Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Алма бақ

Күз. Жерді тегіс жапырақ жапқан. Айналаның көрінісі құдды суретшінің шебер туындысы секілді. Көзге қуаныш, көңілге жұбаныш сыйлайды. Жағалай өскен алма ағашының бұтағы жерге иіліп, бастарын әрең көтеріп тұр. Балалар да мәз болып алма теріп жүр. Осы көріністі сырттай тамашалап тұрған Қуаныштың жүзіне күлкі үйірілді. Бір кездегі өзі керексіз деген дүниенің бүгін күнкөрісіне айналғанына дән риза.
Жастайынан жетімдіктің зардабын тартып өскен. Әкесі мен шешесі бауырлары тегіс сүзектен қырылып қалады. Тек атасы екеуі аурудан аман қалып, бір-біріне қарайласып өмір сүреді. Атасы бір жылқылы байдың бақташысы болып жұмыс жасаған. Әлгі бай жомарт болса керек, бұларға ас-суын ұсынып, жыл сайын еңбекақысына жылқы беріп отырады. Әркімнің босағасында өскен Жұмағұл еңбекке жақын болды. Кітап оқып, ғылымның кілтін табуға деген құштарлығы да зор еді. Осыны аңғарған қожайыны өзінің басының қасына қара болсын, әрі білім алсын деп интернатқа оқуға береді. Кейіннен жоғары оқу орнын оқуына да көмек көрсетеді. Бұл оқуда жүргенде кәрілік жеңген атасы бақилық болды. Осы кезде Жұмағұлды әлгі бай қожайыны қолдау көрсетіп, оқуын жалғастыртты. Антына адал кісілер кейіннен атаңның еңбекақысы деп 20 жылқыны алдына салып берді. Сонан бері бел жазбай еңбектеніп, елге білімділігімен таныла бастады. Өмірлік жолдасы Хадиша да жетім қыз еді. Екеуі көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Хадиша көпке дейін құрсақ көтере алмай жүрді. Араға алты жыл салып Қуаныштың үлкен әпкесі Дәметкен өмірге келеді. Артынша туылған екі бірдей баласы шетінеп кетеді. Кейін Тұрсынгүл мен Шамшырақ, сосын Қуаныш өмірге келді. Өздері баланың зарын көп татып, әрі үш қыздың ортасындағы жалғыз ұл болған соң Қуаныш ерке болып өсті.
Еңбекқорлығының арқасында Жұмағұл ауыл әкімі болды. Оның үстіне атадан қалған қырдағы қалың жылқысы тағы бар. Бала күнінде ешқандай таршылық көрмей өскен Қуаныш жоқшылық дегеннің не екенін сезінген жоқ. Жұмағұлды адал басшы ретінде халқы ерекше құмет тұтты. Содан да болар, ол 10 жыл ауылсовет болып қызмет етті. Осы жылдарда ауылдың мұқтажын өтеп, қажетін қамтамасыз етуі үшін жанын салып еңбектенген әкімнің бірі Жұмағұл еді. Оның ауылдың жолдарын жөндеткенін, халықты жұмылдырып канал қазып аяқ су әкелгені, соның арқасында тұрғындардың егіншілікпен айналыса бастағанын әлі күнге көз көрген ақсақалдар сөз етіп отырады. Тіпті мектептің жылуына көмір болмаған кезде жылқыларын сатып, көмір алып беріп те жүрген жомарт азамат болған деп ел мақтайды. Қуаныш та әкімнің баласы болып қомпиып жүргені болмаса, әкеге тартпаған еді. Оқуға ынталы болған жоқ. Жұмыс істеуді тіпті ойламаған. Бірақ қалаға барып жоғары оқу орнында оқып, диплом алып келді. Әкесі баласын мектепке мұғалім етіп жұмысқа да орналастырды. Бірақ оның білімсіз екендігін байқады. Кейін Қуаныш та құлықсыздық танытып, жұмыстан шығып кетті. Әкесін жалғыз ұлының осы бір қылығы қынжылтатын. Кейін Мадинамен шаңырақ көтерген Қуаныш үйленген соң түзелер деген, бірақ ол үміті де ақталмады. Тек жар таңдаудан қателеспеген екен. Мадина адал жар болды. Өзі тұрмысы төмен отбасынан шыққан соң, үйдің тірлігіне пысық, еңбекқор еді. Содан да болар, атасы екеуі қора сыртындағы үлкен аумаққа алма ағашының көшетін әкеліп отырғызып, бақ жасады. Жұмыстан келісімен әкесі сол бақтың ішінде ағаштарға күтім жасап жүретін.
