Аралдың алтын арқауы /Алақандай эссе/
Қазақ өнерінде Мұраттар көп-ақ. Атақты ақын, жампоз жыршы, азулы айтыскер Мұрат Мөңкеұлы, көне құндылықтарды күні бүгінге жеткізген керемет күйші, дәулескер домбырашы Мұрат Өскенбайұлы, Арқаның әншілік мектебінің өкілі, әйгілі әртіс Мұрат Толыбаев, даңқы алысқа кеткен «Дос-Мұқасан» ансамблін ұйымдастырушылардың бірі Мұрат Құсайынов, өмірден ерте кеткен талантты күйші, белгілі әнші Мұрат Кәримуллин, талай халықаралық байқаудың тұсауын кескен пәрменді продюсер Мұрат Ерғалиев... Актер Мұрат Ахманов, әнші Мұрат Қожа, клоун Мұрат Мұтырғанов... Жә, қанша жерден мұраттанушы болсақ та, осымен қояйық енді... Бұл тізімнің арғы жағы мен бергі жағында байқаусыз қалып кеткен өнерпаз Мұраттар бізді кешірер...
Ал бұл жолғы кейіпкеріміз – өнердің өз Мұраты. Алдымен Аралдың, сосын Алаштың Мұраты. Жасы сексеннен асқанша туған жерден тамырын үзбей, ән мен күйдің желісін жоғалтпай, бабы мен бағын қатар ұстап жүрген ардақты азамат. Ол өмір бойы аңқасы кепкен Аралды мекендеп келеді. Ағамыздың жас күнінде қала іргесіндегі жағалауға толқын ұрып, шағаланың шаңқылы теңіз беткейді өзгеше күйге бөлеп тұрар еді. Қазір ағамыз есейді. Бірақ қартайған жоқ. Найзадай тіп-тік күйі домбырасын қолына ұстап, жыр жорығында жортып жүр. Сондай-ақ көк теңіз құрғады, алайда жер бетінен жоғалып кеткен жоқ. Шау тарқанда кенже баланың қолында қалған қарағайдай қарт секілді айдынды Арал да бүгінде Кіші Арал деген перзентінің шағын шаңырағында «шықпа, жаным, шықпа» деп әзер отыр. Бақ қонған бәйтерегіміз Мұрат аға Сыдықов – Арал эпопеясының жылнамашысы. Өйткені оның бүкіл шығармашылығы көк теңізге суарылған. Қай дүниесі де Арал тақырыбынан соншалықты аулақтай қоймайды. «Оған жат қайғы-қасірет, Айтары ерлік өсиет. Теңіздің теңіз екенін, Тану да үлкен қасиет!» деп қазақ поэзиясының хас шебері Төлеген Айбергенов жырлағандай, Мұрат Сыдықов – Арал тағдыры деген ұғымның талассыз баламасына айналған адам. Оның «Теңізбен мұңдасу» деген толғауын бір тыңдап көрген кісінің біраз нәрсеге көзі жетеді.
Әлемге даңқы кеткен біздің Аралды жырламаған шайыр жоқ. Әйдік ақын Әбділдә Тәжібаев: «Аралдан алдық ащы ойлар, Ауырлап кетті кемеміз, Теңізде емес, қайғыда, Жүзгендей болып келеміз» деп толғаса, қайраткер – қаламгер Мұхтар Шаханов: «Сенемін саған, тұрғанда аман, Адамдық күші, ой күші. Аралым менің, жанарым менің, Халқымның ұлы қайғысы» деп күйзелді. Жыр жүйрігі Ғафу Қайырбеков: «Арал шеті айнала құм, Арал суын сол ішкен. Қайран теңіз, қайран ағын, Тұз бен нәрін бөліскен» деп сүйсінсе, ширақ шайыр Светқали Нұржан: «Алғысы жоқ тірлікте, қарғысы көп, Өзгере ме, өзгермес мәңгі сурет?! Картадан көр; Каспийім Аралыңды, Тұрған жоқ па құшақтап алғысы кеп?!» деп еміренді. Әрине, бұл ақындардың бәрі – аса талантты тұлғалар. Бәрінің де қашқан теңіздің тағдырына жаны ауырады. Бірақ ақиқатын айтайық, олар қасірет шегіп жатқан теңіздің көңілін сұрауға келді. Көңілін сұрап қана қойған жоқ, көкірегінен жыр саулатып, көмейінен зар төкті. Ал осы топырақта туған Мұрат ақын, Мұрат күйші, Мұрат сазгер қарт Аралдың ақырғы демі бітпейінше ешқайда кетпеймін деп, көк теңіздің көрпесін қымтап әлі отыр. Жай отырған жоқ, жырлап отыр, зарлап отыр, жоқтап отыр... Жер бетінен жоғалғанын жоқтап отырған жоқ, суының кепкенін, қадірінің кеткенін жоқтап отыр.
