Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аманатқа адалдық

Аманатқа адалдық

Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі – адалдық. Адалдық дегенде шыншылдық, шын берілгендік, ар тазалығы тәрізді ізгі қасиеттер ойға оралады. Қазақ ежел­ден ұрпағын әділдікке, адалдыққа, жауапкершілікке шақырып, ұдайы «ешкімнің ала жібін ат­та­ма», «аманатқа қиянат жа­са­ма» дегенді санасына сіңіріп отырған. Әрбір адам баласы өзіне жүктелген істі «ардың ісі» деп сезінсе, «аманатқа қиянат жасамаса», тура жолмен жүрсе, қарапайым халық зиян шекпес еді.
Көпшілік адамдар «ама­нат» сөзін сақтауға бер­ген зат­ты қорғау, сақтау деп ұғынады. Ал Ис­лам дінінде ама­нат ол – парыз, осы па­рыз­ды атқаруда және оған дұрыс көңіл бөлуде са­ха­ба­лар Алла тағаладан жәрдем тілеп, бір-біріне сапарға шығар ал­дын­да: «Мен Алла тағаладан сенің аманатыңның және істеріңнің игілікті аяқталуын тілеймін»,– деп насихат жа­сап тұрған. Осы тұста аманатқа адалдық төңірегінде әлеуметтік желіден көзім шалған ғибраты мол жазбаны назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Кеңес өкіметінің кезі болса керек. Сыр сүлейлерінің сарқыты, атақты жырау Алмас Алматовтың үйіне бір туысқан жамағайыны келеді. Қалаға келген. Қалтасындағы қаржысын жаратып қойып, ауылына қайтатын ақшасы қалмапты. Алмас ағаны арқа тұтып, табан тіреп келіп отырған беті екен. Шәй ішіледі, тамақ желінеді. Туысқаны шаруасын айтады. Алмас аға 50 сом береді.
–  Айналайын, Алмасжан-ау, мынауың көп қаржы. Маған ауылға жететін ғана ақша керек. Оның үстіне мұны қайтарудың өзі қиынға соғады.
– Аға, қайтарамын деп әуре болмаңыз. Ініңіздің ілтипаты деп білерсіз.
– Жоқ, қарағым, әр нәрсенің қайтарымы болады. Мен қарыз сұрай келіп отырмын ғой.
Алмас ағаның егіз ұлы бар ғой. Құлдыраңдап шауып жүрген қос құлынына қарапты да "Аға, ауылға барғаннан кейін мына екі баланың еншісі деп екі қозыға ен сала салыңыз, қайтарымы сол болсын". Әңгіме осымен тәмам. Арада біраз уақыт өтеді. Кеңес өкіметі құлайды. Тәуелсіздік орнайды. Кешегі екі бала жігіт болып, ат жалын тартып мінеді. Күндердің күні болғанда жаңағы ағасының денсаулығы сыр беріп, қалаға емделуге келеді. Онда да Алмас ағаға "ауруханаға жатуға көмектес" деген өтінішпен келсе керек. Зыр жүгіріп шаруасын реттеп береді. Сөз арасында ұлдың біреуі үйленетінін, соның қат-қабат тіршілігімен жүргені, қаржыдан таршылық көріп қалып жатқаны айтылады. Сонда ағасы "Алмасжан-ау, біздің үйде балалардың еншісі бар ғой. Сол малды неге алмайсың? Қажетіңе жарайды ғой", – депті.
– Ол қандай енші, аға?
– Айналайын-ау, баяғыда өзіңнен ақша алып, ақысына екі қозыға ен салдым. Сол екі қозың бүгінде 80 бас қойға айналды. Жиырмаға тарта сиыр бар.
Алмас аға аң-таң. Өзі білмейтін бір отарға жуық малы бар екен.
         –Аға, қойдың жайы белгілі болды. Сиыры несі?
– Алмасжанның үйіндегі балдардың еншісі болсын деп екі бұзауға ен салғам. Соның көбейгені ғой. Малыңның басы аман. Бәрі орнында тұр. Көлігіңді жібер де, алып кете ғой.
Содан Алмас аға малын алдыртып, баланың тойын өткізіпті.
         Бұл әңгіме маған қатты әсер етті. Қазақтың қарапайым ақсақалының адалдығына қайран қалдым. "Аманатқа адалдық – ардың ісі" деп атам қазақ текке айтпаған. Қанша уақыт өтсе де малдың басына тиіспей, өз дүниесінен артық көріп бағып, өсіргені. Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын қамшының сабындай қысқа өмірде адалдық пен абыройды жаныңа серік еткеннен артық бақыт жоқ. Бүгінгі заманда оқыған, сауатты қазақтар бірін-бірі алдап, бірінің несібесін екіншісі іліп кетіп жатқан уақытта осындай ірілікті, кісілікті аңсайтының рас...
К. МАХСҰТ 
27 мамыр 2022 ж. 1 231 0