Ысырап
Тақуа кісілерден ысырапқа қатты көңіл бөлетін Хатими Әсам деген кісі бар еді. Өзімен замандас бір ғалымның тым ысырапшыл екенін естігенде, арнайы іздеп барады.
Кездескен бойы: «Дінді үйренсем деп едім, маған ұстаз бол», – деп қолқа салады. Әлгі ғалым: «Алдымен не үйренгің келеді?» – деп сұрайды. Хатими Әсам: «Алдымен маған дәрет алуды үйрет», – дейді. Бұны мақұл көрген ғалым баппен дәрет алып, әр мүшесін үш реттен жуып шығады. Бәрін бақылап отырған Хатими Әсам оған: «Енді мен дәрет алайын, қателерім болса, түзетерсің», – деп, дәрет алуға кіріседі. Алайда шынтақтарына келгенде үш рет емес, төрт реттен жуады. Бұны байқап қалған ғалым:
– Суды ысырап еттің, – деп ескертеді.
– Мен қай жерде ысырап еттім? – деп қарсы сұрақ қояды Хатими Әсам.
– Қолдарыңды шынтақтарыңмен бірге үш рет жуудың орнына сен төрт рет жудың, – дейді ғалым. Осыны күтіп тұрған Хатими Әсам сонда оған: «Менің бір ұрттам суды ысырап еткенімді қалт жібермедің, ал өзіңнің күн сайын басқа нәрселерге көп ысырап жасайтыныңды неге көрмейсің?!» – дейді.
Ғалым кісі Хатими Әсамның дін үйрену үшін емес, өзіне сабақ беру үшін келгенін сол мезет түсініп, үйінен шықпай қырық күн тәубе еткен екен.
muslim.kz