Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ахмет Байтұрсынұлының нақты туған күні қашан?

Ахмет Байтұрсынұлының нақты туған күні қашан?

Ұлттың ұстазы, ақын, әдебиет зерттеуші, ғалым, түркітанушы, публицист, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне қатысты деректер интернет беттерінде әр түрлі көрсетіледі. "Уикипедия" ашық энциклопедиясында тұлғаның туған күнін 1972 жылдың 5 қыркүйегі деп жазса, мектеп оқулықтарына 1873 жылдың 28 қаңтарында дүниеге келді деп көрсеткен. Міржақып Дулатұлы 1922 жылы Орынборда орыс тілінде жарық көрген "Ахмет Байтурсунович Байтурсунов" атты биографиялық очеркінде "Ахмет Байтурсунович родился 28 (15) января" деген дерек береді. Академик Рымғали Нұрғали "Ахаң 1873 жылы, 18 январьда дүниеге келген" деп жазады. Шындық көп, ал ақиқаты қайсы? Сұраққа жауап алмаққа massaget.kz тілшісі Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйіне арнайы барды. Мекеме директоры Имаханбетова Райхан Сақыбекқызы бұл сұраққа нақты дәлелдер келтіріп жауап берді.

– Ахмет Байтұрсынұлының нақты туған күні – 1872 жылдың 5-қыркүйегі. Дәл осы күні ол Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сарытүбек елді мекенінде дүниеге келген. Тұлғаның туған мерзімін "5-қыркүйек, 1872 жыл" деп, нақтылауымызға негіз болып отырған, ғұламаның 1929 жылы өз қолымен орыс тілінде жазған "Өмірдерегі" (Жизнеописание) және әр жылдары мемлекеттік мекемелердегі ресми сауалнамаларға берген нақты жауаптары.
►  Бірінші дерек: Орынбор Мұғалімдер мектебін бітіргені туралы куәлікте, туған мерзімі "5 қыркүйек, 1872" деп көрсетілген.
►  Екінші дерек: Ахметтің «Анама хат» атты өлеңі де ол кісінің "1872 жылы" дүниеге келгеніне дәлел бола алады. Енді осы айғақтарға тоқталып, талдап таратсақ. Мәселен, Семей түрмесінен анасына жолдаған өлеңіндегі: "...Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам" деген жолдар, әулет басына түскен "1885 жылғы оқиғаны" меңзеп отыр. Мұрағат деректеріне сүйенсек, бұл Ахметтің әкесі Байтұрсын, үлкен әкесі Ақтастың бiрнеше ағайын-туғандарымен қоса, "25 жылға итжеккенге жер аударылатын тұсы". Демек, осы 1885-тен бала Ахметтің 13 жасын шегерсек, туған жылы 1872 жыл болып шығады. Бұл – екі.
► Үшінші дерек: Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, 81-қоры, 1-тізбесі, 1652-ісі, 6-парағында (бұдан әрі – ҚР ОММ) Ресей коммунистік партиясының "Жауапты қызметкерлерге арналған" 20 сұрақтан тұратын сауалнамасының туған жылы деген тұсына: "1872, 49 жас" деп жазған, құжат 1921 жылы толтырылған. Бұл – үш.
►  Төртінші дерек: ҚР ОММ, 5-қор, 18-тізбе, 158-істің, 1-ші парағындағы "Сайлауға түсу сауалнамасы", 1921 жылдың 11-қазанында толтырылған. Сауалнама 29 сұрақтан тұрады, осында жасы деген тұсқа "49" деп көрсетеді. 1921-ден 49-ды шегерсек, 1872 жыл шығады. Бұл – төрт.
  ►  Бесінші дерек: 81-қордың 11, 12-парақтарында "Қызметкерлерге арналған" 42 сұрақты сауалнаманың 2-сұрағына: "1872 ж., 5/ІХ., Торғай тумасы" десе, отбасы туралы 9-сұраққа: "Әйелім: Бадрисафа – 46 жаста, Балаларым: Қазихан – 14 жаста, Аумат – 7 жаста, Шолпан – 5 жаста, ағаларым Қали, Кәкіш, інім Мәшен – Торғай уезінен, қарындасым Зиляш – Қостанай уезінде" деген дерек береді. Сауалнаманы 1923 жылы Орынборда Халық ағарту институтында қызмет істеген тұста толтырған. Бұл – бес.

