Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Теңіздің жұмбақ тұстары

Теңіздің жұмбақ тұстары

Ұлан-байтақ қазақ жерінің тарихқа толы алтын бесіктерінің бірі – Сыр өңірінің Арал аймағы. «Алаштың Анасы» атанған қасиетті Сырдың теңізге құяр сағасында ежелден орын теуіп, қаймағы бұзылмай ынтымақ-бірлігі жарасқан елдің басынан кешірген тағылымды тарихында небір өрлеу сәттері де, аумалы төкпелі уақыттар салған қиыншылықтары да көп болған. Бұл күндері тұтас бір аймаққа өмір сыйлаған теңіз айдыны барған сайын тартылып, экологиялық қасірет қаупінің беті қайтпай отырғаны жасырын емес. Оның зардабы аймақтық шеңберден шығып, ғаламдық сипат алып, бүкіл әлем жұртшылығын толғандырып отыр. Ұлы Жаратушының өз пенделеріне өмір нәрі ретінде сыйға тартқан ғажайып су қоймасының көптеген тылсым сырлары мен жұмбақты құпиялары біздерге әлі де болса беймәлім. Соған байланысты теңіз тағдыры түрліше пікірталастарға тақырып болуда. Әртүрлі дереккөздерінен түйген осындай дәлелді болжамдарды дәйекті деректермен салыстыра отырып оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Арал мен Каспийдің байланысы бар ма?
Арал теңізі жайлы мәліметтер адам баласына ерте кездерден-ақ мәлім болған. Ол туралы деректер ежелгі Антика, Византия, сондай-ақ ортағасырлық шығыс дерек көздерінде ұшырасады. Мәселен, тарихтың атасы саналатын Геродот Арал теңізін Каспий теңізімен байланыстырып, оны «Каспийдің сақ шығанағы» деп атаған. Зерттеушілер теңіздің  «Арал» атауының ХVІІ ғасырлардан бастап қана атала бастағанын айтса, оған дейін теңіздің «Хорезм көлі», «Көктеңіз», «Жент теңізі», «Кердері теңізі» деген сияқты ұзын саны 20-ға жуық атаулары болған.
Ғалымдардың пайымдауынша, кайназой, мезозой деп аталатын өте ерте дәуірлерде Арал мен Каспий теңіздері қосылып, су астында болғандығы жайлы болжамдар жасалған. Оған дәлел, Ақеспе қолтығынан мұхит түбінде өмір сүретін жәндіктердің қабыршақтарының, акуланың тісі мен киттің, ірі ұлулардың тасқа айналып кеткен сүйектерінің табылуы. Сондай-ақ Аралдан 50 шақырым жердегі Орта Қарақұм маңайындағы теңіз деңгейінен 21 метр биіктіктегі жерден де көптеген омыртқасыз жәндіктердің қалдықтары табылып, кезінде бұл аймақтардың түгелдей су ұлтанында жатқандығы белгілі болған.
