Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәуліт – әлемді қуаныш пен нұрға бөлеген күн

Мәуліт – әлемді қуаныш пен нұрға бөлеген күн

Бүкіл әлемді жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар, соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасалламға Алланың сәлемі болсын! Әмин! Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірлі жерлестер!
Алла Тағала Құран кәрімде «Ей, адамдар ! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар – оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128 — аят), – деген.
Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туылған күн» деген мағына береді. Бұл атау Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Адамның (ғ.с.) мен Иса (а.с.) пайғамбарларға дейінгі Алла Тағала елшілерінің соңғысы, әрі сардары Мұхаммедтің (с.а.с.) дүниеге келуінінің құрметіне ол айға осы атау берілген.
Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.с) өз ата-анамызды танып, құрметтегендей, сүю ләзім. Өйткені, хадис шарифте: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре алмайсыздар», — деген.
Ол Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туылған жері дініміз үшін ең қасиетті де, құрметті адамзаттың тұңғыш атасы Адам (а.с.) мен Хауа анамыз жер бетіне түскен соң ұзақ жылдардан кейін сағыныса жолығып, мекендеген, Аллаһ Тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі Әмина.
Пайғамбарымыз ата-анадан жалғыз. Өйткені, әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салған және анасынан да Пайғамбарымыз (с.а.с) 6 жасында айырылған. Мұхаммед (с.а.с.) милади жыл санауы бойынша, 571 жылы, 20 сәуірде, һижри жыл санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген.
Ана құрсағында 6 айлық болғанда: «Құдайдың досы, соңғы пайғамбарға жүкті болдың, бұл бала туылғанда есімі Мұхаммед болсын», — деп Әминаға аян етіледі.
Ол дүниеге келген таңда ғажап оқиғалар болды. Дүние нұрға толды. Әмина туғанда әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеді. Пайғамбарымыз туылғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрды. Келінінің нұрлы пір перзент көргендігін есітіп атасы Әбдүлмүттәліп үлкен той жасады. Құрайыш руының ұлықтарын шақырды. Сүйікті немереңе қандай ат қойдың дегенде « «Мұхаммед» деп ат қойдым», – дейді.
Олар: «Ата-бабаларымыздың арасында мұндай есімді адам болмаған, бұл атты қоюдағы мақсатың не?» , – деп сұрайды.
Сонда Әбдүлмүттәліп: «Мен немеремді аспанда Хақ Тағала, жерде халық көп мақтайды деп үміттенемін», — деп жауап береді.
Мұхаммед сөзінің түбірі мақтау, ризашылық дегенді білдіреді. Осы сөзден мақтау, мадақ, Аллаға шүкір, мақтаулы, ең мақтаулы деген сөздер туындайды. Сөйтіп, Пайғамбарымыздың (с.а.с) үш аты бар: Мұхаммед, Ахмед, Махмуд, Мұстафа. Мұхаммед қыр мұрынды, сақалы үлкен және қалың, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, жүзінен нұр тамып тұратын адам екен. Екі жауырының ортасында пайғамбарлық мөрі бар еді. Мүбарак тістері аппақ болып жарқырап, сөйлегенде аузынан нұры шашылып тұратын. Денесі тап-таза, хош иісті еді. Терлегенде де одан әдемі иіс шығып тұратын. Біреуге қол беріп амандасса, ол кісі күні бойы сол иіске бөленіп, көңілі хош жүретін. Мүбарак қолымен бір сәбидің басын сипаса, ол сәби басқа сәбилерден хош иісімен ерекшеленіп шыға келетін. Пайғамбарымыз өте сезімтал, алыстағыны еститін, көреген еді.
Жүргенде жеңіл адымдап, тез-тез жүретін, сырттан қарағанда жәй жүріп бара жатқандай көрінетін. Бірақ жанындағылар қанша тез жүрсе де ілесе алмай қалып қоятын.
