Еншісі бөлінбеген қазақ

Міне, сөйтіп ғұмырын ат үстінде өткізген, сайын даласының бір сүйем жерін де жатқа бермеген, досына жомарт, жауына әділ болған бабаларымыздың бабасы көз жұмыпты. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасы келе жатқан әпсәна осылай дейді. Мүмкін соңғы сөздері басқаша болған шығар, тек мыңғырған төрт түлік малды екі ұлына тең қылып үшке бөлуді өсиет еткені анық дейді. Хош, сонымен сойыс малдар сойылды, атамыз арулап қойылды. Сынаптай сырғып талай күндер өтті. Әке өсиетін орындар уақыт жетті. Қапсағай бойлы қос ұлдың қабырғасын қайыстырған малдың есебі емес, айтылған үшінші бөлік үлестің жайы еді. Ақыры ойласа келе аналарының ақылымен елдің құты – Билер Кеңесіне салуға ұйғарды. Бәрін тыңдап, жайға қаныққан Бас Би сонда тебіреніп былай толғапты: «Қарақтарым, әкелерің батырлығына ақылы сай қадірлі қарт еді. Мынау кең-байтақ Қазақ сахарасының жазылмаған заңдарына, өз елінің салт-дәстүріне өлгенше адал болды, сендерге де соны аманаттап кеткен екен. Атадан-атаға жалғасып келе жатқан салтымыздың бірі асқан қонақжайлылық еді. Ендеше, қарақтарым, әкелеріңнен қалған малдың үшінші үлесі қонақтарыңдікі. Ол үлес бөлінбей сендерде қалсын. Күн келе ме, түн келе ме, бір келе ме он келе ме, әрбір Қазақтың сендерде қалған еншісі бар. Қона жатып, қонақ болып, қалаған кезінде аттануына құқылы. Және осы салт күллі қазақ даласына жайылып, дәстүр болып қалсын!»
Сонымен бұл салт халық санасына тастай батып, судай сіңіпті. Қазақ Сахарасының жазылмаған заңына айналыпты. Осы салттың арқасында айлап-жылдап сапар шеккен жолаушы өз үйіне, өлең төсегіне аты азбай, тоны тозбай аман-есен оралатын. Тіпті өздері жол жүріп бара жатқан үй иелері қара қостың есігіне құлып салмайтын, жәй бір тұтам жіппен байлап кетер. Өйткені, олар жоқта қонақ келіп қалуы мүмкін ғой!
...Ғұлама жазушылар айтады, астаң-кестең замандарда, дүлей дауылдарда халықтың – Алып Дарақтың аман тұруы үшін тереңге кеткен үш тамыры аман болуы керек деп. Олар Тілі, Діні һәм Салт-дәстүрі екен. Ендеше біздерге осындай мықты тамырларды мұраға қалдырған ата-бабаларымыздың топырағы торқа, жандары Жәннатта болғай.
Берікбол Сыдық
Талдықорған