Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айлардың мырзасы – Рамазан

Айлардың мырзасы – Рамазан

Айлардың сұлтаны болған – Рамазан айы күнтізбе бойынша сәуірдің 13-ші жұлдызында кіреді. Рамазан айының мәртебесі туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Айлардың мырзасы – Рамазан, күндердің мырзасы жұма, түндердің мырзасы — Қадір түні». Сауабы сарқылмайтын қасиетті айда мол сауаптан кенелуге мүмкіндік бар. Бұл айдың қасиеттілігі сонда, күндіз немесе түнде оқылған Құранның әрбір әрпі үшін еселенген сауап бар. Бұл айда шайтандар кісенделіп, тозақ есіктері жабылып, жұмақ есіктері ашылады. Нәпіл намаздар оқып, Аллаға құлшылық еткен жанның жүрегіне иман нұры құйылып, көз, құлақ перделері ашылады. Рамазан айының үстемдігі жайлы Алла елшісі: «Ережеп – Алланікі, Шағбан – менікі, Рамазан болса, үмбетімнің айы», – деген. Яғни, барлық күнәсінен арылып, жақсы амалдарыман мол сауап жинайтын ай дегені.
Рамазан айында ораза тұту парыз етілді. Құранда Алла: «Кімде-кім ораза айында болса, ораза ұстасын» деген («Бақар» сүресі, 185-аят). Рамазан айында ораза тұтып, Алладан қайыр тілегеннің тілегі кері қайтарылмайды. Әрбір жасалған жақсылықтар еселенеді. Ауыз бекіткеннің ас-дәмін дайындап, аузын аштырған адамға еселегенген сауаптар беріледі. Ораза басталардан бұрын ата-бабамыз иіс шығарып, көрші-қолаңға, жетім-жесірге құдайы нан таратып, садақа беріп, оразаның келгенімен сүйіншілеген. Дәстүрмен сіңген дінімізде ата-бабаларымыз барлығы дерлік ауыз бекіткен. Аллаға құлшылығын арттырған. Сондықтан да дінде парыз етілгендіктен, Рамазанның алғашқы күнінен бастап ораза ұстау қажет. Таң сәріден ниет етіп, ауыз бекітіп, күн батқанда ауыз ашылады. Күннің аптап ыстығына шыдап, сабыр сақтап, оразаны ашып жібермей керісінше Алладан сол қиналған сәттер үшін мол сауаптар тілеген абзал. Адам нәпсіге ермей, дене қалаулары шектеліп, бойы арам нәрселерден азат етіледі. Ауыз – астан, тіл – ғайбат пен жаман сөздерден, көз – харамға қарап, харамды естуден – құлақ тыйылады. Алла Елшісінің: «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла тағала ондай адамның тек ауыз бекіткеніне мұқтаж емес», – деген. Оразамын деп күні бойы ұйқыға берілу де қате іс. Онда адамның иманы әлсірейді. Бұл айда керісінше діни сауат алып, Құран оқып, нәпіл намаздар оқып, пайғамбарлар туралы діни кітаптар оқып және т.с.с. пайдалы істермен айналысу керек. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Егер адам баласы Рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ рамазан болуын қалар еді», – деген. Оразаның медицина тұрғысында да оразаның адам денсаулығына пайдасы бары анықталған. Алайда науқас, денсаулығы сыр берген, емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауға міндеттелмейді.
Осы айда көптеп садақа беру ләзім. Рамазанда берілетін пітір садақасы бар. Пітір садақа һижреттің екінші жылы Рамазан оразасы парыз етілген жылы уәжіп етілді. Пітір садақа мешіттерде жиналады. Ол отбасындағы әр адам басына өлшеніп есептелген. Пітір садақаның көлемін жергілікті мешіттен біліп, Рамазан айы бітпей беру қажет. Өйткені мешітке түскен пітір садақалар кедей-кепшік, жетімдерге таратылады. Бұл садақаның Ораза айт намазына дейін берілгені дұрыс. Пайғамбарымыз: «Осындай күнде (айт мейрам) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер», – деген. Алла тағала Құранда: «(Садақа беріп) өзін тазартқан әрі Раббысының есімін еске алып, намаз оқыған адам, сөзсіз, мұратына жетті», – деген («Ағла» сүресі, 14-15 аяттар). Касир ибн Абдулладан, әкесінен, атасынан жеткен хадисте: «Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы аят туралы сұрағанда, ол: «Бұл аят пітір садақа жайында түсірілген», – деп жауап берген» (Ибн Хузәймә).
Рамазан айында түндердің төресі болған, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір түні бар. Бұл – сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн. Алла тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баяндаған. Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды. Ал бұл түнді жіберіп алған кісі көп нәрседен мақұрым қалады дейді ардақты Пайғамбарымыз: «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны» (Ан-Насаи). Абдулла ибн Аббастың (р.а.): «Қадір түнінде – сол жылғы жақсылық пен жамандық, ризық-несібе, өмірдің мөлшері тағдырға жазылады» (Лаухул махфуз).
Құдси хадисте Аллаһ тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз исі Мен үшін миск әтірінен де тамаша», – деген. Олай болса, осы қасиетті Рамазан айында ораза тұтып, Аллаға көптеп зікір айтып, Пайғамбарымызға салауаттар жолдап, садақа беріп, нәпіл намаз, қаза намаздарын оқып, қадірлі болған Қадір түнін құлшылықпен өткізіп, мол сауаптан алайық!
Көрші-қолаңмен қарым-қатынасты жақсартып, ағайын-туыспен тату болып, ренжіскендер бір-бірін кешіріп, сыйластығын арттырып, осылайша береке-бірлікпен Ислам дінімізді дәріптесек нұр үстіне нұр!
Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлады. Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні. Пітір садақа кісі басына – 420 теңге.

Арал аудандық орталық мешіті
12 сәуір 2021 ж. 627 0