Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық музыка өнерінің негізін салушы

Ұлттық музыка өнерінің негізін салушы

Қазақтың ұлттық өнерін жаңа заманауи талапқа сай жаңғыртқан, қазақ музыкасын зерттеуші ғалым, композитор, қазақтың тұңғыш дирижері, Қазақстанның халық әртісі, ұстаз, академик атанған Ахмет Қуанұлы Жұбановтың шығармашылығы мен еңбегі халық жадында. Биыл Ахмет Жұбановтың 115 жылдығы. Осыған орай ел есінде сақталған дара тұлғаның өмірі мен шығармашылық жолына тоқталғанды жөн көрдік.Ахмет Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысы Темір ауданында дүниеге келген. Өнерге деген құштарлығы ерте оянған Ахмет алты жасынан домбыраның құлағында ойнай бастайды. Жеті жасында Уркачевск ауылындағы екіжылдық училищеге оқуға қабылданады.Өнердегі тұңғыш ұстазы Құсайын Әжіғалиевтен домбыра, мандолина, балалайка, скрипка сияқты аспаптарда ойнауға машықтанады. Ұстазы Ахметтің музыкаға деген ұмтылысын арттырады. Оның қаршадайынан татқан рухани азығы ұлттық өнер еді, оны көзін ашқаннан ұлттық өнер мұхиты нәрлендірді.
1919 жылы Ахметтің әкесі Қуан ауыр науқастан дүниеден өтеді. Содан кейін он үш жасар Ахмет оқудан қол үзуге мәжбүр болады. Келесі жылы әкеден қалған аз ғана мал жұтап, үй ішінің бар ауыртпалығы жас балаға түседі.
Алғашында хатшы, меңгеруші болып еңбек етеді. 1925 жылы Ақтөбе қаласындағы курсты тәмамдаған соң, Ақжар мектебінде мұғалім болады. 1928 жылы Ақтөбеге оқуға келіп, мұнда Варшава консерваториясын бітірген Н.Чернюк деген скрипкашымен танысып, музыкалық сауатын ашып, скрипкадан дәріс алады. 1929 жылы ағасы Құдайбергенмен Ленинградқа оқуға келіп, музыка техникумының скрипка класына қабылданады. Алайда, оқу ақылы болғандықтан, техникумды тастауға мәжбүр болады. Көп кешікпей консерваторияда профессор Ф.А.Ниманның гобой класында оқуын бастайды. 1931 жылы А.Жұбанов елге келіп, 50 шақты ән мен күй жазады. Осы жылы қазақ тілінде алғашқы «Музыка сауатының әліппесі» атты кітапшасы жарыққа шығады. 1932 жылы консерваторияны бітіріп, Өнертану институтының аспирантурасына түседі. 1933 жылдың ақпанында Алматыдағы жаңа ашылған музыкалық драма техникумына жұмысқа қабылданады. 1934 жылы қазақ халық аспаптары оркестрін құрады. 1935-1945 жылдар арасында осы оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері болады. Жұбанов өзі құрған оркестрге Құрманғазының атын береді. Осы кезден бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ол қазақтың музыкалық мәдениеті жолында қызмет етті.
"Менің туып-өскен үйім – домбыра, ән, күй, жыр. Көркем әңгімені кәрі-жасына дейін қадірлейтін осындай ауылда өскен мен бес жасымда хат танып, домбыра тартып, өлең айтып, тақпақ жаттайтынмын. Ауылдың қақ ортасында суы мол үлкен құдық болатын, кешке қарай салқын түскен соң ауыл адамдары құдықтың басына жиналушы еді. Ән, күй, жыр тыңдап, ақындар айтысын тамашалайтынмын. Әсіресе, күйге деген ықыласым ерекше-тұғын. Күй тартпайтын кәрі-жас, әйел, еркекті кездестірмейтінбіз", – дейді естелігінде Жұбанов.
1936, 1949 жылдары Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші және екінші онкүндігінде Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі үлкен абыройға ие болады. 1945-1951 жылдары Алматы консерваториясының ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер мен аспаптану пәнінен сабақ береді.
"Ол – тумысынан ерекше туындыгер, ерекше композитор. Оның барлық музыкасы өміршең. Оның композиторлық таланты опералық шығармаларды шығаруда кеңінен ашылды деуге болады", – деп еске алады Ахмет Жұбановтың шөбересі, дирижер Алан Бөрібаев.