Бос сөз сөлемейтін, әрбір сөзі хикмет және насихат еді. Жылы жүзді, тәтті сөзді болатын. Ешкімге жаман сөлемейтін, ешкімге жамандық жасамайтын, ешкімнің сөзін бөлмейтін. Жұмсақ мінезді, өте кішіпейіл еді. Айбатты және байсалды еді. Қатты күлмей, тек жымиятын. Жұртқа көзінің қиығымен ғана қарайтын. Сахабаларды алдына жіберіп, өзі соңында жүретін. Кім – кімге де бірінші болып сәлем беретін.
Туған – туыстарын құрмет тұтатын, үй ішімен, сахабаларымен жақсы қарым-қатынаста болатын. Қызметшілерін жақсы көретін, өзі не ішсе, не кисе, оларға да соны ішкізіп, соны кидіретін.
Өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді, уәдесіне берік еді. Қорыта айтқанда, жаратылысы да, мінезі де әдемі, адамдардың ең кәмілі, теңдессіз еді. Мұсылман жұртында жыл сайын ай күнтізбесі бойынша 12 рабиул — әууалда Мұхамед (с.а.с) пайғамбардың туылған күні ресми түрде тойланады. Енді бұл дәстүр қайдан шыққан деген мәселеге келейік.
Мысырда Пайғамбарымыздың мәуліті жазылып, көпшілікке оқылуы әдетке айнала бастаған кезді тарихшылар Мысырдағы фатимидтер билеп тұрған тұс еді. Сол кезеңде мәуліт ресми мейрам етілді, алайда халық арасына бірден кең көлемде таралмады. Сунниттік бұлақтар бойынша мәулітті мейрам етіп ұйымдастырған Мұзаффар ад-Дин әл-Айуюбидің қолдауымен мәуліт алғаш рет жалпылама жоғары Месопатамиядағы Ирбил қаласында аталып өтті. Бұл мейрам 16-17 ғасырларда Осман империясының мейрамы болып бекітілген.
Мейрамның пайда болуы сунниттік ғалымдардың арасында көптеген ихтилафаттар туғызды. Алайда, бұл мейрамды ижма «бидғат хасана» деп бекітті.
Морокко тарихшысы Әл–Ифрани былай деп жазды: «Жұрт жайғасқаннан соң ислам ғұламасы алға шығады да пайғамбардың ізгі сипаттары жайлы әңгімелейді. Оның туғанынан бастап, өмірінің соңына дейін басынан кешкен жәйттерін саралап шығады». Осындай уағыздар мен онда баяндалатын кейбір оқиғалар желісі маулидийа дастандарының шығуына себеп болады.
Алайда, Пайғамбар (с.а.с)- ға жыр арнау дәстүрі оның көзі тірі кезінде де болған. Мысалы, ақын Кааб бин Зухайыр оған «Банад Суад» деген поэмасын арнаған. Осы ақынға еліктеп көптеген шайырлар да Пайғамбар (с.а.с)-ға өз жырларын бағыштаған.
Мәуліттің тойлауына ислам ғұламалары жоғары баға берген
Имам Науауи: Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.а.с) туылған күніне сәйкес келетін осы күндер де істелетін садақалар, Амру-маръуф және адамдар бойынан көрінетін көркем мінезділік пен қуанышты істер осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы, — деген. Мұсылмандар бір істі жақсы деп санаса, ол іс Алланың алдында да жақсы. Себебі хадис-шарифте: «Мұсылмандар жақсы көрген іс, Алла Тағала алдында да жақсы болады», — делінген имам Ахмад риуаятында.
Жүнайд Бағди: «Кімде кім Пайғамбарымыздың (с.а.с) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды» десе, Хасан әл-Басри (р.а.): «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.а.с) мәулітін оқытуға жұмсаған болар едім», – деген. Міне, бұл діни рухани мерекесінің тарихнамасына қысқаша тоқталып өттім. Пайғамбармызға (с.а.с.) салауат айтудың артықшылығы жөнінде хадис-шәріпте (с.а.с.): «Киямет күні маған ең жақын адам – маған ең көп салауат айтқаны» «Имам Термизи». «Қасында менің атым аталып, маған салауат айтпаған адам – анық сараң» «Имам Термизи».
Бұл айда атап өткізудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру болып саналады Қазіргі таңда, рухани Мәуліт айы еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын табуда. Ұлы Алла Тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әмин!
26 қазан 2021 ж. 1 375 0