Ұлы Жеңіске –77 жыл: Шығыс жұлдыздары
Әнші аға, Еңліктің жермен қоштасуын айтшы!
Республиканың бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің осы жылғы наурыз айының 29-санынан "Орал Халықаралық әуежайына Мәншүк есімі берілді" деген мақаланы оқыдым.
Ал ол кім еді? Мәншүк жайлы талай өлең-кітаптар жазылса да, қазіргі жастардың батыр қыздарымызды біле түскені артық болмас деген оймен қолыма қалам алдым.
Шығыс қыздары арасынан Кеңес Одағының Батыры деген атаққа тұңғыш ие болған Мәншүк Мәметова 1922 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Белгілі Алаш қайраткері, саяси-қуғын сүргін құрбаны Ахмет Мәметовтің қызы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барып, 1943 жылдың күзінде ерлікпен қаза тапқан. Ол қандай ерлік жасаған, соған келейік.
***
Соғыс кезінде майдан тілшісі болған аға лейтенант Жекен Жұмаханов Мәншүк Мәметова туралы естелігінде былай депті.
– Біздің ішімізде Абдрахман есімді солдат бар еді. Оны қызметіне қарай "брон бұзушы Абдрахман" дейді екен. Оның өнерден құр емес екенін сипаттайтын бір айғақ – арқасындағы азық-түлік қабының аузынан домбыраның мойыны көрініп тұратын.
– Мен бір қызбен Алматыдан бірге аттанып, майданға келдік. Өзі көп оқыған екен. Оны штабқа писарь етіп алды. Сөйтіп жан-жаққа кеттік. Мен болсам пулеметшімін. Бес ай өткенде әлгі қызбен қайта кездестік. Ол да пулеметші болмақ екен. Гвардия капитаны Соколов деген капитанымыз бар еді. Сол кісінің берген 9 оғын әлгі қыз 600 метр жерде тұрған нысанаға түгел тигізді.
– Сен мергенсің, – деді Соколов, – ұрысқа дайындал!
– Иә, мен дайынмын, – деді қыз. Бұл – Мәншүк Мәметова еді. Содан біраз уақыт өткесін шабуылға шығатын күні ол пулеметтің қасында тұр екен. Қорқу деген ойында жоқ. Қыз маған:
– Әнші аға, баяғы әніңізді ұмыттыңыз ба, айтып жіберіңізші, – деді.
Бұл кезде ол аға сержант, оның айтқанын орындамасқа болмады. Әндете жөнелдім.
– Мен сол шайқаста байланысшы болып істедім.
– Әңгіме былай: – Мәншүктің пулемет расчеты биіктің қалтарыс бетіне орнықты. Лейтенант Теміровтің командасы бойынша қыз пулеметтің тұтқасын ұстай жауға оқ жаудырды. Немістер екі бүйірден қысты. Расчетынағылар қатарынан қыз жалғыз қалды. Бірақ пулемет тоқтаған жоқ. Ақыры төбеге біз де келдік. Сонда біз қыздың пулемет жайратқан жауды көрдік. Санағанда 70-тен аса немістің солдаты мен офицерінің өлігін таптық. Қыз пулеметін құшақтап үнсіз жатыр. Оны тірі шығар деп ойладым. Жоқ, ол көзін мәңгі жұмған екен. Оның салалы саусақтарын пулеметтен босатып алдым. Ол маған: "Әнші аға, Еңліктің жермен қоштасуын айтшы" деп жатқан тәрізденді.
Абдрахман осы жерге келгенде көңілі босап, сұлу мұртын ширата берді.
Гитлершіл офицер де топырақ қаба құлады
Әлия Молдағұлова 1924 жылы 20 сәуірде Ақтөбе олысы, Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында туған. Ата-анасы қайтыс болған соң, нағашысы Әубәкір Молдағұловтың қолында тәрбиеленеді. Ол Ленинградтың №9 орта мектебінде оқиды. 1942 жылы наурыз айында балалар үйі барлық баланы қоршаудағы қаладан алып шығу жөнінде нұсқау алды. Олар Ярослав облысы, Некрасов ауданындағы Вятское селосына барып орналасады.
