Қоңыраудың орнына күй ойнаса

Иә, күй құдіретіне қалам тербесек сонау түркі дүниесіне тамыр тартарымыз ақиқат. Өйткені бұл жайында біз емес, бабалар сөйледі. Олардың еңбектерінде көп ақиқат пен аңыз ұштасып жатыр. Оның ішінде күй құдіреті мен киесі жайында есті әңгімелер, кесек ойлар баршылық. Түркі дүниесінің асылдарын түптеп түгендеуші атақты Махмұд Қашғари өзінің түпнұсқада «Диуани-лұғат-ат-түрк» деп аталатын түркі тектес сөздерінің жинағында «күй» сөзінің көне түркідегі «көк» сөзінен шыққандығын, тәңір мағынасындағы «көкпен» көгендес, тамырлас, түптес екендігін айтыпты. Демек күй деген сөздің өзі көшпенділердің киелі сезімі өмірлік наным-сенімдермен ұштасып жатыр деуге толық негіз бар. Демек бабадан жеткен мұраны балаға тыңдатсақ, оның еш әбестігі жоқ деуге болатын шығар. Сонда баланың бойындағы қазақы қасиет жанданбаса, сөне қоймас.
«Домбыра мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», – деп толғана жырлаған дауылпаз ақын Қасым Аманжолов күйдің киесі мен құдіретін сүйсіне әспеттейді. Бұрынғының зиялылары мойындап кеткен сол күйлеріміз қазақ мектептерінде қосылып тұрса, оның несі айып?! Қайта ғанибет емес пе?! Ойымызша, қазіргі жас буын халқымыздың құнды дүниесі – күйді тыңдап өсуі керек. Оны қолдаймыз.
– «Мамандардан дәстүрлі қоңырауды күйлерге ауыстыру туралы ұсыныс түсті. Сабақтың соңында шертпе күй, үзіліс соңында төкпе күй ойнатуды ұсынамыз. Ғалымдар домбыраның дыбысы баланың психикасына жағымды әсер ететінін, ал қатты қоңырау, керісінше балаларға жағымсыз әсер ететінін атап өтті», – деді Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев.
Мамандардың пікірінше де еліміздің білім ошақтарында қоңыраудың орнына күй ойнату бұл тек есту арқылы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның ұлттық дәстүрлері шеңберіндегі тәрбиеге де жағымды әсер етпек. Расында қазақы құндылықтан алыс өспеген баланың қазаққа жат дүниелерге бармасы бесенеден белгілі. Бұл тұрғыда біздің де айтарымыз – күй қазақтың қазынасы, көңілі мен пейілі. Оны тыңдау арқылы қазақ жұбанады, жан сарайы жайланады.
Осы ретте ұлттық рухымыз өскелең ұрпақтың бойында мәңгі сақталып қалсын десек, күй мен домбыраға деген құштарлықты қазірден олардың бойында оятуымыз керек. Бабадан мирас боп қалған ізгі қасиеттерді қайта түлетуде күйден асқан құнды дүние жоқ болар. Оны мәңгі сақтауға ниетті халық болса қазақ жерінің қай бұрышында болсын күй ойнап тұруы керек. Ендеше сол бастаманы мектептерден бастайық.
А. ҚАРАСАЙ