Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазаққа жат әдеттен қалай арыламыз?

Қазаққа жат әдеттен қалай арыламыз?

Субмәдениет ұғымы – дәлме-дәл аударғанда «астыңғы мәдениет», ірі мәдени құрылым ішіндегі белгілі бір топтар, бірлестіктер мәдениеті дегенді білдіреді. Субмәдениет көбінде қоғамда өктем болып тұрған мәдениет пен әлеуметтік құрылымға оң немесе теріс қатынас нәтижесінде пайда болады. Қазіргі жағдайда субмәдениет үлкен аймақтық, ұлттық мәдени құрылым негізінде пайда бола отыра, сол мәдениеттегі классикалық дәстүрден тысқары тұрады. Субмәдениеттің әлеуметтік бастауын әр түрлі жас ерекшеліктеріне байланысты топтар, бейресми бірлестіктер құрайды.
Жаңа заман көптеген дүниелердің даму шыңына жеткен, жаңа лептің бастау алған кезеңі болды. Ол тек техникалық жетістіктер, ғылыми ашылуларға ғана байланысты емес, рухани, мәдени жаңашылдықтың да белең алған уақыты. Сондай заман нәтижелерінің бірі – фанатизмнің (табынушылықтың), психологиялық талғамдағы ұқсастықтың белгілі адамдарды ұлтына, жынысына қарамай, бір идея толқынына біріктіруі, яғни «субмәдениет» ұғымының қалыптасуы. Бұл үрдіс көп кешікпей Қазақстанға да келді.
Субмәдениет өкілдерін қала көшелеріне шықсаңыз, міндетті түрде көресіз және бірден танисыз. Өйткені олардың киім киістері де, өздерін ұстауы да, сөйлеулері де өзгеше. Сiзге бiр топ бейформалды бiрлестiк өкiлдерi, атап айтқанда, басынан аяғына дейiн қап-қара киiнген, бет-келбетiн де қарамен бояп алған адамдар немесе үстi-басы металдан жылтырап тұрған, не басқа да «ерекшелiгi» бар, өзгелерге ұқсамайтын жастар кездестi ме? Шынымен де, бұл қызық сұрақ болғанымен, оның астарында үлкен мәселе бар. Бұл «ерекше адамдар» белгiлi бiр субмәдениет өкiлдерiн құрайды. Осы субмәдениет бiздiң қоғамдағы жастар арасында белең алып барады.
Субмәдениет – жастардың өзiндiк қоғам құрып, белгiлi бiр топ iшiндегi бейформалды, яғни, қоғамнан бөлек бiрлестiгi, осы бiрлестiк мәдениетi. Ошағы Батыстан бастау алатын субмәдениет ұғымы қазiр бар әлемде кең таралған. Оған, әсiресе, жасөспiрiмдер көп қызығады. Жастардың бейформалдық бірлестіктерге кіруінің бірнеше себебі бар болуы мүмкін. Алдымен отбасындағы түсініспеушіліктер, отбасына қарсы шығу, мектептегі үлгермеушілік және мектеп ұжымынан оқшаулану, барлық адамдар сияқты болуды қаламау. Сонымен қатар қоғамның назарын өзіне аудару, сән қуып, батыстық бейнеге еліктеу сынды ойлардың жетегінде кетуі жастардың мәдениеттен ада болып бара жатқандығын көрсететіндей.
Субмәдениет – бұл қоғамның жай кедергі жасамауына болатын жастардың әлеуметтік белсенділігінің алаңы. Қазіргі жастардың жеке, өзіндік өмірге бүгінгі аса қиын және динамикалық (қозғалысты, көп сырлы) кезеңде аяқ басатындығын ұмытпауымыз керек. Оларға нағыз өмір туралы нақты кеңестер беріп, уақытында өз өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, олардың бастан кешіргендеріне сыйластықпен қарауымыз қажет. Буындар арасындағы түсініспеушілік, негізінен, сол кезеңнің әлеуметтік құрылымдарын, өмір тарихтарын білмегендіктен туындайды. Тарихтың белгілі бір кезеңіне қазіргі ғылыми биіктен қарап, бүгінгі түсініктер тұрғысынан саралап, дәуір психологиясын ескермей, мәселені сол заман адамдарының қандай көзқараспен танығандығын назардан тыс қалдырып жатамыз.
Қорыта айтатын болсақ, келешекте дұрыс қоғамды қалыптастыру үшiн осындай бөтен мәдениет түрiн қабылдамаудың жолын шешу керек. Керiсiнше, өзiмiздiң қазақы дiлiмiз бен мәдениетiмiзге тән ерекшелiктерiмiздi тануға тиiспiз. Ұмыт қалған салт-дәстүрiмiздi қайта жаңғыртып, дамытып, өзiмiздiң қазақ деген атқа лайық мәдениеттi, оның салаларын қазiргi жастарға насихаттау керек. Бүгінде мектеп, университет және отбасы жастарға жай «бақылаушы» позициясын ұстанбаулары керек. Керісінше, жеке адамның бүкіл қоғам мүддесін игеру үшін жарыс мүмкіншілігіне тең дәрежеде ұмтылу позициясын қамтамасыз ету маңызды.
М. Меңдібаев,
Арал қаласы
24 қаңтар 2021 ж. 1 113 0