Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кішкентай қолғанат

Кішкентай қолғанат

Күз кезі. Қарашаның қары әлі жаумаған. Күзгі қоңыр салқын түскелі үйлерде пеш жағатын қыс айының қарбалас тіршілігі қайта басталған кез еді.
– Атасы, – деді ерте оянған Мағжанның әжесі балталап сындырылған жыңғылды ошаққа біртіндеп салып, маздата жағып, – өткендегі отын таусылайын депті, бүгін жыңғылға бармасаң болмас.
Әжесінің даусынан Мағжан да оянып кетті. Атасымен бірге ол да ерте тұрып жуынып, дастарқан басына отырып, ертеңгі тамағын ішті.
Көл жағасынан жыңғыл әкелуге дайындалған атасына:
– Ата, жыңғылға мен де барайыншы? – деді.
– Тоңып қалмасаң жүре ғой, айналайын, – деді атасы.
– Тоңбаймын.
Қалың киініп алған Мағжан атасына ілесіп көл жағасындағы қалың жыңғылға келді. Атасы беліне бірнеше орап байлап алған кішкене арқан жіпті шешіп, жерге ұзынынан созып тастады. Сөйтті де балтасын алып, қу жыңғылды таңдап, түбінен шаба бастады.
– Мағжан, сен қарап тұрма, жұмыс істемесең тоңып қаласы4. Менің шапқан жыңғылымды шетінен біртіндеп тасып, міне, мынандай етіп сала бер, – деп өзі әкелген жыңғылды аркан үстіне кеселеп жатқызды.
Осылайша, атасы мен немересінің отын шабу жұмысы қызу басталып кетті. Іске беріле кіріскен Мағжан атасы шапқан жыңғылдарды біртіндеп тасып, жіптің үстіне әдемілеп тастай берді, тастай берді. Соңынан атасы да көмектесіп, екеуі жабылып, үлкен бір арқа жыңғыл шапты.
Жыңғыл тасып, жұмыс істеп, атасына көмектескен Мағжанның қуанышында шек жоқ. Құжыраңдай қимылдап, атасына мақтана қарай береді.
Арқан үстіне жиналған жыңғылды тізесімен сығымдай кысып байлаған атасы аркалауға кірісті. Жыңғылға арқасын бере тізерлей отырып иығына асқан арқанның ұшын қолына екі-үш рет орап алып: «ауып, пірім» деп ұмтылған атасы орнынан тұра алмады. Аузын ауаға толтырып, «ауып, пірім» деп тағы ұмтылып еді, жыңғыл арқасына дұрыс түспей, тағы да көтеріп кете алмады. Артынан біреу кішкентай демеп жіберсе, арқалап кете алатын түрі бар. Тек арқасына түсіп, тұрып кетсе болды, үйге апару түк емес.
Қанша «ауып, пірім!» деген атасы бір өзінің шамасы келмейтінін сезіп:
– Мағжан, – деді, – келші, көмектесші. «Ауып, пірім» дегенде жыңғылдың артынан көтер, ұқтың ба?
– Иә, ата, көтерем, қане, – деген Мағжан бір арқа жыңғылдың астына қоянның көжегіндей кіріп кетті.
Атасы «Ауып, пірім!» деп көтерілуге ұмтылғанда Мағжан да атасы сияқты бойына бар күшін жинап «Ауып, пірім!» деп жыңғылдың астынан сығымдай ұстап көтере берді. Сол сәтте атасы тәлтіректей орнынан көтеріліп, отынды бір сілкіп, арқасына ыңғайлап салып алды да, үйге қарай жолға түсті.
Немересінің көмекке жарағанына қуанып қалған атасы:
– Сен менің кішкентай «пірім» екенсің ғой, – деді.
– Пір деген не?– деді бұл сөздің мәнісіне түсінбеген Мағжан сәл ойланып.
– «Пір» деген әруақ, алапат күш. Жаңа мен мына бір арқа жыңғылды көтеруге күшім жетпей жатыр еді, сен келіп көмектесіп, маған күш-қуат бердің. Енді сен менің кішкентай «пірімсің».
Осы сәтте мақтауға масаттанған Мағжанның бойында бір алапат күш пайда болып, өз денесіне өзі сыймай келе жатты. Өйткені ол бүгіннен бастап әркез қиналғанда көмек беретін атасының кішкентай «пірі».

Ж.ЖАҚЫП,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
01 маусым 2021 ж. 658 0