– Ту, әке, сіз де бір шаршамайды екенсіз. Осының не керегі бар. Алма керек болса дүкенде толып тұрған жоқ па?
– Ееее, балам-ай! Дүкендегі қайдан келгені белгісіз. Құрамында құнары жоқ алманы жегенше, өзің күтіп өсірген табиғи алманың дәмі әлдеқайда тәттірек болмай ма!
– Алманың бәрі бір емес пе, әрі бұл жеміс бере ме, бермей ме?
Осы кезде атасына айран әкеле жатқан Мадина сөзге араласты.
– Атам дұрыс жасап жатыр. Уақыт деген жүйрік ғой. Енді екі-үш жылда жемісін жейтін боламыз, иә, ата.
– Осы екеуің-ақ киял әлемінде жүреді екенсіңдер. Одан да мына аумаққа футбол алаңын салу керек еді. Күнде балалар болып жиналып ойнайтын едік. Ол да футболдың дамуына үлес қосу ғой,– деп миығынан жымиып кете барды.
Баласының қылығына іштей налыған Жұмағүл ауыр күрсінді де қойды. Әкесінің өңі сұрланып кеткенінен іштегі ренішін түсінген келіні Мадина:
– Ата, Қуаныштың сөзіне мән бермей-ақ қойыңыз. Әлі көресіз ертең осы бақ жайқалып өскенде өзі ақ осы маңды тңіректеп шықпайтын болады,- деп күйеуінің қылығын жуғандай болды.
– Балам-ай! Сол күнді көрер болсам қанекей. Кәрілік басып барады. Хадишаның жанына жайғасып кепесем. Бұл кезде әйелі Хадиша екі жыл бұрын өмірде озып іштей құсаланып жүрген еді.
– Қойшы ата! Шошытпаңызшы. Неге олай дейсіз. Әлде денсаулығыңыз сыр беріп жүр ма? Олай болса айтыңыз, дәрігерге қаралайық.
– Жоқ, балам! Бәрі дұрыс, алаңдама. Одан мына кесені ала ғой, айраның керемет болып тұр екен.
Айтқандай-ақ көп ұзамай Жұмағұл да қан қысымы көтеріліп, о дүниеге аттанып кетті. Дүние бір адамға бітеді екен. Ол кеткен соң қыс қатты болып, жылқылары қырылып қалды. Қасқыр тартты. Әйтеуір тірліктің қиюы қашты. Үйір-үйір жылқыдан 2-3 бас қана қалды. Бұрын жылқы барлап көрмеген Қуаныш қай малының өліп, қайсысының аман қалғанын да білмей қалды. Тұрмыстың ауыртпашылығы батқан соң, ол есін жинағандай болды. Сол жылы жазда алма бақта гүл ашты. Бәрінен де бұған Мадина қатты қуанды. Күзде жеміс бере бастады. Балалар бақта емін-еркін алма жеп, артылғаны сатып, тосап қайнатып, түрлі кәдеге асырды. Бұның жақсы табыс әкелетінін түсінген Қуаныш келер жылы көктем келісімен әкесінің алма бағын күтіп- баптап «данышпан екенсің-ау, қайран әкем» деп күрсініп қоятын. Міне, бес жылға тарта уақыт болды. Бұлардың алма бағы табыс көзіне айналды. Бүгін де кезекті жемісін жинап жүрген еңбекке жарап қалған балаларына қарап, сүйсініп тұрған Қуаныштың жанына Мадина келіп жайғасты.
– Қуаныш, көрдің бе? Мына бақ біздің ырысымызды толтырып, несібемізді молайтты. Әкем марқұм осының бәрін алдын ала біліп, біз үшін жасап кеткен екен-ау!
– Иә, мен ақымақ болып ештеңенің қадіріне жете алмаппын. "Атадан мал қалғанша тал қалсын" деген сөз бекер айтылмаған екен-ау. Қарашы, балалар қалай құлшына жинап жүр алманы,– деп бір кездегі жарының да ақылдылығына, еңбекқорлығына разы болып, балаларына мейірлене көз тікті. Бақыттың кілтін тапқандай болды. Осы алма бақ олардың да ұрпағына азық болары сөзсіз.

Назерке БАҚЫРАН
21 ақпан 2021 ж. 1 060 0