Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Отандық газеттердің жағдайы қалай?

Отандық газеттердің жағдайы қалай?

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы халық алдындағы есеп беру кезінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты.

Биыл «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері біріктірілгенін білеміз. Осы ретте Қазақстандағы газеттердің жағдайын қалай бағалайсыз? Интернет заманында газеттердің отандық БАҚ нарығындағы болашағы қалай деп редакциямыз сұрақ қойды.

Газеттердің қосылу мәселелері бойынша үнемі айтып келе жатырмын. Бұл, ең алдымен, әкімшілік-есептікті оңтайландыру мәселелері. Мұның шығармашылық ұжымға ешқандай әсері жоқ. Ал үнемделген қаржы осы газеттердің ары қарай дамуына жұмсалады, - деп жауап берді Балаева.
Министр әр кезеңнің өз ерекшелігі бар екенін атап өтті.

Қазіргі күні газеттерді интернет арқылы оқуға, қарауға қызығушылық артып келеді. Дегенмен газеттердің өміршең болуы үшін қызықты контент керек. Халықтың мүддесінен шығып, оларды мазалап жүрген көкейкесті мәселенің барлығын жариялап, оның шешу жолдары сияқты мәселелерді көтеріп отырса, онда, әрине, ол газет қызықты болады, - деп атап өтті ол.
Министр айтқандай, «Егемен» мен «Казправда» газеттерінің 100 жылдық тарихы бар. Сондай-ақ «Жас Алаш» газеті де жақында 100 жылдық мерейтойын атап өтті.

Бұл газеттер оқырмандардың назарын қызықты контенттермен, көкейкесті мәселелер арқылы ұстап отыр. Контентті мазмұнды, оқылымды етуге барлық БАҚ саласы атсалысуы керек, - деді Аида Балаева.

baq.kz
26 мамыр 2021 ж. 396 0