...Мен оны алғаш рет өзіміздің Қаратереңде көрдім. Теңіз жақтан жел соқса, «Балықшымын – бақыттымын!» деп екінің бірі ән салып жүретін біздің ауылға әртіс атаулы өте көп келетін. Көбіне Алматыдан келеді. Тіпті ет қызуымен Мәскеудің әртістері де кейде Қаратереңге қарасын көрсетіп кетеді. Алатау жақтан Асанәлі келеді, Құман келеді, Роза келеді... Өйткені бұл – бақ-берекесі келіскен әйгілі ауыл. Дүлей дарияның тұңғиық теңізге құяр жері. Жұртқа мақтанып көрсетуге таптырмайтын ауыл. Сөйтіп, олар концерт қояды, пьеса қояды. Әр мезгілде түн ортасына дейін Қаратереңнің жазғы және қысқы клубтарының түндігі желпілдеп тұрады. Негізінен облыс орталығы – Қызылорданың, оқта-текте іргедегі Ақтөбенің әртістері шаң береді. Ал енді Аралдың өнерпаздарына әбден үйренгенбіз. Аудандық мәдениет үйінің жігіттері мен қыздары сахнаны жайнатып жібереді. Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрі сырлы сазды әуен атаулының бәрін сүйемелдейді. Күмбірлетіп күй төгеді. Біздің Аралдың өнерпаздары шетінен мықты. Әбілхан Маханов, Сейітқали Сейітмұратов, Сағынай Ешекенов, Байнияз және Сайлау Тілеповтер, Қаппар Жармағамбетов, Базар Қостаева, Мейірхан Бәйімбетов, Сұраған Мырзаев, Рысбек Әшімов... Бәрін де өзіміз Сопоттың мінберінен кем көрмейтін Қаратереңнің ұзындығы сегіз, ені алты метр шағын сахнасынан көрдік. Солардың ішінде Мұрат ағамның жөні бөлек-ті. Ол сол тұста шашы қап-қара, сырықтай ғана қара жігіт еді. Өн бойында қырым ет жоқ. Өте ширақ. Жүріс-тұрысы жылдам. Қолына домбыра тигенше момындау көрінеді. Қалың жұрттың қарасын көргенде бірден арқаланып шыға келеді. Даусы зор, төбесі ашық жазғы клубта әуелетіп ән салғанда үні ана ауылдағы Аққасен мен Үрдемнің үйіне дейін жетеді. Ертеңіне концертке келмеген Барпонның балалары: «Кешегі кім анау айқайлап ән шырқаған, үй шетінде отырып естідік қой?», – деп бізден сұрап жүреді. Ал оны көргендер: «Қақталған тортадай қақпыш боп алып, даусының күштісін-ай!», – деп таң қалысып жатады. Ол жұрттың сөзін құлағына да қыстырмайды. Әнін де салады, күйін де тартады, тілегін де айтады. Сөйтеді де Аралына тайып тұрады. Сол жолмен Мұрат ағам Арал мен Қаратереңнің ортасына кемінде алпыс жыл үзбей қатынаған шығар...
Сирек кездесетін самородок, тума талант, қарапайым қазақ, ешкімнен ештеңе дәметпейтін, ешкімнің дәріптеуіне зәру емес, теңізі қашқан шерлі шаһардың тұрақты тұрғыны Мұрат Сыдықовты Аралдың өшпес рухы, баршаға белгілі бойтұмары, санаға сіңген символы десек те жарасар еді. Бірақ біздің ұғымымыздағы Мұрат аға – Аралдың алтын тамыры. Ал алтын тамыры бар теңіз ешқашан өлмейді, алтын арқауы бар өлке ешқашан өрісін жоғалтпайды. Алтын тамыр аман болса, Аралдың алтын балығын көретін күн де келер...
(Бауыржан Омарұлының фейсбук парақшасынан алынды)