Ғасыр жасаған әже
Екі ғасыр куәгеріне барып сұхбаттасуыма сеп болған қаланың 95 жылдық мерейтойына жазған мақалаңыз бар ма деп, редакциядан қоңырау түсті. Кезінде қаланың 80 жылдығына сексен мақала жазып, кезекті нөмірге салғаным ойыма оралды. Таңғы ас Тәңірден деп, азанғы шайымды ішіп отырған бойым еді. Көгілдір экраннан 24 жасында Сұлтан Оразалы ағамыз аты аңызға айналған мемлекет және қоғам қайраткері, сол жылдары еліміздің Мәдениет министрі болған нағыз тұлға Ильяс Омаров ағадан сұхбат алуға барып, қабылдау бөлімінде екі сағат күтіп, әзер дегенде кіргенін есіне алды. Нар тұлға Ильяс аға: «журналистпен ойнауға болмайды, оларды күттірмей қабылдауым керек. Келесі жолы кезексіз күтпей кіре беріңіз»,– деп әлгі журналист ағамыздың төбесін көкке көтеріпті. Сирек туатын дәуір данасы Ильяс ағаның пікірінен кейін кеудемді журналистика мамандығына дегенқуаныш кернеп, рухым оянды. Сөйтіп 95 жылдық тарихы бар қаламен жасап, мәуелі бәйтеректей өсіп-өніп отырған асыл әжені күні кеше ғана тойлаған 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен және мемлекеттік мереке 25 қазан – Республика күнімен құттықтап, Көркей Жиенәлиева әженің қара шаңырағына имене кірдім.
Кейіпкерім киелі Қамыстыбас жерінде балықшы отбасында әкесі Жиенәлі мен анасы Фатиманың жанұясында дүниеге келіпті. Небәрі төрт-ақ сыныпты тәмамдап, еңбекке ерте араласыпты. Отбасында 4 қыз, 1 ұл дүниеге келіпті. Жастайынан нағашылары асырап алған үлкен апасы Раушан осыдан бірнеше жыл бұрын 97 жасында дүние салыпты. Көркей әже үйдің үлкені болып, өзінен кейінгі інісі Тілектес пен сіңлілері Толай мен Гүлсімге қарайласады. Есті қыз ес білгеннен қаланы көруді армандапты. Арманы 17 жасында орындалып, қалаға қоныс аударған. Ал әкесі соғысқа кетіп оралмаған екен. Қара қағаз алған анасы ауыр науқастан көз жұмады. Бауырларын асырап, қамқор болып, бар тауқымет қаршадай қызға түседі. Соғыс жылдары күні-түні жауынгерлерге қолғап, шұлық тоқып тапсырғанын есіне алды. Өзі туып-өскен Қамыстыбаста да әке-шешесімен балық аулау кәсібімен, ал қалаға келген соң да осы ата кәсіпті жалғастырыпты. Ай артынан ай өтіп, жыл артынан жыл жылжып, уақыттың уысында бауырларына әке орнына әке, ана орнына ана болып, бар қиыншылықты еңсеріп, өзінің де бойжетіп, ақ босаға аттар күнге жетеді. Балалығын панасыз жетімдерге пана болып, 27 жасында жолдасы Қоңырбаймен бас қосып, ата кәсіп балық шаруашылығында «Аралрыбпромда» сұрыптаушы болып жұмысын жалғастырады. Жұбайы да соғысқа барып, аман-сау келген екен. Күні-түні тынбай еңбек еткен ол тіпті аяқ киімінің жоқтығынан қолдан аяқ киім тігіп, аяғы тоңған кезде қарға үйкеп-үйкеп жылытып алатынын есіне алды. Өмір көшінде күйбең тіршіліктің қамытын киіп, тағдырдың айдауында жүріп, шалымен бірге вагонға балық тиеп, Ресейге жөнелткен екен. Мәскеу, Киев және де басқа қалаларға апарып тапсыратынын, орнына азық-түлік алып қайтатынын айтты. Алайда портта кран жүргізуші болып жұмыс істегенін, оны жүргізудің ауырлығын айтып бір күрсінді. Өмірлік жары Шарджоуда краны теңізге аударылып, қайтыс болғанын, барып жерлеп, дұға бағыштағанын күрсіне есіне алды.