Бұл жағдайлардың себебін ғұлама ғалым Әл Бируни Тұран аймағында бірнеше рет жер сілкіністері болып, өзендердің арналары ауысып, теңіз деңгейлерінің оқтын-оқтын өзгеріп отырғандығымен түсіндіреді. Сондай-ақ Арал мен Каспийдің жер асты байланысының бар екендігі өткен ғасырдың 20- жылдарында Кеңес және неміс ғалымдарының да назарын аударған. Бұл жөнінде Ырғыздағы Құрдым көлінен жіберілген жазуы бар бөтелкелердің (индикаторлардың) Каспий теңізінен шыққандығы жайлы деректер бар екендігін есітіп жүрміз. Бір замандарда Әмударияның Үзбой арқылы Каспий теңізіне, Торғай суының Арал теңізіне құйып жатқандығы жайлы да әңгімелерде негіз бар. Мәселен, Хиуа билеушісі Әбілғазының «Менің тарихым» деген қолжазбасында Шыңғыс хан заманында Әмударияның Каспийге бұрылған арнасының тек 1573 жылы ғана қайтадан Аралға құйыла бастағанын баяндаған. Сырдарияны жиектей отырған елге бір жарым ғасырдай озбырлық көрсеткен Қоқан-Хиуа билеушілерінің дарияны бас жағынан буып, өзен суын басқа арналарға бұрып жіберіп отырғандығы жайлы да деректер бар. Оған Қызылқұмды көктей өтіп жатқан Қуаңдария, Іңкәрдария, Жаңадария, тағы басқа көптеген су арнасы дәлел. Кейбір тарихшылардың пайымдауынша, өткен мың жылдық кезеңіндегі дәуірлеген сақ астанасы – Шірік-Рабат, Жанкент сияқты қалаларының жер бетінен жойылып кетуі шапқыншылық соғыстарға ұшырамай-ақ, өзен арналарының ауысуына байланысты құлазыған сусыз шөлді өлкеге айналуынан болған. Осы аталған жайларға болжам жасаған ғалымдардың пікірінше, Арал мен Каспий «егіз болғанмен, мінездері кереғар», яғни Аралда су көбейсе, Каспийде су шегінеді және керісінше. Арал айдынының бірде толысып, бірде тартылатын сипаттамасы Каспийге де тән деп пайымдайды ғалымдар. 1980 жылы Каспийді бүйірлей орналасып, үлкен аумақты алып жатқан Қарабұғаз тұзды көлінің қылтасы жабылып, теңізден ажырады. Көлдің тұзды суы төмен отырып, қалың  қабатты кристалға айналды. Осыған байланысты екі теңіздің жер асты байланысына қолдан кедергі жасалмады ма екен деген болжам туындайды.
Ал Арал теңізінің жан-жақты зерттелу жағдайына келетін болсақ, нақты ғылыми мәліметтердің жария болуы орыс ғалымдарының есімдерімен байланысты екендігін атап өткен жөн. 1627 жылы Москва мемлекетінің «Үлкен сызба кітабында» Арал алғаш рет «Көктеңіз» деген атпен картаға түсірілген. Оған себеп болған жағдай ұлан-байтақ қазақ жерін «Бүкіл Азия елдеріне шығатын қақпа мен кілт» деп есептеген Петр І патшаның Ресей империясының сыртқы саясатындағы стратегиялық мақсатынан келіп туындайды. Осыған байланысты Аралға деген қызығушылық артып, экспедициялар шығарылып, зерттеу жұмыстары белсенді түрде жүргізіле бастайды. Алғаш 1714 жылы Бекович-Черкасскийдің, одан кейін Кирилловтың экспедициялары ұйымдастырылды. Алайда теңіздің ең алғаш ғылыми тұрғыда зерттелуі орыс географ-ғалымы, контр-адмирал А.И.Бутаковтың (1816-1869 ж.ж.) есімімен тығыз байланысты. Ол 1848 жылы Орск (Жаманқала) қаласынан жасақталған экспедицияны басқарып, теңіз жағалауына жетіп Райым бекінісінің негізін қалайды, теңізде жүзетін «Константин» және «Николай» деген шхуна-кемелерді құрастырып, екі жылдай теңіз айдынын шарлап, жан-жақты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Мұнан басқа да Арал теңізінің зерттелу ісіне үлес қосқан Муравин, Мейндорф, Макшеев, Берг, тағы басқа сияқты ғалымдар болған. Осылайша Арал теңізінің гографиялық сипатттамасы жасалды, физикалық, геологиялық, картографиялық деректері қағазға түсірілді. Соның нәтижесінде, 1850 жылы Арал теңізі жөнінде толық мағлұмат жарық көрді. Бұл сол кездегі география ғылымына қосылған үлкен жаңалық ретінде бағаланған болатын.
