Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Күйеуінің кітабын сатқан әйел

Күйеуінің кітабын сатқан әйел

«Кел, балам, кітап алшы, саған арзан беремін», деген қарт әйел кісінің дауысы әлі құлағымда жаңғырып тұр. Алматының әлдебір көшесінің қиылысынан өтіп бара жатқан мен оның өтінішін орындап, алты-жеті кітап сатып алдым.
Су тегін. Көне кітаптарды ескі кілемге жайып, көшеде сатып тұрған бұл кісі мейлі кім келсе де, құрақ ұшып қарсы алып, кітаптарын сатып жатыр. «Қазақша кітаптар бар ма?», деп сұрап едім, «мұнда бар», деп ар жағында тұрған жә­шіктің ішінен алып шықты. Ыңғай жақсы кітаптар екен. Бәрін алдым. Кетіп бара жат­қанымда, ол кісі мені қай­та ша­қырып, «балам, саған сат­қан кітаптар жолдасымның жи­наған кітаптары еді, көзі тірі­сінде пайдаланған, екі жыл бұрын қайтыс болған, балаларым орысша мінезді болып өсті, кітап дегенге олар мүлде қызықпайды, тіпті әкесінің жазып-сызған дүниесіне де көз қырларын салмайды. Айт­пақшы, менің жолдасым жазушы кісі», деп біреу-міреу естіп қоя ма дегендей айналасына алақ-жұлақ етіп қара­ды. Сосын менімен қоштасып, кітаптарына қарай кетті. «Менің жолдасым жазушы», деген сөзіне селк еттім, қолы­ма ұстап тұрған кітаптардың алғашқы беттерін парақтай бастадым. Мүмкін бір жеріне аты-жөнін жазған шығар деген ой жетеледі. Еш­теңе таппадым. Екі-үш кітапқа әлдекімнің есімі жазы­лыпты, бірақ оны корректор қарындашпен өшіріп тас­тапты. «Күйеуінің кітаптарын неге сатады?», деген ұлы сұ­рақ көкірегімді тырналап бара жатты. Сосын ойыма «Ба­ла­ларым орысша өсті», деген сөзі түсе кетті. Әрине, орысша сөй­лейтін ұрпаққа қазақтың құн­дылығының түкке керегі жоқ екені осы екен ғой деген тұжырым мен үрей алдымнан сопаң етіп шыға келді. Желе жортып қызым оқитын мектепке бардым. Оқушылар үйлеріне қайтып бара жатыр. Анадайда тоғыз-он жасар қыз бала әкесімен орысша сөйле­сіп барады. Кенет көз алдыма әлгінде ғана мен кітабын сатып алған жазушы «елестеді». Кім біледі, ол да кезінде балаларын мектептен алып қайтарда осылай өзге тілде сөйлесіп бара жатқан шығар?!

Араға ай салып, сол көшеге әлдебір жұмыспен бара қал­дым. Бірақ күйеуінің кітабын сат­қан әлгі кісіні кездестірмедім, мүмкін, марқұм жазушының жиған кітаптары таусылған болар?
18 мамыр 2022 ж. 982 0