Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жауапты хатшы Жаңабай...

Жауапты хатшы Жаңабай...

Қысқаша ата тек нәрі сіңген балалық шағына, әсіресе оқушылық кезден ашылған сана сандығында көп нәрсе сақталыпты, соған қысқаша тоқталайын. Бір кабинетте ұзақ жыл бірге отырған кездері есіне түсіп, айтқан әңгімелерін күнделігіме түртіп алыппын. Шынында да есін білгеннен ойламайтыны жоқ. Мектеп табалдырығын аттамай жатып-ақ ауылдағы адамдарды жақсысы мен жаманын айырып, үлкендер туралы психолог секілді сараптама жасайтын қасиет туа бітті маңдайына жазылғандай. Әрине, қиялдап өмірді бастандыруына сол кездегі тұрмыс тауқыметі түрткі болыпты. Ауыл шетіндегі үйі, сол тоқал тамның терезесіне дейін есінде сақталыпты. Иә, сол үйі күркедей болғанымен бала Жәкеңнің көңіл төрі кең жайлау болатын. Бүгін біз қарымды қаламгер, белгілі журналист Жаңабай Кемал жайында айтпақшымыз.
Бірлестік ауылында балықшы отбасында әкесі Мақанұлы Кемал мен анасы Өтешқызы Күләйдің күнделікті қам-қарекетін көріп өскен баланы өмір ерте есейтіпті. Жақын-жуықтарына қолғабыс жасап, ата-анасының меселін қайтармай қай жұмысқа да барыпты. Ағам өзі естелігінде баяндағандай «ақ қағазға жақындауым шағым жазудан қалып алды. Ауылдағы үлкендердің көкейіндегісін қағазға түсіріп, соғысқа кеткен кемпір-шалдың өтінішін жазу небары 10 жастағы шынашақтай баланың ауыл адамдарының мұң-зарын басқармаға жеткізіп, оны орындатуы екеуінің ортасында «алтын көпір» болуы сол балалық шақтан басталғандай әсерде қалдым.
Жаңабай Кемал Жамбыл атындағы балық қолхозындағы №58 Жалаңаш 8 жылдық мектебін, қаладағы №13 орта мектепті тәмамдады. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен дәріс берген сол ауылындағы ұлағатты ұстаз Әбдірейім Есендіков ағайының үлкен еңбегін ұмытпақ емес. Мектепті үздіктер қатарында тәмамдаған соң 1967-1971 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі және әдебиеті факультетінде дәріс алады. Тұңғыш мақалалары мектепте оқып жүрген кездері аудандық «Толқын» газетінде жарық көреді. Мектепті бірге оқыған жерлесі, белгілі қаламгер Еркін Әбілов пен ақын Қази Данабаевпен аталмыш газет арқылы табысып, оқу орнына да бірге қабылданыпты. «Екпінді балықшы» газетінің тұңғыш редакторы болған филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев ағайдан тәлім-тәрбие алғанын мақтан тұтады. Институтты тәмамдаған соң қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып, жолдамамен алғашқы еңбек жолын №59 Қарақұм орта мектебінде бастандырады. Еңбекте ерекше көзге түскен жас маманды қаладағы №15 орта мектепке мектеп директорының орынбасары етіп, одан кейін аудандық білім бөліміне осы пәннің әдіскері, кейін методикалық кабинет меңгерушілігіне жоғарылатылады.