А.Жұбановтың қазақ мәдениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. 1938 жылдан бастап Ахмет Жұбанов композиторлық жұмыспен айналыса бастайды. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің "Қозы-Көрпеш – Баян сұлу" драмасына, Мұхтар Әуезовтің "Абай" спектакліне, "Амангелді" кинофильміне музыка жазды. Камералық шығармалардың ішінде "Қазақтың жеті биі", "Тәжіктің он биі" сияқты фортепианоға арналған, "Ария", "Көктем", Жезкиік", "Романс" сияқты қобызға арналған шығармаларының қазақ өнерінде алатын орны ерекше.
Республикадағы музыкатану ілімінің негізін қалаған А.Жұбанов өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарында қазақ халық композиторлық-орындаушылық мектебінің үздік өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеді. Кезінде белгілі өнертанушы Б.Ғизатов "А.Жұбановтың “Ғасырлар пернесі” мен “Замана бұлбұлдары” атты монографиялық туындысы қазақ музыкасына қойылған үлкен ескерткіш іспеттес” деп пікір білдірген.
Өнер зерттеуші З.Қоспақов “Құрманғазы және оның өмірін зерттеудегі А.Жұбановтың қызметі” атты мақаласында: “Көркем әдебиетте Абай бейнесін сомдаған М.Әуезов болса, ұлы домбырашы, күйші Құрманғазының музыкалық тұлғасын жасаған қазақ өнерінің көшбастаушысы, академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов болды. …Құрманғазыны айтқанда, аузымызға Ахмет Жұбанов есімі қатар оралатындығы да сондықтан” дейді.
Ахмет Жұбанов 1936 жылы "Халық композиторлары. Құрманғазы", 1942 жылы "Қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы" атты кітаптарын жазды. Оның композиторлық шығармаларының көрнектілері Латиф Хамидимен бірлесіп жазған "Абай" және "Төлеген Тоқтаров" опералары, қызы Ғазиза Жұбанова аяқтаған "Құрманғазы"операсы. Ол "Замана бұлбұлы" атты кітабы үшін Қазақ ССР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды. Бар саналы ғұмырын музыкаға арнаған академик Ахмет Жұбанов 1968 жылы 30 мамырда Алматыда 62 жасында дүниеден өтті.
Жалпы, Жұбановтар әулеті дарын қонған, тектілік қасиеті бар ұрпақ. Оған Ахмет Жұбановтың өнер саласындағы бірінші академик болғаны, бауыры Құдайбергеннің қазақ тіл білімі саласын зерттеген профессор екендігі айқын дәлел. Ол бес бала тәрбиелеп өсірген аяулы әке. Екі қызы өзінің жолын қуды: Ғазиза – композитор, Роза – пианист, педагог. Екі ұлы Болат пен Қайыр химия саласын таңдады. Кіші қызы Ажар – биохимик. Ата жолын қуған немере-шөберелері де баршылық. Қызы Ғазиза Жұбанова қазақ әйелдерінің ішінен шыққан бірінші кәсіби композитор, жиені Алан Бөрібаев дарынды дирижер. Құдайберген Жұбанов – қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, педагог, түркітанушы болса, оның ұлы Асқар Жұбанов өмірін математикалық лингвистикаға арнаған ғалым.
"Музыка – адамзаттың әмбебап тілі" деп америкалық ақын Генри Лонгфелло айтқандай, қазақ музыкасының ұлы тұлғасы – Ахмет Жұбановтың халық жадында сақталған музыкалық мұралары дала абыздарының жолын жалғастырушы келешекпен байланысып жатыр. Бар білімі мен ақыл-ойын, күш-жігерін қазақ кәсіби музыка өнерінің дамуына сарп еткен шынайы талант иесінің туындылары келер ұрпағымен бірге жасай береді. Бүкіл сапалы әрі саналы ғұмырын туған халқының болашағына арнаған академик Ахмет Жұбановтың бастамалары тәуелсіз еліміздің игілігіне қызмет етуде.
Дайындаған К.КӨЗДІБАЕВА
10 сәуір 2021 ж. 1 476 0