Ғалымдардың жан-жақты зертеулерінің нәтижесінде Аралдың жер шарындағы басқа теңіздерден бірсыпыра ерекшеліктерінің де бар екендігі анықталған. Ол ерекшеліктер біріншіден, Арал дүниедегі ең суы мөлдір теңіз, басқа теңіздерде тереңдеген сайын оттегі азая беретін болса, Аралда керісінше көбейе береді екен. Екіншіден, Арал «кері ағысты» теңіз атанған, себебі солтүстік жарты шарда барлық денелер жердің айналу бағытының әсерімен оңға қарай қозғалады. Ал Арал бұл заңдылыққа «бағынбай» солға қарай иіріліп ағатын көрінеді, үшіншіден, Аралға Сыр мен Әму өзендері құйғанымен, сыртқа ағып шығатын салалары жоқ, әрі мұхитпен байланыспайды. Осы географиялық сипаттарына қарай оны «көл» деп есептейтін жағдайлар да болған.
Теңіз табанында жатқан тылсым тарих
Соңғы жылдары тарихшы археолог ғалымдарымыздың зерттеулері нәтижесінде қарт Аралдың кепкен табанынан көне өркениет іздерінің табылып, көпшілік қызығушылығын тудырып жүргені мәлім. Ондай деректер қасиетті өңірімізде түрлі табиғат зардаптарының, зұлматты оқиғалар мен соғыстар салдарынан уақыт тезіне шыдас бере алмай, құм астында көміліп қалған тарихи ескерткіштердің әлі де көп екендігін айғақтайды. Арал өңірінің көне тарихы жайлы мектеп оқулықтарында айтылғандай, ерте замандарда бұл аймақтарда алғашқы адамдардың қоныстану іздерінен бастап әртүрлі кезеңдердегі сақ- массагет, оғыз-селжұқ, қаңлы-қыпшақ сынды түркітектес халықтардың өмір сүріп, өркениетті мемлекеттер құрып, қалалар салып, дамыған шаруашылық, мәдениет сатыларына жеткендігін білеміз. Оған себеп болған жағдай Сырдың төменгі ағысы бойы қай кезде де халықтар миграциясының, адамдардың көшіп- қону жолы, көшпелі малшылық пен отырықшы егіншілік мәдениетінің тоғысқан жерлері болған. Сонымен қатар ықылым замандардан-ақ ірі сауда жолдарының бойларында орналасқандығы мүмкіндік берген. Орта ғасырлардағы Батыс пен Шығысты жалғастырған «Ұлы Жібек жолы» да осы өңірлердің үстінен өткендігі белгілі. Арал ауданы үстінен өтетін көне жолдың сілемдерін осы күндері де айқын аңғаруға болады. Жақсықылыштың Көкдомбақ жотасынан басталатын сауда жолдары одан әрі Тоқабай құмдарын көктей өтіп, Сырға құлайды. Тапа елді мекені орнындағы көне қалашықтан табылған қыш ыдыстар қалдықтары, ескі тиын ақшалардың табылуы бұл пікірлерді айғақтайды.
Арал теңізінің астында су басқан көне өркениет іздері болуы мүмкін деген болжамдар бұрындары да болған. Масиди деген араб саяхатшысы ХІІ ғасырларда «Үлкен көл жағасында оғыз-түрік халықтарының Жаңақала деген қаласы болды, көп мешіті бар, халқы отырықшылықпен айналысты. Ғайыптан көзден жоғалды» деп жазба қалдырған. Ғұлама ғалым Ә.Марғұлан Арал маңында 40-қа жуық қалалардың болған, оның 20-ға жуығы теңіз табанында жатыр десе, Хорезм экспедициясының жетекшісі Л.Левшина әуеден барлау жұмыстары кезінде теңіз астынан қала сұлбаларын байқаған. Кейінгі кездегі ізденістер нәтижесінде табылып, жарияланған деректерден де ғалымдардың айтқан пікірлерінің шындық ауылынан алыс емес екендігіне көз жеткізуге болады. Мәселен, соңғы кезде жарияланған Қытай жазбаларының бірінде  Арал маңындағы қаңлыларға бағынышты бес шағын мемлекеттің болғандығы баяндалады, иероглифтермен өрнектелген мәтіндерде сол елдің Янбота (Жанбота) деген ханзадасы ұзақ жол жүріп Хань патшасына тарту-таралғы апарғаны, сауда-саттық келісімдерін жасауға әрекеттенгендері жайлы айтылады. Қаңлылар қандай ел, жері қайда деген сұраққа 120 мың отбасы, 600 мың халық мекендеген, көптеген қалалары бар екендігі жайлы жауап берілген. Бұл деректер Арал теңізі – бастапқыда шағын көлдерден түзіліп, олардың арасында көптеген қалалар өмір сүріп, халықтар мекен еткен деген зерттеушілердің соңғы кездердегі айтып жүрген пікірлерінің шындыққа жанасатынын дәлелдейді.
