Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шағбан айы туралы не білесіз?

Шағбан айы туралы не білесіз?

Ертең, 21 ақпан – мұсылман жыл санауы бойынша Шағбан айының бірінші күні, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады, сәйкесінше оразаға 30 күн қалды. Бұл отыз күн – мұсылман жыл санауы бойынша Шағбан айына сәйкес келеді. «Шағбан» – «көп жақсылықтың бастауы» деп аударылады, халық арасында оны «оразаға дайындық айы» дейді. Шағбан айында мұсылмандар қандай амалдар жасауы қажет? Бұл айда ауыз бекітіп, ораза ұстауға бола ма? Осы сынды түрлі сұрақтарға ҚМДБ деректеріне сүйене отырып жауап береміз.

Шағбан айы қашан басталады?

Биыл Шағбан айы 21 ақпанда басталып, 23 наурызға дейін жалғасады. Бұл – исламдағы қасиетті үш айдың бірі. Шағбан айыннан кейін ораза ұстау парыз етілген Рамазан айы келеді.

Шағбан сөзінің мағынасы қандай?

«Шағбан» сөзі «көп жақсылықтың бастауы» деген мағынаға ие. Бұл ай ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді.

Шағбан арабтың бес әрпінен тұрады. Шин, айн, бә, әлиф, нун:

шин – Алла Тағаланың шарапаты;
айн – дәрежесінің көтерілуі;
бә – Алланың жақсылығы;
әлиф – хаққа жақындау;
нун – Алланың нұры.
Осы айда ораза ұстаған адамға Алланың шарапаты жауады, сондықтан «шарапаты мол Шағбан айы» деген сөз бар.

Шағбан мен Рамазанның байланысы қандай?

Шағбан айын Рамазанға дайындық айы деуге болады. Бұл айда мұсылмандар Рамазанды бос өткізіп алмаудың қамын жасағаны жөн.

Шағбанда оразаға қалай дайындалады?

Бұл айда денсаулыққа көңіл бөліп, иманның да, дененің де иммунитетін барынша көтеріп алу керек. Мүмкіндік болса дәрігерге көрініп, асқазан-ішек жолдарын тексеріп алған жөн. Биыл ораза көктемнің қақ ортасында басталатындықтан авитаминоз, яғни ағзадағы витамин жетіспеушілігі жиі мазалайтын уақытқа дөп келіп тұр. Осы орайда ағзаңызға қажетті дәрумендерді, құнарлы тағамды уақытылы ішіп, ыңғайы келсе дүйсенбі мен бейсенбі күндері немесе аптасына кем дегенде бір күн ораза тұту абзал болмақ.

Ал рухани дайындыққа ораза жайлы нақты мәліметтерді білу, Құран оқу, білмесе оны үйрену, салауат айтып, дұға оқу, ағайын-туыспен, отбасымен, достармен байланысты жақсарта түсу, ренжіскенмен татуласу жатады. Сондай-ақ бұл - жаман әдеттерді тастап, жақсы әдеттер үйренуге таптырмас уақыт.

Шағбанда неше күн ораза ұстау керек?

Шағбан айы – шамасы келген мұсылманға көптеп нәпіл (ерікті) ораза ұстайтын ай. Дегенмен, қанша күн әрі қай күндері ораза ұстау керек екені жайында нақты айтылмаған. Сондықтан қанша күн ұстаймын десеңіз де өз еркіңіз.

Мәселен, дүйсенбі мен бейсенбі күндері ауыз бекітсе болады. Сондай-ақ Шағбан айының 13, 14, 15 күндері, яғни, «үш ақ күндері» ораза ұстаған дұрыс. Әсіресе Шағбан айының 15-ші күні күндіз ораза ұстап (6 наурыз), түнін (Бараат түні, 7 наурыз) ғибадатпен өткізгеннің сауабы мол.

Шағбанда қарыз оразаны ұстауға бола ма?

Иә, болады. Рамазан айынан өтелмей қалған қарыз оразаны осы айда өтесе болады. Алайда Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана ұстағаны абзал. Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ.

Рамазан айына екі-үш күн қалғанда ораза тұтпаған абзал.

Бараат қандай түн?

Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған (6 наурыздан жетісіне қараған) түн – Бараат түні. Бұл түні құбыла Құдыс қаласындағы Ақса мешітінен Меккедегі қасиетті Қағбаға қарай өзгерген. Бараат түнін күнәдан тазару және «кешірім түні» деп те атайды. Ислам ғұламалары Бараат түнін Рамазан айындағы Қадір түнінен кейінгі ең ұлық түн деп есептеген. Бараатты бос жіберіп алмай, шама келгенше құлшылық етіп өткізу Рамазан айындағы мың айдан да қайырлы Қадір түніне дайындық іспеттес. Бараат түнін дұрыс қарсы алу үшін бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Алайда кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Бараат түні намаз оқыған, сәресіні ішкен адамға Рамазанның соңғы түндері жеңіл болмақ.

Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде Пайғамбарға көп салауат, күнәлардың кешірілуін тілеп, дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Бұл түні көп ғибадат жасап, күнә істерден арылып, тәубе еткен жөн.

Бараат түні қандай құлшылық жасауға болады?

Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Кімде-кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.
Тиләуәт. Құран оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылық түрі. Намаз оқып болған соң я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.
Зікір. Пайғамбарға салауат айту. Сондай-ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.
Дұға. Бұл түні көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі.
Бараат түні қандай амалдар жасауға болмайды?

Күнәлі істерден аулақ болу қажет. Кейбір жандар осы түнді атап өту мақсатында еркеше тағамдар әзірлеп, үй ішін я болмаса мешітті безендіріп жатады. Мұның бәрі негізсіз амалдар. Кейбір адамдар бір жерге жиналып діни жиын өткізіп, ұзақ сабақтар оқиды. Мұндай амалдарды атқарудың қажеті жоқ. Бұл түні тек қана құлшылық жасаған абзал.

Намаз, Құран оқу және зікір деген секілді құлшылықтарды топпен емес, жеке орындау қажет. Нәпіл намаз жамағатпен оқылмайды. Бұл түнді атап өту үшін жамағатты мешітке жинаудың қажеті жоқ.
20 ақпан 2023 ж. 572 0