Ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасты
Отбасы күні қарсаңында №262 мектеп-гимназиясында жас отбасылар арасында ұлттық спорт түрлері мен басқа да спорттық бағыттардан жарыс ұйымдастырылды.Шараның мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жас отбасылардың белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру.
Жарысқа қатысқан отбасылар ұлттық спорт түрлерімен қатар, түрлі спорттық сайыстарда өзара бақ сынап, ептілік, шапшаңдық пен күштерін көрсетті. Әр кезеңде отбасы мүшелерінің бір-біріне қолдау көрсетіп, бірлесе әрекет етуі сайыстың тартысты әрі қызықты өтуіне ықпал етті.
Ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлініп, қатысушылар халқымыздың дәстүрлі ойындарын дәріптеп, олардың тәрбиелік мәнін көрсете білді. Бұл ретте спорттық сайыс жас отбасылар үшін тек жарыс емес, бірге уақыт өткізіп, отбасылық байланысты нығайтудың жақсы мүмкіндігіне айналды.
Шара барысында көтеріңкі көңіл күй мен достық атмосфера қалыптасып, қатысушылар белсенділік танытты. Жеңіске деген ұмтылыспен қатар, өзара сыйластық пен ұйымшылдық та айқын көрінді.