Әлия мұнда Рыбинск авиация техникумына оқуға түсті. Үш ай оқыды да, әскери комиссариатқа арыз беріп, өзін майдандағы армияға жіберуін өтінді. Ол осылайша мергендер мектебінің курсанты болды. Байқау атыстарында «өте жақсы» деген баға иеленді. 1943 жылдың мамырында мектеп командованиесіне өзін майданға жіберуін сұрап рапорт түсірді.
Міне, майдан. Әлия 54-атқыштар бригадасының 4-батальондағы 3-ротаға келді. Батальон адырлы, саз балшықты алқапқа орналасқан-ды. Ол гитлершілер қорғанысының алғы шебіне бағдарлай көз салды. Күні бойы немістер жақтан көзін алмаса да, ештеңені байқай алмады. Келесі күні судың шолпылын құлағы шалды. Ойпатта су алуға келген үш гитлерші жүр. Оптикалық прицельден сұрғылт жасыл тұлғалар анық көрінеді. Әлия атып жіберді. Сол жақтағы шеткі фашист тұмсығымен жер сүзе жалт етті. Екеуі қаша жөнелді. Бірақ мерген қыздың оғынан олар да құтылмады.
Қазанның басына дейін Әлия 32 фашистің көзін құртты. Ол батальонның мақтанышына айналды. Әлия мергендік винтовкасын автоматқа ауыстыра салып, жұртпен бірге жиі-жиі шабуылға да шығып жүрді. Моисеенконың батальоны жауды Казачика деревнясынан қуып тастауға бұйрық алды. Фашистердің көмекке әскер жөнелтіп жатқан темір жол линиясын кесіп тастау аса қажет болды. Гитлершілер өздерінің оңтайлы жерде отырғанын пайдаланып, жанталаса қарсылық көрсетті. Роталарымыздан қарға адым жерге қан төгілді. Кенет шабуылдап келе жатқан тізбектің алдынан бір тұлға оқшауланып шыға келген. Немістер оған оқ жаудырды. Жауынгер оқ нөсерінің толастаған кезінде ұшып тұрды да: "Отан үшін!" деп айқай салып бүкіл батальонды соңынан ерте алға ұмтылды.
Қиян-кескі шайқастан кейін совет жауынгерлері биіктікті жаудан тартып алды. Манағы батыл жан бір сәтке траншеяда кідіріп қалған. Ал басындағы құлақшынынан қою қара шашы дударланып шығып кеткен. Бұл Әлия Молдағұлова еді. Ол бұл шайқаста 10 фашистің көзін жойды. Жарасы жеңіл екен. Сосын да саптан кетпеді.
Жау айырылып қалған жерін қайырып алмаққа қайта-қайта қарсы шабуыл жасаумен болды. 1944 жылдың 14 қаңтарында жау солдаттарының үлкен бір тобы біздің траншеяларға өтуге мүмкіндік алды. Қолма-қол кескілесу басталған. Әлия автоматтан дәлдеп атып, фашистерді сұлатып жатты. Кенет ол ту сыртынан қауіп төнгенін сезді. Жалт бұрылып еді. Бірақ үлгіре алмады. Неміс офицері бұрынырақ атып салды. Әлия ең сонғы күшін жиып, автоматын көтеріп алды. Гитлершіл офицер топырақ қаба құлады.
Жаралы Әлияны жолдастары майдан даласынан алып шықты. Батыр қыздың жанын аман алып қалмақ болып бәрі қан тапсырды. Әйтсе де жарасы аса ауыр еді.
***
1944 жылдың 1 наурызында үлкен сержант Мәншүк Мәметоваға, ал 1944 жылдың 4 маусымында ефрейтор Әлия Молдағұловаға "Кеңес Одағының Батыры" атақтары берілді.
Екеуі де қыршын кетті. Бірақ олардың ерлігі халқының есінде мәңгілікке қалды.
Дайындаған
Захир ЖҰППАМБЕТ,
Арал қаласы