Ал 2001 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, археолог ғалым, жерлесіміз Тәңірберген Мәмиев бастаған экспедициялық топтың Қаратерең ауылынан 75 шақырым жердегі теңіздің құрғаған табанынан екі бірдей кесене мен қалашық орнын табуы – шын мәнінде отандық тарихымызға, әсіресе, тарих, археология ғылымындағы үлкен сенсациялық жаңалық деп бағаланды. «Кердері кесенесі» деп шартты түрде атау берілген, тарихи-мәдени нысанда жасалған барлау, зерттеу жұмыстарының нәтижелері теңіз табанында ортағасырлық өркениет ошағы болғандығын айқын дәлелдейді. Зерттеу барысында биіктігі 1,6 метр, ені мен ұзындығы 30х42 метр көлеміндегі мавзолей қирандысы, оның глазурмен әшекейленген, керамикалық шағын кірпіштермен өрілген күмбезді құрылыс қалдықтарының сұлбасы анықталған. Ескерткіш маңындағы қалашық орнынан тас қайрақтар, түрлі оюлы плиталар жапсырмалары, кірпіш цехының орны, ірі диірмендер мен астық сақтайтын ыдыстар, шырағдандар мен мыс тиындар табылған. Бейіттерге жерленген адам сүйектері белгілі болған.
Теңіз табанында жатқан өркениет іздерін зерттеу жұмыстарын жүргізу мұнан кейін де жалғасын тапты. 2005-2009 жылдары Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары /жетекшісі К.Байпақов/ Арал – Асар І, ІІ қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, ескерткіштің топографиялық картасын әзірлеп, маңызды мәліметтер беретін зерделеу жұмыстарын жүргізді.  Ең бастысы, Алтын Орда дәуіріне жатқызылған көне қалашықтың тосын бүліншілікке ұшырамай, су апатынан болуы мүмкін екендігін айтады зерттеушілер, өйткені қала тұрғындарының асығыс көшкен белгілері байқалады. Әрі олардың отырықшылық өмір салтын ұстанып, егіншілікпен айналысқандығына ирригациялық каналдар іздерінің болғандығы, диірмендер мен астық сақтайтын қойма, ыдыстардың көптеп табылуы айғақ болған. Бұл, әрине, осы кезге дейін анық-қанығы ашылмай отырған көптеген жайларды алға тартады. Бұл сенсациялық жаңалық жөнінде ғалымдар әзірше нақтылы пікірлерін айта қойған жоқ. Алдағы уақытта «Арал Атлантидасы» деп айтылып, үлкен қызығушылық тудырып отырған бұл жұмбақтың жауабын теңіз табанынан табылған жәдігерлерді археологиялық, тарихи, этнографиялық және географиялық тұрғыда зерделеген ғалымдарымыздың айтатын күні де алыс емес демекпіз.
Тартылған теңіз қайта тола ма?
