын даладағы «сарқырама»

Сайын даладағы «сарқырама»

Арал ауданына қарасты Ақеспе деген ауылдың жанында жер астынан ыстық су атқылап жатыр.
Басында орнатылған жа­ды­намаға сүйенсек, 1986 жылы осы ұңғыма қазылып, 1200 метр тереңдіктен ыстық су  шыққан. Судың температурасы – 620C. Тері, буын, жүйке ауруларына, салқын тигенде  пайдалы деп көрсетілген.
Жаз мезгілінде осы судың басына күніне жүздеген адам келіп-кетеді. Еркіндіке үйрен­ген қазақ шатырын құрып қона жатады, қазан көтеріп, самаурыннан шай ішіп, бала-шағасымен мәре-сәре. Была­йынша айтқанда, нағыз эко­ту­ризм, керек десеңіз,  эко­ме­­дицина.  
Отыз жылдан бері атқылап жатқан судың басында бүгінгі күнге бір қонақ үй салынып, екі киіз үй тігілген. Асхана соғылуда. Басынан шұбат, құрт үзілмейді. Ескерерлігі, ұялы байланыс жоқ. Аса қажет болса, Аctiv пен Вeeline байланысын іздеп, сол маңайдағы  төбе мен төмпешікті, не қыратты  қуып кетесіз, оның да күші тек «аллоға» ғана жетеді.
Маңыздысы, судың, сол жердегі қара батпақтың химия­лық құрамын анықтап, қай кеселге қаншалықты әсері бары нақтыланса. Сумен бірге жал-жал болған бұл жердің құмы да бойдағы жел-құзды алып түсер қасиеті бар деп жатады. Қажет болса, жаз мез­гілінде ақылы негізде болса да, медицина өкілінің кезек­шілігі ұйымдастырылса. Бұл шаруаны мемлекет атқарса, бюджет ақшасын жұмсайды, кәсіпкер айна­лысса,  пайда табады.    
Бұл жерде басты ұстаным – ыстық су тегін, басқа сервис ақылы, бастысы бағасы ақыл­ға қонымды болуында. Жалпы бүкіл еліміз бойынша осыған ұқсас жер астынан шығып шатқан су көздерінің емдік қа­сиеттерін толық зерт­теп, ар­найы анықтамалық шы­ға­рылса, құба-құп болар еді.
Сәбит Көшербаев,
Томирис Сәйпенова,
Қызылорда қаласы
17 тамыз 2020 ж. 1 005 0