Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Фаст - фудтан келер қауіп қандай?

Фаст - фудтан келер қауіп қандай?

Халқымызда «Ас – адамның арқауы» деген мәтел бар. Көнеде қазақ мәзірі тек құнарлы әрі табиғи тағамдардан ғана тұратын. Әрине мұндай асты күнделікті ішкен адамның денсаулығы нығайып, бойындағы қуаты арта түсетіні сөзсіз.  Өкінішке қарай, заман өзгерген сайын біздің өмір сүру салтымыз да ас мәзіріміз де жаңаша бетбұрыс алды. Қазір ұлттық асханалардан гөрі жылдам дайындалатын қоғамдық тамақтану орындары көбейген. Тіпті біздің қаламыздың өзінде мұндай тамақтану орындарының бірнешеуі бар. Саны қанша көп болса да, ешбірінің үстелі бос қалмайтын сыңайлы. Бұған қарап та қазіргі заман адамдарының тамақтану ғұрпының өзгергендігін аңғартса керек. 

Өткен ғасырдың 80-90 жылдары "жүгіріп жүріп қоректену" немесе фаст-фуд деген атауға ие болған тамақтану мәдениеті бүкіл әлемге тараған. Мамандардың айтуы бойынша, көбінесе балалар мен жасөспірімдерде фаст-фудқа құмарлығы байқалады. Гамбургерлер, чипсілер және пицца біздің балаларымыздың сүйікті тағамдары болып саналады. Дегенмен мұның бәрі адам денсаулықтарына үлкен зиян келтіретін туралы мамандар дабыл қағуда. Артық салмақ, гастрит және жалпы әлсіздік сынды ауруларға осындай тағамдардың әсері мол.
Жастық шақта фаст-фуд тағамдарды үнемі ішіп, салдарынан денсаулығында кінәрат пайда болған Жақсыбек өзінің сол кездегі әдеті үшін әлі күнге өкінеді.
– Студент кезім болатын. Қалаға алғаш бардым. Сол кезде достарыммен ең алғаш түріктің донерінің дәмін татып көрдім. Ағашында таңсық болғанымен, кейін бұл ас маған ұнады. Сөйтіп оқу орнымызға жақын жердегі асханада үнемі гамбургер, пицца, донер, суши сынды шетелдік тамақтарды ішетін болдық. Одан қалды чипси, газдалған сусындар іштік. Ақырында асқазанымның ауырлығын сезіне бастадым. Ақыры болмаған соң дәрігерген көрінуге тура келді. Толық тексеруден өткізген дәрігерлер асқазан аузында жара пайда болғандығын айтты. Мұның бәрінің себебі фаст-фут тағамдар деді. Содан мұндай тағамдарды еш татып алған емеспін. Ұзақ уақыт емделгендігімнің арқасында дертімнен айықтым,– деген еді ол.   
Қазіргі уақытта бигмак, шаурма, сэндвичтер, чебурек, пицца, чипсы, қуырылған картоп және түрлі газдалған сусындар көп. Бірақ олардың сапасы мен құрамында не бар екенін көпшілік біле бермейді. Бұл тағамдардың барлығы фаст-фуд (тез әзірленетін тамақ) қатарына жатады. Сондықтан, осындай тағамдар адам денсаулығы үшін өте зиянды болып табылады. Мұндай тағамдарды біреулер күнде ішіп-жеп жүрсе, кейбіреулер анда-санда ғана пайдаланады. Не десек те, қазір бәріне уақыт жетпейтін заманда тамақты үйде асықпай дайындауға мүмкіндік болмағандықтан, қолайлысы осы болып тұрған сыңайлы. Бағасы да онша қымбат емес асты тапсырыспен де тез жеткізіп береді. Алайда астың бұл түрі өте қауіпті. Соған қарамастан, кей адамдар еріншектігінің салдарынан дайын асқа жүгіретіні шындық. Бұл дұрыс емес. Әсіресе, балаларды кішкентай кезінен бастап мұндай тамақтарға үйретпеген жөн. Фаст-фуд сататын дүкендер әдемі жарнамалары арқылы өнімдерін төмен бағалармен ұсынып, жылдам әзірленетінін айтып, тұтынушылардың назарын өздеріне аударады.
Дәрігер Бақыт Сәпи фаст-фудпен тамақтануға мүлдем болмайды дейді. Себебі, осындай тағамдардың құрамында майлар мен консерванттар көп болғандықтан, дәрумендер мүлдем жоқ деген пікірде.