Бүкіл әлем жұртшылығының назарын өзіне аударған Арал теңізінің тағдыры жер жүзі ғалымдарының түрліше болжамдар айтуына негіз қалауда. Оған түрткі болған негізгі себеп – теңіздің тартылуы және ол процестің жылдан жылға жалғасып үлкен экологиялық апат тудыру қаупінде болып отырғандығы. Ал теңіздің жер бетінен жойылып кетуі – тек осы аймақты қамтитын ғана емес, бүкіл жер шары экожүйесінің бұзылуына соқтырып, өлшеусіз зардаптар әкелетін қасіретті құбылыс екендігінде. Бұл мәселе жөніндегі Аралды зерттеп жүрген ғалымдардың пікірлеріне құлақ түрсек, Э.В.Эверсман, И.А. Северцев деген белгілі ғалымдар өздерінің көп жылғы зерттеулерінің нәтижесінде теңіздің араға біршама жылдар салып өз арнасын өзгертіп отыратындығына байланысты «теңіздің құрғау» теориясын ұсынады. Соған сәйкес профессор Ю.В. Новиков деген зоолог-ғалымның пікірінше, Арал теңізі жаралғалы бері әлденеше рет жер бетінен жойылып, соншама рет қайта толысып, өз қалпына келіп отырған. Әрі бұл трансгрессия (теңіз суының ең жоғарғы деңгейге көтерілуі) мен регрессия (төмендеуі) құбылысының араға шамамен 180-200 жыл салып, циклды түрде қайталанып отырғанын дәлелдейді. Су – өмір нәрі. Теңіз жағалай қоныс тепкен халықтардың тағдыры қай кезде де теңізбен тамырлас екендігі белгілі. Сондықтан айтылған пікірлердің шындыққа қалай жанасатынына көз жеткізу үшін Арал маңы тұрғындарының арғы-бергі тарихына үңілуді жөн көргенбіз. Қолымызға түскен әртүрлі дерек көздерінен жинақталған мәліметтер не дейді? Соған тоқталайық.
Айталық, ата тарих дәйектеріне сүйенсек, көзіміздің анық жететіні Шыңғыс ханның қазақ жеріне жасаған жаулаушылық жорықтары қарсаңында, яғни ХІІІ ғасырдың ар жақ, бер жағында Арал теңізінің орнында құрлық болғандығы. Бұл туралы тарихшы Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағы»  кітабында ұлы қағанның Хорезм мемлекетін бағындырар алдында Арал маңында жайлаған елді тізе бүктіретіні жайлы жазылған. Сол кезде моңғолдардың қыпшақтардың бас қаласы Қарақорым деген қаланы шапқандығы жайлы мәліметтер келтірілген. Алайда бұл аталған қаланың дерегін ғалымдар әлі күнге дейін анықтай алмай келеді (Б.Кәрібаев «Қазақ хандығының құрылуы». А.2014 ж. 187-бет). Бір таңғаларлығы, ХІІІ ғасырда қазақ жерінде болып, артында құнды жазбалар жазып қалдырған Плано Карпини, Рубрук, Асцелин, Марко Поло сияқты Еуропа саяхатшыларының еңбектерінде Арал теңізі жайлы мағлұматтар берілмейді. Бұл жөнінде ғұлама ғалым Ә.Қоңыратбаевтың «орта ғасырлар дәуірінде Сыр бойында үлкен өркениет орталығы, онда 40-қа жуық қалалар болған, олардың 20-ға жуығы теңіз астында қалған» деген пікірі бар. Біздің пікірімізше, жоғарыда аталып өткен теңіз табанынан табылып отырған Асар – І,ІІ қалашықтардың өмір сүрген уақыты да осы кезеңдерге сәйкес келетін сияқты, ол жайлы ғалымдарымыздың айтқан пікірлері де соны қуаттайды. Сондықтан теңіз табанында жоғалған Қарақорым қаласының ізін Қаратерең маңайындағы құм бұйраттары астынан іздеген жөн сияқты дейміз. Осы оқиғалардан кейін арада 80-100 жылдай уақыт өткенде теңіз суы қайта толығып, өз орнына келген сыңайлы. Алайда ХV ғасырдың бас кезіндегі бізге мәлім болған деректер басқаша дәйектерді алға тартады. Оған дәлел араб саяхатшысы Хафизи Абрудың 1417 жылғы жазбаларында:  «Хорезм көлінде су жоқ, Джейхун өзені жаңа жол тапты. Енді ол Иорелды өзені арқылы құяды» деген жолдар айғақтайды. Бұл деректер шамасы Хиуа билеушісі Әбілғазының тарихи баянындағы Әмір Темірдің Үргеніш халқының өзіне мойынсұнбағанына ерегісіп, Әмударияны сағадан буып, өзен суын басқа арнамен Каспийге қарай ағызып жібергендігі жайлы айтылатын әңгімелермен сәйкес келетінін көрсетеді. Яғни теңіз суының деңгейінің ауытқуы табиғат құбылыстарының себебінен ғана емес, адам қолымен жасалған іс-әрекеттерге де байланысты болуы мүмкін деген ой туындатады.