Қиыншылықтың қамытын қайтадан киіп, өзі бар бауырларына пана болып асыраса, енді міне, жары қайтыс болған соң 3 ұл, 3 қызды өзі бағып-қағып өсіруіне тура келді. Күш-қайраты тасып қолына алған істі дөңгелентіп қана қоймай, еткен еңбегінің шыңға жеткізетінін, еңбекқорлық қасиетінің барына сенетін. Сол асыл қасиетті бар баласына үйреткен кейуана кейін ісмерлік өнерді қолға алып, бар баланы жеткізу үшін шаршау дегенді ұмытқан екен. Иә, көрінген ұл-қызды аяққа тұрғызу керек, өмір күрес, ол өзімен-өзі күресіп, күні-түні ізденіп, еңбектену арқылы өзінің де, балаларының да көп нәрсеге қол жеткізгенін, жоғары оқу орнына түсуге күшін салғанын әңгімелеп берді. Ел қамын ойлайтын адал ұл-қызды тәрбиелеп, азамат қылып өсірді. Тұла бойы тұңғышы Гүлсарасы қазір 67 жаста. Анасынан үйренген еңбекқорлығының арқасында әлі ат үстінде. Тұрмыс құрған, Ұлытау облысында еңбек көрігін қыздырып жүрген жайы бар. Сол қызы қала әкімінің орынбасары болып он шақты жылдай қаланың экономикасын, әлеуметтік саласын көтеріп, өсіп-өркендеуіне бір адамдай еңбегін сіңіргенін айта кетуіміз керек. Көркей анамыз қол қусырып отыруды білмейтін жан. Өз кәсібін ашып, құрақ құрап, көрпе тігіп, текемет басып, алаша тоқуға ықыласы ауыпты. Ең бастысы, осы өнерден де еңбегінің жемісін көрді. Қыздары мен келіндеріне, туыстарының балаларына тігін өнерінің қыр-сырын жалықпай үйретті. Ең алдымен дейді кейуана: «құрақ құрау үшін де, алаша тоқу үшін де, текеметті басып, оны ою үшін де матаны да, жүнді де жан-тәніммен сүйдім. Әуелі ойша ойланып, көрпешелер мен киіздің ою өрнегінің нұсқасын жасап, қиюластыратынмын»,– деді. Осы еткен еңбегі жан жарасын жазыпты, өміріне жарық сыйлапты. Әрбір атқан ақ таңдарына ұласқан ақ армандарынан құралған көрпе, алаша, текемет, шұлық, тоқымаларынан таза еңбекпен тапқан нәпақалары балаларының адал еңбекке сенімділігін оятып, төбесін көкке жеткізіпті. Өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп, ұлттық өнерді дәріптеуде ақ жаулықты әженің еңбегі ерен екен. Аяулы анамыздың қолы алтын ғой, шіркін! Қазір күш-қайраты қайтқан. Десе де оның қолтаңбасы бар құрақ, сырмақ, түскиіз сынды қолөнердің түр-түрін танып, бәрін де өз қолымен жасағаны кім-кімді де қуантады. Кейуананы заманауи әже ме деген ой түйдім. Ол өзі куә болған біраз жайларды ортаға да салды. Ұл мен қызы саясатқа араласқандықтан ба, саясаттан да хабары бар бұл әжеммен мақтандым. Ол сөз арасында қазақ ұлтының дамыған, өркениетті мемлекет болса екен деп армандайтынын айтты. Армандары мен ойлаған мақсаттары орындалатынына кәміл сендім. Өйткені аузы дуалы, текті әже екені сөйлеген сөзі мен істеген ісінен көрініп-ақ тұр. Иә, әрбір адам өзгерісті өзінен бастауы керек. Анасына қарап ұл-қыздары да, немере-шөбере, жиендері де сол ізгі арманды орындауға үлестерін қосуда. Бала тәрбиесінде де, қоғамдық өмірде де қаланың өркендеуіне қосқан еңбегінің жемісін көру баға жетпес байлық қой дей келе, ең үлкен жетістігіміз – тәуелсіздік алып, декларация қабылданған күннен бастап үш онжылдықтан төртіншісіне аяқ басуымыз бұл тұрақтылығымз бен бірлігімізді сақтаудың маңыздылығы біле-білген жанға, деді тыл ардагері.
Кейуанаға қойған сауалым қалаға байланысты болған соң, ұзақ ойланып, өткенді есіне алды.
– Ол бір қиын кезең еді. Қуғын-сүргін, соғыс жылдарындағы ауыртпашылық, ашаршылықтың тірі куәгерімін ғой. Он үш жасымда еңбекке араласып, міне содан бері де 86 жыл зымырап өтіпті. Бір адамның ғұмыры ғой,– деп терең ойға шомды.
