Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық спорт – ұлттық рух пен денсаулық негізі

Ұлттық спорт – ұлттық рух пен денсаулық негізі

№292 «Келешек» мектебінде жас ұрпаққа ұлттық спорттың маңызын түсіндіру, дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Ұлттық спорт – ұлттық рух пен денсаулық негізі» тақырыбында шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Шара барысында оқушылар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық спорт түрлерінің тарихы мен ерекшеліктері туралы мағлұмат алды. Ұлттық ойындардың тек көңіл көтеру құралы емес, жас ұрпақты шымырлыққа, ептілікке, батылдыққа, төзімділікке және өзара сыйластыққа тәрбиелейтін маңызды құрал екені айтылды.
Шеберлік сағатының практикалық бөлімінде оқушылар ұлттық спорт элементтерін өздері орындап, түрлі жаттығуларға белсене қатысты. Қатысушылардың қимыл-қозғалысы, шапшаңдығы мен ептілігін арттыруға бағытталған тапсырмалар беріліп, ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні тәжірибе жүзінде көрсетілді. Оқушылар үшін бұл бөлім ерекше қызығушылық тудырып, олар өзара белсенділік таныта білді.

Ұлттық спорттың ерекшелігі – оның дене дайындығымен қатар, адамның бойындағы мінез-құлық қасиеттерін де қалыптастыруында. Жарыс кезінде бір-біріне қолдау көрсету, ережені сақтау, қарсыласын құрметтеу, жеңіске ұмтылу және жеңілісті дұрыс қабылдау сияқты қасиеттер жасөспірімнің тұлғалық дамуына оң әсер етеді.
Ұлттық спортты дәріптеу – өткенді құрметтеу ғана емес, оны жас ұрпақтың бойына сіңіріп, келешекке жеткізу. Ал дені сау, рухы мықты ұрпақ – елдің берік болашағы.
21 қыркүйек 2026 ж. 34 0