Арал теңізі деңгейінің бұдан кейінгі төмендеу үрдісі ХІХ ғасырдың 20- жылдарынан басталып 60 жылға созылған. Тек арада 88 жыл өткенде ғана теңіз суы қайтадан көтеріліп қалпына келген, дейді ғалымдар. Бұл жолғы мәліметтерді теңізге жүйелі бақылау орнатып, нивелировка жасап зерттеген ғалымдардың өздері анықтаған. Мәселен, Л.С.Берг деген ғалым "1870-1880 жылдары Қамыстыбас көлінің әбден тұзданып, ішуге жарамай қалуына байланысты бұл жердің тұрғындары көл жағасынан  басқа жақтарға көшіп, ел қалмаған" деген жазбалар қалдырған. Бұл тосын құбылысты Н.А.Северцев та қуаттайды, ол 1875 жылы араға 17 жыл салып, Аралға екінші рет келгенде теңіз деңгейінің қатерлі деңгейде төмендеп кеткенін өз көзімен көргенін суреттеген. Оның байқауынша, теңіз қолтығындағы түбектер мен аралдар құрлыққа, шығанақтар майда көлдерге айналған. Содан кейін  Аралдың суы тек 1910 жылдары ғана өз қалпына келген. («Әлем таныған Арал» жинақ. А.2013 ж.)
Теңіз суының соңғы рет тартыла бастауы 1960 жылдың екінші жартысынан басталып, міне, 60 жылға жуық уақытқа созылып келеді. 1980 жылдардың басында Сырдария өзенінің теңізге су құюы күрт азайды, Әмудария да өте аз мөлшерде су құйып келеді. Нәтижесін қарасақ, 1928 жылғы мәлімет бойынша теңіз айдыны 70, 430 шаршы шақырым болып, Каспий теңізінен 74 метр биіктікте жатса, су көлемінің азаюына байланысты теңіз деңгейі 13 метрге төмендеген. Су айдынының аумағы 26 мың шаршы шақырым деңгейге дейін түсіп, жағалауы 100 шақырымға дейін қашықтаған. Арал теңізінің табиғат апатын қалай басынан кешірін отырғаны жайлы АҚШ-тың Толедо университетінің ғалымдары да айрықша көңіл бөліп, зерттеулер жүргізген. NASA-ның 30 жыл бойы ғарыштан жасалған зерттеулері теңіз суының құрдымға кету процесін есептегенде жылына 12-14 текше км су жоғалтып отырғандығын анықтаған, оның себептерін ашуға тырысқан. 1989 жылы су деңгейінің едәуір көлемде төмендеуі салдарынан теңіз екіге бөлінді. Оның солтүстік жағы – Кіші теңіз, оңтүстік жағы – Үлкен теңіз аталды. Теңіз деңгейінің осыншалықты деңгейде төмендеуіне, теңіз суының тұздылығының көбеюіне, соған сәйкес балықтардың тіршілік етуі мен өсіп-өркендеуіне қолайсыз жағдай туындауына байланысты шаруашылық маңызының жойылуына әкеп соқтырған жағдайлар орын алды. Арал өңірінің шөлейтттенген аймаққа айналу қаупі туындап, «экологиялық апат аймағы» деп танылған теңізбен іргелес аудан тұрғындарының басқа жерлерге қоныс аудару үрдісі белең ала бастады. Осы  жоғарыда айтылған табиғи құбылыстың заңдылығына сүйене отырып қарасақ, зерттеушілертеңіздің көтеріле бастауы 2030 жылы, Аралдың қалпына келуі 2045-2050 жылдары болуға тиісті деген болжам айтады.
