Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҚАСИЕТІ МОЛ «ҚАРА СУ»

ҚАСИЕТІ МОЛ «ҚАРА СУ»

...Арал ауданы, Аралқұм станциясындағы тылсым табиғаттың құдіретімен пайда болған «Жұмбақ көл» туралы білесіз бе? Бүгінде осы аймақтың тұрғындары аталған көлге жиі барады. Өйткені, көлдің емдік қасиеті өте мол...
Иә, «Қара су» – тұзды, тереңдігі белгісіз, ұзындығы да, ені де шамамен 100 метрдей аумақты алып жатыр. Жұрттың қызығушылығын тудыратын бұлақ көзінің басты ерекшелігі–жылдың жаңбырлы, қуаңшылық мезгілдерінде де деңгейі еш өзгермейді. Темір жолдың екі жақ бетінде де көлемі мен аумағы бірдей орналасуы да тегін сәйкестік емес. Ғажабы да осы. Судың беті мұздай болғанымен, астыңғы жағы ыстық болып тұрады. Оған ешқандай өзен құймайды. Құм төбенің ортасына орналасқан. Шілде, тамыз айларында «Жұмбақ көл» әбден піседі. Бұл суға жергілікті жұртшылық шілде айының ортасында түсудің денсаулыққа пайдасы орасан екенін айтады. Сондай-ақ, көнекөз қариялар ілгері замандарда орыстардың сонау Мәскеуден ат арылтып келіп, арнайы палатка тігіп, құдіреті бөлек суға шомылатынын еске алады.
Тылсымға толы көлдің емдік қасиеттеріне тоқталсақ, аталған су сүйек сырқырағанға, салқын тигенге, қышыма ауруына, денеге шыққан жараға және тамырдың тартылып қала беруіне бірден-бір ем көрінеді. Жаз мезгілінде адамдар көлдің жиегіндегі балшыққа аяғын көміп, жандарына шипа іздейді.
–Бұл таңғажайып су туралы деректер еш жерде жоқ. Сонау 60 жылдары Кеңес Одағының білікті дәрігерлері арнайы ат басын бұрып, көлге зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, судың пайдалы екендігін медициналық тұрғыда дәлелдеген. Бұл көл ертеректе пайда болған. Су көзінің қай жақтан келіп тұрғаны белгісіз. Қыс мезгілінде бетіне мұз қатпайды. «Қара су» деп аталу себебі кәдімгі суларға ұқсамайтындығында. Түрі түнеріп, қарайып жатады, –дейді ауылдың қадірменді қартының бірі Жақсыбай Алмағанбетов.
Қара судың киелілігі сонша, бір кездері бір адам мас күйінде шомылып, ақырында аяғы күйіп қалған. Сондықтан, осынау табиғаттың жұмбақ сыйына жақсы ниетпен, үлкен сеніммен қарау керек.
Көпті көрген Іңкәр Аққалиқызының сөзіне қарағанда, көл қаншама науқастың дертіне шипа болған көрінеді. Тіпті, адамдар емес, шалажансар туылған тайлақ, қозыларды да осы көлдің суымен жуындырғанда құлан таза айығып, аяғына тұрады екен. Суының айрықша қасиетінің бірі–оған түсіп шыққан адам балбырап, ұйкысы келетін көрінеді. Тіптен тұрғындар көлдің суын бөтелкеге құйып, салқын тигенде қолданған.
Осындай айрықша құбылысты зерттеу, қорғауға алу әлі де кемшін. Алдағы уақыттары көлдің жайы назарға алынып, айналасын қалыпқа келтірсе, жаз мезгілінде халыққа талапқа сай жағдай жасауды қаперге алса дейміз. Балауса ТӨРЕБАЙ.
01 сәуір 2018 ж. 2 153 0