«Баланың жақсы болмағы нағашыдан» деп әсте тегін айтылмаған-ау, сірә. Баспасөз күні қарсаңында нағашым Жаңабай туралы және кәсіби жұмысы тұрғысынан жазғым келді. Иә, мен «тонның ішкі бауындай» бір кабинетте ұзақ жыл отырғанымды мақтан етемін. Ағама ұқсап мен де жазғыш болсам деп армандайтынмын. Қай заманда, қай қоғамда болмасын әр ауылдың, әр аймақтың өз жақсылары мен жайсаңдары, асылдары мен ардақтылары, аузымен орақ орып, тілімен шөп баулайтын айтқыштары, ханның да, қараның да есебін табатын, жоқтан бар жасайтын, бардан жоқ жасайтын ақылдылары болады. Олар сын сағатында дуалы, пәтуалы сөз бастаушылар, іргелі ізгілікті іс бастаушылар, олар елді, халықты сендірушілер, көндірушілер, жақсылық пен жаңалықтың ұйытқылары, ұйымдастырушылары, көшбасшылары. Олар – елдің абыройы, айбаты, қайраты, қорғаны. Сондай жанның бірі, бірі емес-ау бірегейі, ғасырға жуық тарихы бар газетіміздің «алтын діңгегі» десек қателеспейміз.
Иә, «Жақсының ақылы жүрегінде, жаманның ақылы білегінде» демекші, сонау 1985 жылдан 1990 жылдар аралығында аудандық партия комитетінің хатшысы болған Маханова Набат апайдың тапсырмасымен Жаңабай аға сценарийін жазып, кей сәтте кітапхана жағалап, өзім де жазып, ағам екеуміз ұзақ жылдар аудандық кеш, кездесулерді жүргізген кезіміз жастық шағымыздың естелігіндей қол бұлғайды. Тіпті ресми кештерді жүргізбесек тұра алмайтын күйге жеттік. Бәлкім, сахнаның құдіреті шығар қуана қол ұстасып, қыз бен жігіт болып шығатынбыз. Осы игі ісіміз ел тәуелсіздігін алған соң да тоғыз жылға ұласты. Мен, осы жолдардың авторы күні-түні айтатынымды жаттап алатынмын. Ал ағам сценарийді өзі жазған соң қағазға қарамай көсіліп бір жүргізетін қасиетін айтпай кетуге болмас. Екінің біріне бұйыра бермейтін «бұл атақты» аудан әкімі болған Алашыбай Баймырзаевтан «ауданның бас асабалары» деген атақты алып, соңғы рет 2000 жылы «Толқынның» 70 жылдық мерейтойлық тізгінін де қоса жүргізіп, біражола жастық шақпен қош айтысып, творчестволық жұмысқа бет бұрдық. Кейіпкеріміз расында сүлей сөзге ұста, сұңғыла сценарийст, тамаша жүргізуші, табиғатынан дарынды. Ешкімнің қолы жете бермейтін, тіпті қолына қалам ұстаған жандардың арманы болған, аудандағы бас басылымда басымыз нағашыммен және қауышты. Бұл басылымда марқұм Өмірбек Төлепов ағам ол кезде жауапты хатшы, ақиық ақын Толыбай Абылаев және кейіпкерім Жаңабай Кемалмен бір кабинетте басымыз түйісті. Сайдың тасындай сен тұр мен атайын дейтін жазғыштар. Орталарында «арпа ішінде бір бидай» демекші, мен де осындай мықты ағаларыммен иық тірестіре жұмыс істегенімді мақтан етемін. Қай-қайсысы да кәсіби журналистер сөз жоқ жазудан бас алмай жазатын тума таланттар еді ғой, шіркін...
Кейіннен Жәкең жауапты хатшы болды. Аты айтып тұрғандай жүйкеге салмақ салатын, қиындығы да, жауапкершілік жүгі де көп міндетті абыроймен атқара білді. Өзінің іскерлігін, азаматтығын көрсете алды. Журналистердің материалдарын оқып, көлемін анықтап, макет жобасын қағаз бетіне түсіретін. Газеттің төрт бетін де осылай жасайтын. Газеттің сапасын жақсартып, мазмұнын арттыру жолында тынбай ізденді. Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары газеттің жаңа заман талабына сай жаңаша шығуына жұмыс жасады.
