Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЛЕМ НАЗАРЫНДАҒЫ – АРАЛ ТЕҢІЗІ

ӘЛЕМ НАЗАРЫНДАҒЫ – АРАЛ ТЕҢІЗІ

Арал теңізі – Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан ірі көл. Теңіз XX ғасырда ауданы жағынан (68 мың км2) әлемде төртінші орында болды. Бірақ 1960-жылдардан бастап теңіздің суы азайып келеді.    Арал теңізі – Қазақстанның інжу-маржаны, шөл белдеміндегі бірден-бір көгілдір су айдыны еді. Оның апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі – 1066 кмі, тереңдігі – 30-60 метр, тұздылығы литріне – 10-12% болған. Қойнауы кәсіптік бағалы балықтарға бай, жағасы қоға мен қамысты теңіз еді. Сол кездерде жылына 50-150 мың балық ауланса, теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген. Арал өңірінің тұрғындары 1970 жылдарға дейін әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жақсы қамтамасыз етілген тіршілік кешті. Сол кездерде теңіз өңіріндегі елді мекендерде 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты тұрақты жұмыс істеді.    1960 жылдардан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Осы аймақтағы игерілетін жер көлемі бұрынғыдай Өзбекстан мен Тәжікстанда 1,5, Түрікменстанда 2,4, Қазақстанда 1,7 есеге өсті. Ал Әмудария мен Сырдария бойындағы Халықтың саны 1960-1987 жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай, 1970-1980 жылдар аралығында Аралға құйылатын су мөлшері азайды. Оның негізгі себептері антропогендік факторлар еді. Екі өзен бойындағы суды мол қажет ететін күріш пен мақта өсіру ісі қарқындап дамыды (Шардара).
    Оның үстіне ауыл шаруашылығының басқа да салалары барынша дамыды. Өзен бойлары игеріліп, суды ысырапсыз пайдалану жүзеге асты. Мәселен, Арал 1960-1965 жылдар арасында 44 мың мі, ал 1990 жылдары екі есеге қысқарды. Нәтижесінде, Арал теңізінің деңгейі 23 метрге дейін төмендеп, оның су айдыны 30-200 км-ге дейін қусырылды. Судың тұздылығы 40 пайызға дейін артты. Оның үстіне екі өзен бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен химиялық препараттарды қолдану 10-15 есеге өскен. Осындай антропогендік факторлар Арал өңірін экологиялық апатқа ұшыратты.
    Құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын айналаға зияндылығы өте жоғары 2 млн тұзды шаңдар көтеріліп, желмен тарай бастады.
    Арал теңізінің болашағы дүниежүзі халықтарын толғандыруда. Оның біржолата жойылып кетуі Орта Азия мен Қазақстанды ғана емес көптеген Шығыс елдерінің тыныс-тіршілігіне өзгерістер әкелмек. Ал әлемдік климаттың өзгеруі, шөлге айналу, атмосферадағы ауытқушылықтар, антропогендік экожүйелердің тұрақтсыздығын тудырады.
    Осы орайда 1993 жылдың 26 наурызында Орталық Азия елдерінің басшылары Қызылорда қаласында Саммитте бас қосып, Арал теңізі және Арал маңының экологиялық сауықтырылуы мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мәселелерін шешуде бірлесе қызмет ету туралы мәлімдеме қабылдап, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) құрылды. Бұл қордың бірінші Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаев болды.
    Қордың негізгі міндеті - халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қаржыландыру. Арал дағдарысы салдарларымен күресті Халықаралық Аралды құтқару Қоры үйлестіріп отырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен, Экологиялық бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік Банк, Азия Даму Банкі, ТАСИС ұйымдарымен, сонымен қатар Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Швеция және басқа да донор елдер үкіметтерімен біріге отырып, ХАҚҚ аймақтың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келеді. Арал теңізі бассейнінде 1995-2010 жылдары екі Бағдарлама (ПБАМ-1, ПБАМ-2) іске асырылды.
    Сондай-ақ, 2005 жылы Кіші Арал теңізінің су деңгейін сақтап қалу мақсатында бұрынғы Көкарал түбегі мен Берг бұғазы аралығында Көкарал дамбасының құрылды.  Кезінде түбек болған Көкаралға ұзындығы 13 км, орташа биіктігі 4 м, бүйір беткейінің мөлшері 44,5 м, үстіндегі жолдың ені 9 м бөгет салынған. Ол секундына 295 м3 суды Үлкен Аралға еркін жібере алады. Бөгет арқылы Арал теңізінің шығысы мен батысын жалғастыратын төте жол өтеді. Бұл бастама үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Кіші Арал теңізінің суы толасып, мұнда балық шаруашылығы қайта жандана бастады.
    Осылай 2017 жылдың 30-31 мамыры күндері аралығында Қызылордада бірінші Арал халықаралық тұрақты даму форумы өтті. Форумның мақсаты – Арал өңірінің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы кеңірек ақпараттандыру, өзекті мәселелерге әлемдік қауымдастықтың назарын аудару. Шараның қорытындысы бойынша қатысушылар форумның қарарын қабылдап, Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылған күні 26 наурыз – «Арал теңізінің күні» ретінде жариялау жөніндегі ХАҚҚ-ның Қазақстандағы Атқарушы Дирекциясының бастамасын қолдады.
    Осылайша, әлемнің назарынан тыс қалмаған Арал теңізі барлық адамзаттың жадында болуға тиіс. Қазіргі кезде аралды құтқаруда бағытында батыл да жоспарлы түрде ғылыми негізде жұмыстар жасалуда. «Арал тағдыры – адам тағдыры» болғандықтан, ғажайып су қоймасын оны сақтап қалу қазіргі ұрпақтың болашақ алдындағы борышы.
    Фатима ӘНЕСОВА
    Барсакелмес МТҚ қызметкері
kyzylorda-news.kz
19 наурыз 2018 ж. 2 966 0