Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жақсылық пен Жамандық

Жақсылық пен Жамандық

Ерте-ерте, ертеде, тіпті одан да ерте ме, ол жағын ешкім білмейді. Үлкен бір патшалық болыпты. Мұндағы тұрғындардың бәрі бақытты ғұмыр кешіп жатады. Адамдар сондай мейірімді, жайдары, бір-біріне қамқор болады. Патшалықтың табиғаты да ерекше. Мұнда қыс мезгілі болмайды. Жыл он екі ай бойы табиғат та тек шуағын шашып тұрады. Мәуелі бақ, сылдырай аққан тау суы, айнала толы жасыл желек, гүлзарлар. Міне, бұл патшалықты мекендеген халық осындай кереметтің ортасында жайдары өмір кешіп жатты.
Сол елдің Қасиет деген патшасы болыпты. Патша да ылғи жан-жағына шуағын шашып, алдына көмек сұрап келген адамдарға қолғабыс етеді екен. Патшаның екі ұлы болады. Бірінің есімі – Жақсылық, екіншісінің аты – Жамандық. Үлкен ұлы әкесіне жақын болады. Ылғи да оны қолдап, елге көмектесіп, көптің алғысын алып жүреді. Ал Жамандық болса қисық, қыңыр мінезді болды. Өзінде барды өзгемен бөліспейтін сараң, адамдардың арасына сөз тасып жүретін өсекші, көрген нәрсесін бүлдіріп тастайтын бұзық болып өсті. Сонысына қарап, Қасиет патша кіші ұлын көп көзіне шығара бермеуші еді.
Уақыт жылжып жатты. Қарттық таяған Қасиет патша екі ұлын шақырып алады:
– Балаларым, менің өлер шағым таяп қалды. Өздерің жақсы білесіңдер, мен көзімнің тірісінде біріңді таққа отырғызуым керек. Ол үшін алдымен сендерді сынақтан өткізбекпін, –дейді.
Сөйтіп үлкен патшалықты екі ұлына теңдей бөліп беріп, енді өздерің берілген өңірге басшылық жасайтын боласыңдар деп, олардың қандай басшы болатынын білгісі келеді.
Жақсылық әкесінен көргенін істеп, адамдарға мейірімділік танытып, көмектесіп, жақсылық жасады. Ылғи да жан-жағына жақсылық сыйлап, мұқтаж адамдарға көмек көрсетті.
Ал Жамандық билік қолға тиген соң өз әмірін жүргізіп, қарамағындағы халықтың қамын ойлаған жоқ. Алдына көмек сұрап барғандарды келеке етті. Еліне сырттан азық-түлік әкелгізбей, барлық шекарасын жауып тастады. Сол жылы мұнда қуаңшылық болып, елдің малы қырылып, жұттың азабын тарта бастады. Ақыры жанындағылардың бәрі Жақсылықтың еліне үдере көше бастады. Осылайша бір сәтте Жамандық жалғыз қалды. Ешкім оны қадірлемей, сөзіне құлақ аспай, ел алдындағы сый-құрметін жоғалтып алады. Бірақ ол мұнан сабақ алған жоқ. Әр кез өзінің жаман ниетін жүзеге асырып жүрді.
Осының бәрін сырттай бақылап отырған әкесі Жамандықты қанша дұрыс жолға салғысы келсе де, түзей алмады. Сонан соң оның көп жүруіне, патшалықтан ретсіз шығуына тыйым салады.
Міне, осыдан кейін әрбір адамның бойында екі түрлі қасиет қалыптаса бастайды. Бірі – жақсылық, енді бірі – жамандық. Әркез адамдарға ізгі ниетпен қарап, сый-құрмет көрсетіп, мейіріммен қарайтын болсақ, Жақсылық сияқты елге құрметті боламыз. Ал Жамандық сияқты жасайтын болсақ, онда біз де оның күйін кешеміз.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
01 маусым 2021 ж. 887 0