– Тамақтанудың да өзіндік ережелері бар және оларды ескермеуге болмайды. Өйткені тамақтану – біздің денсаулығымыздың құрамдас бөлігі екенін есте сақтауымыз қажет. Халықтың денсаулығы – қоғамымыздың заманауи талаптарының басты мәселесі. Бүгінгі таңда орын алып отырған экономикалық дағдарыс, әлеуметтік мәселелердің ушығуы халық денсаулығына кері әсерін тигізді. Фаст-фудқа үйір жандардың асқазан, жүрек аурулары, қан қысымы, қант диабеті аурулары күн өткен сайын үдей түседі. Әсіресе өз денсаулығына көңіл бөлмейтін жастарға обал. Олар диета сақтамай, тамақтанатын болса, саулығы күн өткен сайын әлсірей түседі.Ал әлсіз адамнан өрбіген ұрпақтың да денсаулығы жақсы бола қоймайды. Сондай-ақ қазір семіздік те белең алып тұр. Бұған душар ететін дұрыс тамақтанбау болса, мұның арты түрлі ауруларға әкеліп соқтырып, әйел адамдар үшін ұрпақ өрбіту мүмкіндігінен айырады, – дейді аудандық аурухананың жалпы санатты дәрігері Бақыт Сәпи.
Зерттеушілердің сөзінше, фаст-фуд тағамдарын дайындау барысында маргарин көп мөлшерде қолданылады. Маргариннің құрамында жасанды өнім, яғни, транс майлар көп. Кейбіреулер фаст-фудтың денсаулыққа зиян екенін біле тұра, одан бас тартпайды. Мұндай жағдай адамды психологиялық және химиялық тәуелділікке әкеп соқтырады. Өйткені, аталған өнімдерді жасаушылар оның дәмін күшейтетін арнайы қоспаларды қосады да, сол арқылы тұтынушыларды өзіне тартады екен. Тез тамақтанудың кесірінен ас қорыту жолдары қиындайды.
Түрлі елдердегі медициналық зерттеулердің нәтижесі фаст-фуд өнімдерін күнделікті қолдану семіздікке әкеледі дейді. Бір ғана орташа көлемдегі гамбургер немесе бір стакан кока-кола 1500 калорияға тең күнделікті адамның бір күндік тамағы 1500 калорияны құрау керек. Ал сіз бір ғана гамбургермен шектеліп қоймайсыз ғой. Бұл өнімдер адамды толық тәбетін қанағаттандыра алмайды, ол тек аз ғана уақытқа асқазанды алдау десе болады. Жарты сағаттан соң адам тағы да тамақтанғысы келеді.
Диетолог-дәрігерлер Айда Оспан семіздікке апаратын «қауіпті» тағамдарды атап өтті. Бірінші орында тәт­ті газды сусындар тұр. Шөл басу үшін емес, қайта шөлдетіп, қайта-қайта ішуге мәжбүрлейтін құтыдағы бұл сусындардың құрамында қант шектен тыс көп. Үлкен-кіші құмарланып ішетін бір стакан ко­ланың өзінде 5 шай қасық қант бар, ал бір литр колада 25 шай қасық немесе 125 грамм қант болады екен. Сол сияқты картоптан жасалған чипсыларды бала біткен жақсы көреді. Бұлар пюреден жасалғандықтан, оның құрамына жасанды май мен жасанды түрлі дәмдеуіштер қосылып, адамды жеген үстіне жей түсуге шақырады. Сонымен бірге сосискалар, пісірілген шұжықтар, паштеттер еттен жасалғандай көрінгенімен, негізінен жартысына жуығы майдан жасалып, түрлі тәтті дәмдеуіштермен бүркемеленеді. Қуырылған семіз ет, кофе, шоколадтар, арзан әрі калориясы көп нан-жарма, кондитер өнімдері де адамды семіздікке апарып тірейді. Иісі мұрын жаратын, тез дайындалған тағаммен жүрек жалғап алуға үлкен-кішінің бәрі құмар. Бірақ құмарлықтың салдары айықпас ауруға әкеліп соқтыруы мүмкін. Мұны көбіміз білеміз. Десе де, тамақтану салтымыздан түбегейлі шығарып тастағымыз келмейді.
Түйін. Адамның денсаулығы үшін тиімді тамақтана білу өте маңызды. Тиімді тамақтану дегеніміз – құрамында түрлі қоректік заттардың толық мөлшері бар тамақпен ағзаны дұрыс, уақытылы қамтамасыз ету. Жақында американдық ғалымдар зерттеулер жүргізіп, өте жоғары температурада дайындалатын тағамдардың құрамынан адамның денсаулығына өте зиянды «акриламид» деген затты тапқан. Жоғарыда айтылған шаурма, донер-кебабтарға қоса гамбургер, хот-дог, гриль, поп-корн, чипсы, кириешки, картошка фри, қақталған шұжық секілді тағамдар өте жоғары температурада дайындалады. Дәл осы тағамдарды ұзақ күнделікті пайдалану салдарынан асқазан жарасы, созылмалы гастрит, өттің толуы, ұйқы безінің қабынуы, жүрек-қан тамыр аурулары, семіздік пайда болатыны, әсіресе ас қорыту жолдарына өте зиян екені анықталған. Сондықтан жастар көшеде даярланатын тағамдарды өте абайлап жеген дұрыс. «Ауру – астан…» деген дана қазақтың сөзі бекер айтылмаса керек. Осыны қаперде ұстасақ, қане?!

Н. МАРАТҚЫЗЫ
17 тамыз 2021 ж. 1 143 0