Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Желтоқсан – қыс мезгілінің алғашқы айы

Желтоқсан – қыс мезгілінің алғашқы айы

Желтоқсан – жыл мезгілінің соңғы, қыстың алғашқы айы. Қыстың хабарын әкелген желтоқсан ашушаң, қатал адамның бейнесін елестетеді. Ол өзге он бір айдан осы салмақтылығымен ерекшеленеді. Қазаққа тәуелсіздікті әперген дәл осы желтоқсан екенін білеміз. «Жел» және «тоқсан» деген сөздің қосындысынан шыққан, яғни «желді, боранды тоқсан» немесе «желдіборанды маусым» дегенді білдіреді. Ежелгі түріктер бұл айды «жел айы» деп атаған. Бұл айда қыс күшіне еніп, қатты суық басталады. Бұл суық, әрине, 3 айға – бір тоқсанға созылады. «Қыс түсті» деген сөз қыспаққа алатын, «Қыс қысылатын мезгіл жетті» дегенді білдіреді. Желтоқсанның 22-сі күні – күннің қысқару шегі. Мұны «күннің тоқырауы» дейді. Жұрт жаппай соғым сояды, «майқуырдақ», «соғым басы» басталады. Халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс тіршілігіне арқау етіп, қолдана білген. Солардың бірі – халықтың ауа райын болжау тәсілдері. Қысы-жазы далалық өмірде тіршілік еткен халқымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білгендігі сондай, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап ел тауып, құс, жанжануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасап отырған. Желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды "Қырбастың қызылы" дейді. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде қыс ерте түсіп, шыңылтыр аяз бола бастайды. Қазақ даласында желтоқсан айының қатты боран соғатын соңғы онкүндігінде киік текесінің маталу, яғни киік күйегі басталады. 2-3 күн ішінде маталу толық аяқталады. Желтоқсан айындағы бұл боранды қазақтар «теке бұрқылдақ» деп, ал кей өңірде «текенің бұрқағы» деп те атайды. Желтоқсан айында туылған адамдар өте сезімтал және көңілшек болады. Бұл айда туылған ер адамдар ашуланғанда өзін-өзі ұстау қабілеті әлсірейді. Сондықтан болмашы нәрсеге қабақ шытып, айқай шығаратын әдеті бар. Олар ұрыншақ келеді. Жағымсыз жайлардың себепкері ретінде жиі көзге түседі. Бірқалыпты өмірден тез жалығады, дос-жаранының көп болғанын қалайды. Олар қызуқанды келеді. Әйелдер ашық мінезді, үйден гөрі түздің шаруасына бейім. Көпшіл, бауырмал. Бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Сезімтал, қызуқандылығымен қатар өкпені кешіре алмайтын мінезі де болады.

К.МАХСҰТ
06 желтоқсан 2022 ж. 1 163 0