Тылсымға толы Арал жұмбақтары
Арал теңізі өзінің таңғажайып жұмбақ сырларымен де ғалымдардың назарын аударып, әлемді таңғалдырып отыр. Оның тылсым құбылыстары жайлы баспасөз беттерінде жария болып, әлеуметтік желілерде қызу талқылану үстінде. Мәселен, Б.А.Смердов деген гидролог-зерттеушінің «Следы на дне Арала» деп аталатын жазбалары «Наука Казахстана» журналының 1996 жылдың соңында жарық көріп, әлем ғалымдарының қызығушылығын тудырған. Онда 1990 жылы Арал теңізінің кепкен табаны үстінен әуеден суретке түсіру барысында көптеген тосын құбылыстардың бар екендігі белгілі болған. Зерттеушілер теңіз ұлтанында бір бағытқа тартылған ірі геометриялық сызбаларды көріп, таң-тамаша болған. Айрықша қарауытып көрінетін сызбалардың жыртылған егіс атызы сияқты сұлбалары анық байқалған. Сызбалардың ені 1-2 метрге, тереңдігі 30-40 см, ұзындығы 1300-1900 метрге жеткен, әрі олардың стрелка түріндегі ұштары бір жаққа қарай бағытталған, бір-бірімен ұқсас екендігімен ерекшеленген. Ғалымдардың пікірінше, мұндай ірі геометриялық дәл өлшенген сызбаларды адам қолымен, қазіргі техника жетістіктерімен жасау мүмкін емес. Сонда бұл жұмбақ белгілердің сыры неде болуы мүмкін? Ежелгі өркениет иелерінен қалған белгілер ме? Әлде әлемдік топан су әлеметінен қалған іздер ме? Ғалымдардың пайымдауынша, геоглифтер деп аталатын мұндай көлемді сызба белгілер әлемнің әр жерінде бұрыннан да бар екендігі белгілі болған. Мәселен, Перу елінде, Наска жазығында осындай алып сызықтар анықталған. Соңғы кездерде Қазақстан жерінде де Торғай иініндегі елсіз жазық даласында табылғаны жайлы баспасөзде жарияланды. Ал ғалымдарымыз мұндай үлкен сызықтарды қанша зерттегенмен, әзірше оның құпия сырларын анықтай алмай отыр.
Тартылған теңіздің табанын зерттеу барысында мұнан да басқа жұмбағы мол құбылыстардың бар екендігі айтылып жүр. Мысалы, Ақбеткей деген теңіз қолтығында теңіз тартылған кезде ұсақ аралдардан архипелаг түзіліп, оларда түрлі лабиринт қуыс үңгірлердің пайда болғандығы анықталған. 1970 жыл бұл жерлерде болған экспедиция  мүшелері бір ай адасып, жол тауып шыға алмаған көрінеді. Сондай-ақ есте жоқ ерте замандарда Ақбастыға таяу Қаражиде деген жерде жалғыз көзді дәулер (циклоптар) мекендеген деген болжам бар. Оған ұзындығы 10-12 метр болатын жерлеу орындарының бар екендігі дәлел болған. Бұл айта салынған аңыз-әпсана емес, ол туралы Аралдың атақты зерттеушісі Лев Бергтің өзі айтып кеткен. Зерттеушілер Барсакелмес аралы маңында сағат тілінің уақыт өлшемін бірде озып не кешігіп кететін жағдайларын анықтаған көрінеді. Сондай-ақ көне көздердің айтуынша, теңіздің бар кезінде тып-тыныш тұрған теңізде аяқ астынан шуыл пайда болып, ысқырған дыбыс шығып, күшті құйын көтеріліп, алып  жалқы толқынның пайда болып, жағаға ұрып астаң-кестеңін шығаратын болған. Бұл жайында белгілі ғалым, филолог Ж.