Бұқара халықтың шын жанашыры болды. Ел өміріндегі келеңсіздіктерді арқау еткен өткір мақалалары аудан асып, облыс көлемінен оқырманын таба білді. Мұндай жауапты қызметте журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен жан сирек кездесетін. Ол үнемі білімді күнделікті жетілдіріп отыруды, қай тақырыпта жаза бастасаң да терең зерттеп жазуды тапсыратын. Ойының ұшқырлығына, тілінің жүйріктігі оқырманды өзіне баурады. Өткір шындықты айта білетін Жәкеңе Алла зерделі ес пен заңғар ой бергендей. Тереңнен ойлап, сөз ұйқастыру, одан шымыр дүние жазып шығару екінің біріне бұйырмаған өнер. Осындай жанмен сонау 1999 жылдан бері зейнетке шыққанша бір кабинетте отырып еңбек еттім.
Ол осы қара шаңырақта 20 жылдан астам еңбек етті. Сан алуан тақырыпта материалдар жариялады. Репортаж, әңгіме, новелла, көлемді очерктер, публицистикалық, проблемалық мақалалар, арнау-өлеңдер мен деректі суреттемелер бар. Аудандағы елді мекендердегі еңбек адамдарын балықшы мен малшылардың жыл маусымындағы қам-қарекетін жан-жақты етіп жазды. Аналитикалық талдау мен әлеуметтік әділ пайымдауларға толы отты материалдарын оқырмандар әлі де іздеп жүріп оқиды. Иә, Жәкеңнің ұшқыр қаламы әлі күнге сын садағына нысана іздейді, мұны жетпістің бесеуіне келсе де, басқосуларда айтқан тұшымды пікірінен дәл аңғаруға болады. Аяқ асты дұрыс шешім қабылдай салатын.
Адам өмірінің жаңа белесімен бастаған ағамыздың бүгінгі және ертеңгі буынға үлгі болар қасиеттері көп. Өмірінің 75 белесіне аяқ басқан, екі ғасырдың куәгерінің жазары да, айтары да көп. Тек «әттеген-ай» дейтін тұсы көз жанарының мәселесі қиналтып тұрғаны болмаса. Алла тағала пенделерін түрлі сынақ беріп сынайды екен. Түрлі сынақтың бірі ауыртып алады екен. Пенде Алланың берген сынағына шүкіршілік етіп, сабыр береді. Аузынан тәубесі, шүкіршілігі түспеген қазыналы қартымыз, әрі жазарман, әрі оқырман, әрі тыңдарман. Бұл да Арал экологиясы қасіретінің адамзатқа тигізіп отырған жайы екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда ауданымызда екінің бірінің көз ауруына шалдығып отырғаны өкінішті-ақ. Десе де, ағам қаламын қолынан тастаған емес. Өлеңдерін де оқырман қауымына ұсынып-ақ келеді. Ақындық қасиеті және бар.
Ол газет бетіне жарияланатын мақалаларға ат қойып, айдар тағатын. Бәлкім, содан болар әлгі мақала оқырманын «мені оқы» деп шақырып тұратындай. Тұрақты түрде газет ішінен қосымша бет ашып, «Каттегаттан Аралға дейін» аудан балықшыларының қордаланған мәселелерін жазып, оның орындалуына басшылықтың бүйрегін бұрғызды да. Шет елдің де назарын аударып, қомақты қаржы бөліп, осы кәсіпті жандандыруға күшін жұмсады. Әсіресе Арал мәселесін әлемдік деңгейге көтеруге атсалысқанын, жұртшылықтың экологиялық апаттың зардаптарын тарта бастағанын оқырмандарға жеткізудегі жанкешті еңбегін айтпай кетуге болмас. Ол осы тақырыпта үзбей зерттеу мақалаларын жазуды қарша боратты.
