Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бай мен кедейде қандай айырмашылық бар?

Бай мен кедейде қандай айырмашылық бар?

Халқымызда «Кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді» деген керемет тәмсіл бар. Бұл әрине қолына дүние бітіп, жанындағысы мен жолындағысын жайпап өтуге бейім келетін кердеңдерге қарап айтылған сөз болса керек. Бүгінде тапқан сайын тарылып, шық берместердің қатарына өткен қалталылар қаншама? Тіпті Мемлекет басшысының өзі еліміздің жарты байлығы бас-аяғы 162 адамның қолында жүргенін ашып айтты. Бұл әрине қоғамдағы теңдік деген норманың құрдымға кеткенін байқатады. Жалпы «Қаңтар қасіреті» деген атпен тарихта қалған кешегі жағдай қоғамда қордаланып қалған көптеген мәселенің бетіп ашып берді. Соның бірі – еліміздегі бай мен кедей арасындағы алшақтықтың тым белең алып кеткендігі. Жанға бататыны да осы жағдай. Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді. Кейбіреулер тойынғаны сонша, байлығын қайда шашарын білмей жүр. Керісінше тапқаны тамағынан артылмай, таңның атысы, кештің батысы титықтап жүрген жандар қаншама?! Қазақстандықтардың арасындағы осындай алшақтықты сәл де болса орта деңгейге келтіріп, қоғамдағы теңдік деген түсінікті қалыптастыратын уақыт жеткен сияқты.

– Алдымызда барлық әлеуметтік құрылымды өзгертуге стратегиялық міндет тұр. Бізге Қазақстан азаматтарының мүддесіне сай келетін реформалар қажет, ел өзгерді және азаматтарымыздың экономикалық жүйеге және жалпы өмірге деген көзқарасы өзгерді. Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық жол беруге болмайтын деңгейге жетті. Сыбайлас жемқорлық фонында, өздеріңіз жақсы білесіздер, кәсіпкерлер жақсы біледі, табыстардың мұндай стратификациясы оқ-дәрі толы бөшкеге жағылған сіріңке рөлін атқарды, оны террористер, содырлар және олардың артында тұрған келіссөзшілер пайдаланды, – деді Қ.К.Тоқаев Нұр-Сұлтандағы бизнес өкілдерімен кездесу кезінде.
Расында бай мен кедей арасындағы шектен шыққан алшақтық көп жағдайда өзара сенімнің шытынауы және әлеуметтік теңсіздікке алып келеді. Нәтижесінде кедейдің көзімен байлар жағымсыз кейіпте сомдалады. Ал байдың көзіне кедей көрінбеуі мүмкін. Жалпы, осы тұста бай мен кедей арасындағы айырмашылықты материалдық емес моральдық тұрғыда салыстырған жөн секілді.
Иә, көбіне бай адамдарды әділетсіз, сараң немесе барлық мәселені ақшаның көмегімен шешетін адам ретінде қабылдап жатамыз. Мүмкін, қазіргі қоғам сондай тетіктерге жол берген шығар. Көп жерде мәселені ақша немесе мансап шешіп кетіп жататынын көріп те жүрміз. Бәлкім, сондай жағдайға өзіміз жол берген шығармыз. Бұл әрине дүненің жолындағы жанталас тірлікке әкеп соғатын сұрықсыз көрініс. Соның салдарынан байдың бейнесі ешкімге ұнаған емес. Тіпті көптеген әдеби шығармалар мен ертегілердің кейіпкері болған байдың болмысы сол күйінде қалған. Бірақ бай адам мен кедейдің арасында сіз бен біз біле бермейтін айырмашылық бар екен.
Мәселен, бай адамдар өзінің уақытын, ал кедейлер өз ақшасын үнемдейді. Кедей адамдар тапқан табысын түгел құртады, ал байлар кірісінің бір бөлігін пайда әкелетін жұмысқа жұмсайды. Кедейлер ақшаның құнын білмейді: өзгеге әркез қарызға береді. Байлар ондай әрекет жасай бермейді. Кедей адамдар арзан, сапасыз дүние алуға құмартады. Ал байлар жеңілдік болатын сәтті күтеді. Байларда ешқашан «артық» ақша табылмайды. Бай адам ешқашан кенеттен бір нәрсе сатып алмайды. Бәрін жоспарлы түрде жасайды. Кедей адамдар өздерін бай ретінде көрсетуге тырысады. Байлар әркез тасада қалуды жөн көреді. Кедей қолынан келетін іспен айналысады. Бай кез келген жерде, кез келген әдіспен пайда табуға бейім келеді. Сіз осындай айырмашылықтарға қарап өзіңізді қолға алып көрсеңіз, бәлкім бай болу ендігі тағдырыңызға жазылып тұрған шығар. Бұл жерде мәселе ақшаның байлығы емес, адами тұрғыдағы түсінікке саятын жан дүниенің құндылығы басты мәселеге айналғаны жөн. Ал ақшамен болатын қарым-қатынаста да айырмашылықтар болатынын білетін боларсыз.
Айталық, бай байға, кедей кедейге қол ұшын созады. Бұған халқымыздың «Бай байға құяды, сай сайға құяды» деген тәмсілі дәлел. Сондай-ақ бай пайда әкелетін іске ақшасын жұмсайды. Ал кедей оның шығынын өтейтінге ақшасын сақтайды. Негізі, ақша тыныштықты және ұқыпты ұстағанды жақсы көреді. Бұл мәселеде кедей ақша туралы әңгімені жиі қозғайтынын білетін боларсыз. Керісінше бай болса бұл тақырыптан мейлінше аулақ болуға тырысады. Ақша мұқтаж жан үшін оның өміріндегі басты мақсаты болуы мүмкін, ал бай адам үшін бұл тек мүмкіндік қана. Білсеңіз, бай мен кедейдің ойлау жүйесінде де аспан мен жердей айырмашылық бар. Мәселен, кедей байды жек көреді. Бай кедейге мән бермейді. Кедей адам үшін айналадағы болып жатқан құбылыстар мен өзгерістер ешқашан мінсіз болып көрінбеуі мүмкін. Яғни бәрінен бір кінә тауып отырады. Мүмкін, ол мемлекет, саясат, билік, не болмаса өзгенің ауқымды деңгейдегі іс-әрекеті. Ал бай адам кінәні қай уақытта болсын өзінен іздейді. Міне, біз айтып өткен осындай өзгешеліктер бүгінде бай мен кедейдің арасын алшақтатып жіберді. Алдағы уақытта әлеуметтік деңгейдегі әр алуан тағдырлар жоғарыда айтып кеткен айырмашылықтарға мән берсе дейміз.
Иә, әр жарлының бойында бай адам тығылып отыруы мүмкін. Сондықтан адам өзгергісі келсе, алдымен өзін қолға алуы тиіс. Мәселе бұл жерде жан дүниенің байлығында. Ақша көп нәрсені шешкенімен, мәселе ушыға түскенде Алланы есімізге алатынымыз ақиқат. Сондықтан сіз бен бізді рухани кедейліктен сақтасын. Қалғанының барлығы енді қалпына келер. Бастысы, билік бұл мәселеге назар аударды. Өзгенің қолындағыны жұлып бермесе де көп адамға жаңа мүмкіндіктер тууы бек мүмкін. Бастысы, «аспаннан киіз жауса да етікші ұлтараққа жарымайдының» кері кеп жүрмесін. Бұл жерде бастысы ниеттің тазалығы. Шындығында ниеті таза, рухани түсінігі мол адам – ең бай адам.

А. ҚАРАСАЙ

29 қаңтар 2022 ж. 5 667 0