Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарақұм өңірі тарихи кезеңдердің куәгері

Қарақұм өңірі тарихи кезеңдердің куәгері

Қазаққа тиесілі ұлан-ғайыр атыраптың қай қиырына барсаңыз да тұнба тарих пен сырға толы рухани әлеммен бетпе-бет келесіз. Себебі, сонау есте жоқ ескі заманнан бері бұл маңда небір тіршілік қайнаған, небір алыптар, жаратылысы бөлек жандар жүріп өткен. Міне, солардың ізіндей, уақыт өте көненің көзіндей болған құнды өлкелер көп кездесіп жатады.
Мәселен, ауданымызға қарасты Қарақұм өңірінің өзі қызығушылық танытқанға зерттеуді қажет ететін аса құнды, бай өлке. Басқасын айтпағанда, қазақ елінің тарихында ел басына күн туған қиын-қыстау заманда Жоңғар шапқыншылығының бетін қайтарып, халқымызды азаттық жолындағы күреске ұйыстырған «Қарақұм құрылтайы» атты оқиғаның өзі неге тұрады. Сонау ХVІІІ ғасырдың бас кезінде Тәуке ханның дана басшылығымен шақырылған «Қарақұм құрылтайының» осы Қарақұм өңірінде өткеніне тарих куә.
Қарақұм өңірінен шығып, сазгерлік, күйшілік өнерімен барша қазаққа танылған Шал Мырза күйшінің «Жыланды жайлауы» деген өңірі бар бұл маңда. Төртқара руы, Шал аталығының тұқымы саналған Мырза Тоқболатұлының есімі осылайшы Шал Мырза аталып кеткен. Ол 1847 жылы Қазалы уезіне қарасты Қарақұм қойнауындағы «Жыланды» деген жерде дүниеге келгендіктен, осы өңірді көпшілік білуі үшін Шал Мырза күйшінің Жыланды жайлауы деп айтқан абзалырақ. Жаугершілік заманда өмір сүрсе де қазақ өнерінің туын құлатпай, өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа көптеген күйлерін аманат етіп қалдырған Шал Мырза күйші, 1934 жылы 87 жасында қазіргі Қазалы ауданына қарасты Басықара деген өңірде дүние салған.
Қарасақалдың Пұсырман аталығынан шыққан Бейсеу баласы Өтеп Ишаннның есімін Сыр өңірі толықтай біледі десек артық айтқанымыз болмас. Ислам дінінің біздің өңірімізде кең етек жайуына атсалысып, ғұмырының соңына дейін Ислам дінің ізгілік қағидаттарын ұстанып өткен Өтеп Ишан жайында қанша сөйлесек те тарихтың айтары таусылмасы анық. Ал, осы бабамыздың бір кездері Қарақұмдағы Көкаша жерінде бір замандарда мешіті болған деген мәліметті бірі білсе, енді бірі білмес. Бір деректерде Сыр мен Қырға аты мәшһүр Қарасақал Ерімбет ақынның ұйымдастыруымен Көкашада мешіт үйі салынғандығы айтылады. Өтеп Ишан бабамыз сол мешітте бала оқытумен қатар Қарақұм өңірінде Ислам дінінің кең етек жайып, имандылықтың дәні көптің бойына даруы жолында діни саланы дәріптеп өтеді.
Қазақ халқының отаршылдық саясатқа қарсы ұлт-азаттық көтерілісін бастаған атақты Кенесары хан мен Наурызбай батырдың арқа жерінде Қырғызға қарсы жорығында жеңіліс тауып осы Қарақұмдағы «Қараүңгір Тұздақ» өңріні екі жылдай жайлаған деген деректер бар. Міне, осы бір тарихи дерекке қарап-ақ, біз қасиетті Қарақұм өңірінің жалғызға пана, жығылғанға жастық болғанын бақаймыз. Шетсіз де шексіз құмды бұйраттары бір-біріне жалғасып жатқан Қарақұм өңірі шындығында ел басына күн туған қиын-қыстау замандардың куәгері, кеудесіне сыр бүккен шерлі де, шежірелі өлек деуге толық болатындай.
Ұлы даланың қазаққа сыйлаған сыйлы перзенттерінің бірі болып, Орта Азия мен Қазақ жеріндегі жастар қозғалысының жалынды ұйымдастырушысы Ғани Мұратбаевтың есімі аталғанда, еліміздің арда азаматтардар кенде болмағанын анық байқаймыз. Қазақ елінің маңдайына басқан шоқ жұлдызындай болған дала перзентінің кіндік қаны осы Қарақұм өңіріндегі Арғымақ төбе деген жерге тамғанына сену қиын болар. Алайда, осы бір сөзімізге куә болар тағы да тарихтың өзі. Оның өмірбаяндық мәліметтеріне көз салсақ, 1902 жылы сол кездегі әкімшілік басқару бөлінісіне сәйкес Ташкентке қарайтын Сырдария облысының Қазалы уезінде дүниеге келгендігі айтылады. Бұл деректерге қосымша өз қолымен жазылған өмірбаяндық жазбаның да бар екені және онда өзінің кезіндегі Қазалы уезіне қарасты «Қарақұм» атты көшпелі құм даласында туылғандығы жазылған. Демек, текті тұлғаның кіндік қаны тамған жері осы Қарақұм өңірі деуге болатындай.
Тағы бір тарихи деректерде өз заманында ұлт мүддесі мен ел тұтастығын қорғауда айрықша үлес қосқан атақты Кетебай биге Баршақұмдағы «Кетебай мазары», «Кетебай қыстау» деген жерлер пана болғандығы тарихта айтылады. Демек, осы деректердің өзі би әрі батыр Кетебайдың осы Қарақұм өңіріне табаны тигендігін алға тартады. Бұл да қатпарлы тарихтың ғасырнамалық жадында сақталған тың дерек, құнды мәліметтер қатарынан табылады. Біз осылайша киелі Қарақұм өңірінің тұнба тарихтың өзіндей, сол бір бабалар заманының куәгеріндей болып келе жатқан өңір екенін көпке жеткізгіміз келді.
Иә, тарихтан теріс айналу елдікті жоғалту. Біз сан ғасырлар бойы ғұмыр кешкен қазақтай ұлттың тарихын кеңінен тани түсуге талпынуымыз керек. Соның ішінде туған жер тарихын әрбір өз елінің азаматы білуі тиіс деп ойлаймыз. Елбасымыз да «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы бір туған жер тарихына кеңінен тоқталды емес пе?! Елбасымыз аталмыш мақалада:
...Туған жер-әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу-шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі,-деді. Демек, біздің әрқайсымыздың жүрегімізде туған жерге деген іңкәрлік, оның тарихын тануға деген ниетіміз таудай болуы тиіс. Сонда ғана санамызда елге, жерге деген құрмет салтанат құрмақ. (Деректер: өлкетанушы, білім беру саласының ардагері Ұ.Қуатовтың «Құт қонған өңір-Қарақұм» атты кітабынан алынды).
Дайындаған: А.Бисенов.
30 қараша 2022 ж. 759 0