Бүгінгі таңда шынында да Арал қаласы ең әсем қала ғана емес, қарқынды дамып келе жатқан аудан орталығы. Әрине әсіресе тәуелсіздік алған жылдар ішінде қаланың толық газдандырылуы, таза ауызсумен қамтамасыз етілуі және де басқа ауқымды жұмысты жүзеге асыру үшін аудан, облыс, республика басшыларының біліктіліктері мен ұйымдастырушылық қабілеттерін атап өту керек. Әрине алда қаланың канализация жүйесін қолға алып, аспалы көпір салу да кезек күттірмес шаруаның бірі, деді кейуана.
Еліміз бойынша моноқалалардың ішінен ең ірі қалаға айнала қоймаса да, заман талаптарына сай абаттандырылған, инфрақұрылымы жетілдірілген облысымыздағы ең көрікті аудандардың бірі.Соңғы жылдары қалада біраз тұрғын үй мен ішкі істер бөлімі, аудандық сот, прокуратура, банк ғимараттары, орта мектептер мен кәсіпкерлік нысандардың бой көтергенінің куәсі болдым. Көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделуде. Әлі де жөнделетін жолдар баршылық екен. Иә, жақын болашақта ғасыр жасаған әженің арманы орындалып, теңізіміз кемеріне келіп, қаламыз өндірісі дамыған, келбеті келіскен, инфрақұрылымы жетілген (канализация жүйесі жүргізілген) тұрғындардың өмір сүруіне ыңғайлы, әсем қалаға айналатыны сөзсіз. Көзі ашық, көкірегі ояу ол көп нәрсені көгілдір экраннан көріп, ой түйетінін жасырмады. Бір айта кетерлігі, бұл орайда Арал теңізін әлем таныды. Сол киелі теңізіміз қайтып оралса екен деген арманын айтты. Облыс аудандарының ішінде Арал ауданының өзіндік ерекшелігі бар екендігін, қалада өндіріс орындарын ашуды қолға алса, өйткені балаларымыз тентіреп, өзге өңірлерге жұмыс іздеп кетпес еді-ау. Кезінде балық саласында үкіметтің жұмысын істеп жүріп, үй шаруасын түнімен атқарып, үй әктеп, кір-қоңын жуып, қолөнермен айналысқанын, кейін бұл өнерге дендеп бет бұрғанын айта келе кейуана: «Судың да сұрауы бар, суды үнемдеңдер, сабынның да қадірін біліңдер. Өйткені кезінде сүйек жинап, оны қайнатып сабын жасағанбыз. Сондықтан жастарымыз қай нәрсенің де қадірін білсе екен»,– деді. Ол Қамыстыбас елді мекенінде де, қалағақоныс аударған соң да балық саласында еңбек еткенін айта келе, бұл саланың қазіргі жай-күйіне де алаңдайтынын айтты. Әженің сөзінен түсінгенім, түйткіл мынада екен. Өз байлығымыздың өз аузымызға жетпей, талан-таражға түсіп, теңіздің басынан жан-жаққа кетуі. Ал қалаға өңкей майда шабақтардың қымбат бағада келуі. Оның басты себебін халық түсінеді. Аптасына кемінде екі-үш мәрте балық жеген баланың миы жақсы жұмыс істейтіні ғылыми дәлелденген тұжырым. Ал қаладағы балалар оны тек түсінде ғана көреді демесі бар ма?! Шынында да ойланарлық жайт екен.
Тәуелсіздік алған күннен бастап менің бір байқғаным, жоғалтып ала жаздаған құндылықтарымызды тауып, қайтарып жатырмыз, деді. Шынында да әже дұрыс айтады. Қазағымыз кеңес үкіметінің өктем саясатының салдарынан өз ана тіліміз бен дәстүрімізден айырылып қала жаздағанымыз шындық. Салт-дәстүрді жалғастырып, ұлы Мырзабек қолөнер шебері болып ағаштан түйін түйсе, немерелері Асылбек пен Асланбек те шеберхана ашып, ұрпақтар сабақтастығын жалғап, «әке көрген оқ жонар...» демекші, қолөнерді жалғастырып отырғаны көңілге үлкен қуаныш ұялатады. Олар барлық деңгейдегі көрмелерге қатысып жүрген жайы бар.
