Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шебер суреткер, мейірім-шапағаты мол ақын

Шебер суреткер, мейірім-шапағаты мол ақын

Биыл қазақ ақыны, сыншы, аудармашы, сықақшы, жерлесіміз Жарасқан Әбдірашевтіңтуғанына 75 жыл толады. Қазақ поэзиясына өзіндік үн ерекшелігімен келген ақындардың қатарында Жарасқан Әбдірашевтің есімі ерекше аталары хақ.
Ол 1948 жылы 7 наурызда Арал ауданы, Аманөткел ауылында дүниеге келген. 1963 жылы орта мектепті тәмамдап, Қазалы ауыл шаруашылық техникумының механика факультетіне оқуға түседі. Сол бір бозбала шағында, 14-15 жасар кезінде Қызылорда облыстық газеттерінде тырнақалды өлеңдері, мақала, əңгіме, аудармалары жариялана бастайды.
1969 жылы Әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жалын» альманағында, «Жұлдыз» журналында, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем аударма және әдеби байланыстар жөніндегі бас редакцияда қызмет атқарған, «Тамаша» ойын-сауық театрында бас редактор болған.
Жарасқан ақын шығармашылығы сан қырлы. Балалар әдебиеті мен аударма саласындағы еңбегі де ерекше болды. Ақынның өлеңдері орыс, неміс, венгр, украин, беларусь, тәжік, ағылшын тілдеріне аударылды. Өзі де әлем әдебиетінің классикалық шығармаларын қазақша сөйлетті. А.С.Пушкиннің, Р.Тагордың, М.Бсисудің, П.Элюардың, Я.Купаланың, К.И.Чуковскийдің, А.Л.Бартоның, А.А.Блоктың жекелеген туындыларын қазақ тіліне аударған. Сонымен бірге «Тамаша» әзіл-сықақ театрына интермедиялар жазды. Осындай әдебиетке, өнерге деген сүйіспеншілігінің, поэзияға деген құштарлығының арқасында небары 21 жасында КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды.
Жарасқан Әбдірашев «Тұңғыш кітап»,«Ақ қайран», «Найзағайлы жаз», «Саяхат», «Парасат пен парыз», «Дала, сенің ұлыңмын», «Соғыстан соң туғандар», «Перзент парызы», «Сана соқпағы», «Әзілің жарасса», «Көңіл көкпары», «Шежірелі шаңырақ», «Құлпытас» секілді жинақтардың авторы. Ол 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағы М.Жұмабаев атындағы сыйлықтың алғашқы иегері болды.
Жарасқан Әбдірашев шығармашылығы туралы әдебиетші ғалым, профессор Б.Майтанов: «Қазақ поэзиясына ХХ ғасырдың 70-жылдарына қарай еркіндей басып, еркелей келген дарынды жас Жарасқан Әбдірашев болатын» дей келе, ақын поэзиясының көркемдігі мен тілі, шеберлігі туралы ой қозғайды. Ал жазушы, әдебиет зерттеушісі З.Қабдолов ақынның тіл шеберлігі турасында: «Айтқысы келген сырын, танытқысы келген шындығын жан тебірентер әсерлі суретке айналдырып, қағаз бетіне көңілдегі қалпынан айнытпай түсіру үшін ең қажетті бірден-бір сөз табу – шебер суреткердің қасиетті парызы» – деген еді.
Тіл құнарлығы мен ой тереңдігін, поэзия рухын қатар меңгерген тума талант иесінің өлеңдерінде биік азаматтық сарын, халқымен бірге қуану, халқымен бірге азаптану бар. Халық тілінің бай мұрасынан сусындаған Жарасқан ақынның қай өлеңін алсақ та сұлу сарын мен өмірдің қарапайым шындығы көркем тілмен суреттеледі. Жарасқан Әбдірашев – егемен елдің жастарына ата сөздің асылын, ата салттың үрдісін салиқалы жыр жолдары арқылы жеткізе білген мейірім-шапағаты мол ақын.
Ақын оннан астам жеке жинақтары мен үш томдық таңдамалы кітаптарын небәрі 53 жасында жазып үлгеріпті. Иә, тағдыр ісіне амал нешік, ол 2001 жылдың 10 ақпанында бұл фәнимен қош айтысты. Оның бостандықты, егеменді, мәңгілік бірлікті, өмірдің жақсылығын, болашағын армандаған өлмес өлеңдері арқылы шығармашылық ғұмыры өзі сүйген халқының рухани азығы болып қала бермек.
К. МАҚСҰТ 
11 ақпан 2023 ж. 544 0