Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлық айлардың бірі - Ережеп

Ұлық айлардың бірі - Ережеп

Мұсылман баласы үшін қасиетті айлардың бірі – Ражаб (Ережеп) айы да келіп жетті. Ережеп – Исламдағы ұлық айлардың бірі. Қасиетті Құран Кәрімде: (Тәубе сүресі, 36-аят) «Тегінде, аспан мен жер жаратылған күннен бастап, Алла тағала айдың санын он екі етіп белгілеген. Оның төртеуі (зулқағда, зулхижжа, мухаррам, ражәб) соғысуға тыйым салынған айлар. Бұл айда өздеріңе зиян жасамаңдар» деген.
«Ережеп» сөзі араб тілінен аударғанда «ұлықтау», «мадақтау» деген мағыналарды білдіреді. Бұл айда соғыспайтын, ұрыс-керіс, жанжал болмайды, тәубе етушілерге Алланың рақметі мен мейірімі ерекше мол төгілетін ай.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннатта сүттен ақ, балдан тәтті өзен бар. Ол «Ережеп» деп аталады. Кімде-кім ережеп айында ораза ұстаса, Алла тағала сол өзеннен су ішкізеді», – дейді. Сондай-ақ тағы бір хадисте: «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы» деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қасиетті айларға көп көңіл бөліп, сахабаларға оларды қалай өткізу керектігі жөнінде айтатын. Сондай-ақ ережеп айы кіргенде: «Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр! Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!» деген дұғамен қасиетті айларды бастайтын.
Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы Рағайып түні болса, жиырма жетінші түні Миғраж сапарына дөп келеді. «Рағайыптың» сөздік мағынасы «жауһар, құнды, бағалы, игілік» деген мағыналарды білдіреді. Осыған байланысты «Ләйлә Рағайып» тіркесін «жақсылық пен игілікке толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл түні нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ айтып, шүкіршілік жасап, дұға кешірім тілеп, намаз оқыған.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дұшпандармен табанды күрес жүргізіп, әбден қажыған шағында, Жаратушы Алла Пайғамбарымызға қасиетті Миғражды нәсіп еткен еді. Миғраж, сенімді дерек көздеріне қарағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп үмбетіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый – намазды әкелген еді. Сондықтан болар, пенде намаз оқыған сәтте бейне бір миғражға көтеріліп, Алланың құзырына барғандай әсерленеді.
Ғалымдардың бірі: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды деген. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады» деген екен. Сол себепті, бұл айды барынша пайдалы өткізіп, ғибадат жасап, дұға етіп, ораза ұстап, нәпіл намаз оқыған жөн. Алла тағала баршамызды Ережеп айының игілігі мен берекесін нәсіп етсін!
А .МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
28 қаңтар 2023 ж. 587 0