Тәрбие ісінде ата-ана мен баланың өзара қарым-қатынас басты орын алатынын айта келе, тәрбиені ісімен көрсетіп үйреткенін, бала оны жылдам қабылдап, отбасындағы іс-әрекеттердің мол болатынын, сондықтан жанұя бала үшін өмірлік маңызды әлеуметтік орта,өйткені ол баланың болашағына сенім артып, нық қадам жасауына зор ықпал ететінін жеткізді. Еліміз өркениет көшінен қалмасын десеңіз, бала тәрбиесіне көңіл бөлуі қажет болашақ осы бала тәрбиесінде дей келе, жүрегі жомарт, іскер, білімді де білікті ұрпақтың өсіп-жетілетінін жеткізді. Өлмес құндылығымыз, рухани қазынамыз қолөнер осы құндылықтардан нәр ала білген бала адамгершілік пен асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Әжесін қолынан ұстап, жетектеп отырғызып жүрген шөберелері Рамазан 5-сыныпта, Абдулрахим бес жаста, ал Айзересі үш жаста. Олардың алақынан май жалап, күнде су ішіп, шат-шадыман күй кешіп отырған бақытты қарттан ұзақ жасаудың сырын сұрадым.
– Әуелі Алла ғұмырды беретін Жаратқан ғой. Ең бастысы, балаларымның жетістіктеріне қуанып, уайым-қайғысыз өмір сүргеннің арқасы. Келінім Бибігүл мен немере келінім Динара алақандарына салып, бағып-қағуда, – деп ағынан жарылды.
Аудандық диагностикалық емханада аяжан болып еңбек ететін келіні Бибігүл: «енемді өзім шомылдырамын, бұл кісіден көп нәрсені үйрендім, жалпы, енемнің қатты ұстағанының арқасында пысыдым» деп әңгімеге араласты. Ал немересі Гүлсая жаңақорғандық Абушама атты ер азаматқа күйеуге шығып, үш бірдей жиен-шөберелерді дүниеге әкеліпті. Кейуана бейбітшілік бәрінен қымбат, береке-бірлігімізден айырмасын, барша қаланың және аудан тұрғындарын 95 жылдық мерейтойымен, еліміздің басты мерекесі республика күнімен құттықтап тау-тасы тарихқа мәлім, ал теңізі әлемге аян теңіз аттас қаланың тіршілігі болашақта қайнаған өндіріс ошағына айналары сөзсіз деді. Өндіріс орындары ашылып, үміт оты жанатынын, халықтың тұрмыс сапасының көтерілетініне, ұлт болып ұйысып, жұмыла жұмыс істеп, қаланы дамыту басты назарда болатынына кәміл сенімдіміз.
Иә, ғасыр жасаған әженің еңбегінің жемісін көруі баға жетпес байлық қой. Еңбек өмірдегі екінші анаң, еңбекқорлық асыл қасиет екенін 99 жастағы әжеден көріп, тәнті болдым. Шын тілесең арман орындалады екен. Бір жағынан өжеттілігі жауапкершілік жүгін жеңілдетіпті. Кейуананың бойындағы еңбекке деген ұмтылыс күш-қуатымен ұштасқанда ғана көп нәтижеге қол жеткізгенін байқадық. Тіпті оның бір кездері маңдай термен Ақбай алқабына жаңғақ, тары егіп, оны қайнатып, түйіп, шиге салып, кептіріп, сөк-талқанын жасапты. Еккен тарысын, жидегін күтіп-баптады. Арамшөбін отады. Күнделікті осы шаруаны жалқаулыққа салынбай, тоқылдақпен барып, мұқият атқарып, жемісін де жеген кездері аз емес. Әрине ол да қанына сіңген асыл қасиет. Әр ісінен үлгі-өнеге алған балалары, бауырлары абырой арқалған анасының басын төрге шығарды. Құрметтесек, еңбек адамын құрметтейік. Еңбек көрігін қыздырған кейіпкерім Көркей кейуана көріпкел кісі ме деп ой түйдім. Осындай текті анадан текті ұрпақ тарайтыны жазылмаған заңдылық-ау, сірә?!
Киелі теңіз аттас қаланың өсіп-өркендеуіне зор еңбегін сіңірген өмірі мен ерлігі өскелең ұрпақ үшін өнегеге толы зор мақтаныш тұтатындай асыл әже туралы қысқаша жеткізуді мақсат тұтқан эссемді С.Мәуленовтің бір шумақ өлеңімен қорытындылауды жөн көрдік.
Жақсы адамның алақаны аялы,
Жақсы адам жасыл емен саялы.
Жұлдыздардай шақырады биікке,
Жақсы адамның жарқын өмірбаяны.
Құндыз Дәуітова,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі