Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бүгінгі ата-анаға қандай талаптар қойылады?

Бүгінгі ата-анаға қандай талаптар қойылады?

Бүгінгі таңда бала тәрбиесі өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Себебі  техника дамыған заманда баланың ой-өрісі мен адамдармен қарым-қатынасында өзгерістер көп. Шығыс ғұламасы Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деп айтып өткеніндей, бала тәрбиесі әуелі ана құрсағынан және отбасынан басталуы қажет. Ендеше бүгінгі ата-аналарға қандай талаптар қойылады? ХХІ ғасыр ата-анасы қандай болуы қажет?

Балаңызды ешқашан қараусыз қалдырмаңыз. Оның кіммен дос болып жүргенін, сыртқы ортада өзін қалай ұстайтынын, қандай дүниелерге қызығушылығы басым, нені ұнатады, нені ұнатпайды осының бәрін ата-ана білуі қажет. Себебі бала өскен сайын оның қызығушылығы да өзгеріп отырады. Сонымен қатар ата-ана баланың ғаламторда немен айналысатынын, оның қандай чаттарға, топтарға, әлеуметтік желілерге кіретінін, кімдермен араласатынын, сөйлесетінін білу маңызды және үлкендер баларына ғаламтор желісінде қандай да бір адамға өзі туралы ешбір ақпарат бермеуі тиіс екендігін түсіндіргені жөн және желідегі дос болып жүрген бейтаныс жандармен  өз бетімен кездесуіне жол бермегені дұрыс.

Балаңыздың бос уақытын қадағалаңыз. Көбінде балалар бос уақытын ғаламторда өткізеді. Себебі бүгінде ғаламторды білмейтін жеткіншек жоқ. Сондықтан ата-ана баланың ғаламтор желісіндегі уақытына бақылау жүргізу қажет. Сонымен қатар ата-ана ғаламтордағы зорлық-зомбылық, алаяқтар  мен құмар ойындардан, зиянды форумдар мен тыйым салған идеологиядан өз баласын сақтандырғаны жөн. Яғни баланың ақпараттық қаіпсіздігіне ұқыппен қарағайсыз. Сондай-ақ балаңыздың күн тәртімен дұрыс жұмыс жасай біліңіз.

Балаңыздың сабақ үлгерімін үнемі тексеріп отырыңыз. Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілік жүгі ауыр деуге де болады. Себебі сіз қанша жерден жұмыстан шаршап келсеңіз де, балаға ерекше көңіл бөлу қажет. Балаңыздың бүгінгі күннің қалай өткенін, қай сабақтан ақсап жүргенін, қандай бағаларды алып жүргенін күнделікті тексеру жүргізу арқылы ғана біле аласыз.

Балаңызды мақтан тұтыңыз. Қолдау білдіріңіз. Мінсіз жақсы көріңіз.  Осы тұста балаңызға «маған жаман бала керек емес», «мен не айтам, соны орында», немесе «сенен түк шықпайды» деген секілді баланың өмірде жетістікке жетуіне кедергі болатын сөздерді тілдік қордан алып тастаңыз. Керісінше оның орнына «жарайсың», «жақсы», «бәрекелді», «тамаша», «сен бүгін көп іс бітірдің» деген сөздермен алмастырыңыз.  Себебі бала өзіне айтылған мақтауға лайық болуға тырысады. Сонымен қатар ата-ана баланың өзін-өзі дұрыс бағалауына зор ықпал ететін естен шығармағаны жөн.

Балаңызға сенім артыңыз. Ұлы Абай атамыз: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген екен. Сол секілді жақсы ата-ана болуға тырысыңыз. Себебі балаңыз – сіздің айнаңыз. Ал өтірік айтудан қашатын, мейірімділік пен бауырмалдыққа баулыймын десеңіз, жай ған балаңызға сеніңіз, шынайы сенім артыңыз және өзіңіз соған лайық болыңыз. Сонымен қатар балаға қатысты барлық дүниеге жауапкершілікпен қараңыз.

massaget.kz​​​
01 қазан 2018 ж. 1 524 0