Сәдуақасұлының естелігіндегі көзімен көрген тосын құбылыстарды оқып көрсек: «Бала кезде сыры ашылмай, көптен бері көкіректе тұнып қалған құпияның бірі – жылына бір, кейде екі рет соғатын «жынды толқын» аталатын құбылыс. Бірде күн көкжиекке батып, жылымшылар енді орындарынан тұра бергенде алыстан бір гүріл естілгендей болды. Бәріміз де елең ете қалдық. Әуелгіде самолеттің дауысы ма деп қалған едік, дауыс біртіндеп күшейе түсті де, оған құлаққа жағымсыз шуыл қосылды. Далаға атып шыққан бригадирдің:  «Жалғыз толқын келе жатыр, биікке қашыңдар» деген үрейлі дауысы шықты. Бәріміз далаға ұмтылып, биік төбелерге өрмелей жөнелдік. Бір кезде құдай басқа салмасын, менің бала көзіме солай көрінді ме, білмеймін, биіктігі осы күнгі бес қабат үйден кем емес бір ақ бас алып толқын сол гүрілдеген, шуылдаған күйі жағадағы төбелерге соға-моға жолындағылардың  бәрін жалмап өтіп, Аралдың тынық бетіне өттті де кетті... Таңертең қарасақ, жылым тиеген қайығымыз бір төбенің басына шығып қалыпты, қосымыздың қадалары тұр. Ішіндегі ыдыс-аяқ, төсек-орындардың жұрнақтары ғана қалыпты. Сөйтсек, мұндай жағдай бұрында бірнеше рет болған көрінеді ...». Бұл құбылыстың сыры не болды екен? Теңіздің батыс бетіндегі құпия аралда жасалған жарылыс-сынақтардың әсері ме, әлде теңіз табиғатының ашылмаған бір жұмбағы ма? («Сыр бойы», №140. 22 қыркүйек, 2018 ж.). Ал ғалымдар айтса мұндай «цунами» деп аталатын құбылыс мұхиттарда жер астындағы күшті сілкіністер кезінде ғана тіркелетін көрінеді.
Аралды жоғалтуға болмайды
Арал теңізін қалпына келтіру, қалыпты экожүйесін сақтау жөнінде сан түрлі болжамдар мен жобалардың да болғандығы белгілі. Соның ішінде Сібір өзендерін Қазақстанға бұру, Каспий теңізінен жасанды канал тарту сияқты жобалар уақыт тезінен өте алмады. Тіпті табиғаттың берген ғажайып су қоймасын сақтап қалудың мүмкіндігіне дәрменсіздік танытып Арал халқын басқа өңірлерге көшіру жөнінде де әңгіме қозғалғаны есімізде. Сол кезде емес пе, Ш.Мұртаза ағамыздың үлкен мінбеде: «Ол жақта да бір қауым ел бар ғой. Сол елдің кіндік қаны тамған топырағы, ата-бабаларының жатқан жері емес пе? Бабаларының бейіттерін тастап, қалай келеді» деп қаһарлана сөйлеп, жанашырлық білдіргені.
Тек еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста ғана Арал мәселесіне баса назар аударылды. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауы мен күш-жігерінің арқасында Арал мәселесіне халықаралық қауымдастықтың назары аударылды. Солтүстік Аралды сақтап қалу жобасы өмірге келіп, ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде Кіші Аралдың қайта қалпына келуіне, Арал аймағындағы экологиялық ахуалдың едәуір түзелуіне бетбұрыс жасалып, соны серпін әкелді. Арал халқы алдағы уақытта да «ғасыр жобасы» атанған бұл жобаның өз жалғасын тауып, атқарылған жұмыстың аяғына дейін жүргізілуіне үлкен үміт артады.
Қорыта айтарымыз, Арал теңізінің өздігінен реттеліп толысуы жайлы табиғат-ананың соңғы сөзін әлі де айта қоймағанын есте ұстасақ та, адамзаттың өз қолымен жасалған кемшіліктерін өзі түзеп, оң өзгерістерді жасауға тиісті екендігін ұмытпауымыз керек. Өйткені, Арал тағдыры – адам тағдыры, ел тағдыры. Осыны ұмытпайық!

Үргенішбай ҚУАТ,
білім беру саласының ардагері, өлкетанушы
25 наурыз 2021 ж. 2 517 0