Алтыншы дерек: А.Байтұрсынұлының отбасы туралы жазылған мәліметтерге үлкен ден қойғанымыз абзал. Өйткені, жазушы Дүкенбай Досжанов "Абақты" (1992) атты кітабында: "Туған жылы әр түрлі – 1870, 1872, 1873 айтылып жүр, дұрысы: 1873 жылы 28 қаңтарда туған, қалғанын қаперге алмау керек" дейді. Сосын, Ахметтің заңды мұрагерлері жайлы да теріс түйін жасайды. Қазақтың нағашы мен жиен арасындағы туыстықтың ара-жігін ажыратып алмай, кіндігінен ұрпақ көрмеген Ахметке қолдан мұрагер жасаудағы мақсаты өзіне ғана аян, қазақтың "аға өлсе, іні – мұра, іні өлсе, аға – мұра" дейтін аталы сөзін қаперге алмауы түсініксіз... Ахметтің үлкен ағасы Қалидан, інісі Мәшеннен туған ер баладан Алматы, Қостанай қаласында тұратын ұрпақтары баршылық. Ал, ортаншы ағасы Кәкіштің ұлдары Қазихан мен Ауматты Ахмет 1929 жылы "халық жауы" деп ұсталып, түрмеде отырғанда елдегі "шаш ал десе, бас алатын" шолақ белсенділер өлтірткен.
Әулеттің қыз балаларынан туған жиендер де жетерлік. Олардың өзіндік орны бар, бірақ жазушының дерегіне еліккен кейбір жиендері қос текті (фамилия) алып, күлкілі жағдайға ұшыраған жағдайды да көрдік...
Құжатқа қайта оралсақ, осы қордың 1-парағында "Ағарту ісі жөніндегі халық комиссариатының қызметтік тізім" сауалнамасының "қашан, қайда туған" деген сұрағына: "5 қыркүйек, 1872 жылы, Ақтөбе губерниясы, Торғай уезі, Тосын болысы, 5-ауыл" деп көрсеткен. Құжаттың толтырылған уақыты көрсетілмеген, бірақ, "1924 жылдан қазіргі күні – Халық ағарту комитеті ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесімін" деп жазғанын негізге алсақ, құжат – 1925 жылы толтырылған. Бұл – алты.
►  Жетінші дерек: Аталған қордың 52-парағында "Халыққа білім беру институтының оқытушылары мен қызметкерлеріне" арналған сауалнамада да туған мезгілін "5 қыркүйек, 1872 жылы" дейді. Ресми құжат 1925 жылдың 17-қарашасында рәсімделген. Отбасы мүшелеріне жұбайы Бадрисафа, балалары Аумат, Шолпанды жазған. Бұл – жеті.
►  Сегізінші дерек: 1921–1922 жылдары Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы болып қызмет істеген кезінде 1-Қазақ съезі жұмыскерлері сауалнамасының 9 сұрағының "жасы" деген тұсына – 50 дейді. Бұл – сегіз.
  ►  Тоғызыншы дерек: Академцентрдің тұңғыш төрағасы болған, Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалаған тұлға төл туған күніне келгенде жаңсақ жазуы мүмкін деу күпіршілік емес пе?! Ғұламаның 1929 жылы 57 жасында саналы түрде өз өмірін хронологиялық жолмен баяндаған "Өмірдерек" атты ресми іс-қағазындағы: "Менің туған жылым "мешін" (1872)" деп басталатын мәліметін ескермеу ахметтануға жасалған көпе-көрнеу қиянат қой. Бұл – тоғыз.
04 қыркүйек 2019 ж. 2 018 0