Апталық басқосу лездемеде үнемі ой-пікірін ұтымды ұсыныс айтып, журналистерді қоғамға пайдалы іске шақырып отыратын. Пікірі жерде қалмай орындалатын. Құқы бас редактордан асып түспесе, кем түспейтін. Әсіресе жас журналистерді шабыттандырып отыратын. Басқосу аяқталған соң да әлгі маманды жанына алып, ақыл-кеңесін айтудан шаршамайтын. Ол үнемі қолға алған мақалаңды жазбас бұрын әбден зерттеу керектігін, әр еңбектің өзіндік бейнеті де, зейнеті де бар дейтін. Жазған бір мақалаңның өзінен-ақ сенің атың шығады дейтін. Менің оған көзім жетті. Қайсыбір жылдары «Жұмыртқадай бассейнде жұмбақ көп» деген мақаламның тақырыбын да қойып берген өзі. Алайда «мақаланы кім жазған, өте дұрыс жазылыпты» деп мені де іздейтін оқырмандарым көп болды. Шынында да ағам айтқандай, журналистік еңбек рахаты жазғанымның оқырмандар көңілінен шыққаны емес пе? Тіпті бұл мақалам аудан әкімдігінің аппарат мәжілісінде ресми түрде көтеріліп, талқыланды, кемшілік жіберген мамандардың алды жұмыстан шығарылып, ал қалғандары тиісті жазаларын алды да. Шындық ащы болғанмен, газет абыройы екені дәлелденген аксиома. Ол әділ де өткір сын мақалаларды жазудың хас шебері.
Сонау 1965 жылы «Толқын» деген атпен өз оқырмандарымен қайта қауышқан тұста, осы жылы тұңғыш мақаласы жарияланған сәттен бастап армандап, сол арманы орындалып, редакцияда аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы деген талай еңбек статусынан өткен ардагер журналист, Халықаралық «Дарабоз әдеби бәйгесінің жүлдегері», ҚР Бұқаралық ақпарат, мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Иә, шашасына шаң жұқтырмаған хас жүйріктей ұрпақтары да өз ісін жалғастырып келеді.
Адам бақытты өмір сүру үшін үш нәрседен адаспау керек деп жатады ғой. Жаны бар сөз. Жар таңдауда, мамандық таңдауда және дос таңдауда деген екен дана адамдар. Осы үшеуінен де адаспаған бақытты жан. Ең бастысы өмірге құштар адам. Ағамның еңбекқорлығы бір өзінің бірнеше кісі міндетін қатар атқара алатындығы, ұжымдағы беделі, ұйымдастырушылық қабілет-қарымы абыройын асқақтатты. Сұсымен бір қарағаннан жас журналистердің өзі айбынып тұратын тектілігі және бар. Ұлтқа деген қызмет бірінші орында тұрды. Кәсібіне деген адалдығының арқасында мұратына жеткен қаламгер.
18 мың ғаламды Жаратушы бір Алла әуелі қаламды жаратты. Қаламның ұшында найзаның сұсы бар деген екен Баласағұн бабамыз. Алты алаштың арда ұлы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген екен. Иә, газеттегі елдің мұңын билікке, биліктің сөзі халыққа дұрыс әрі дер кезінде жеткізе білетін журналистердің қашан да мәртебесі биік. Қоғамымызда БАҚ-тың рөлі қашан да жоғары бола бермек.
Кітап әлеміне құмарлық немересіне де жұғысты болыпты. Қазақ үшін немереден тәтті ештеңе жоқ. Мұны ағаның өзі мойындап отыр. Құшағыңды нұрға толтыратын, апыл-тапыл басқан әр қадамына емпеңдетіп қоятын, балдыр-бұлдыр тілімен емешеңді үзетін құдірет иелеріне мың да бір тәубе деп отырған жайы бар. Отбасына мейірімін төккен әке. Бәрі бала үшін деп бойындағы бәрін берді, нәрін екті. Еткен еңбектің өтеуі де бәлкім осы болар. Биыл №14 мектеп-лицейде бір сыныпта оқитын нағашылы-жиенді қос немерелері Нұраяны «Алтын белгіге» тәмамдады. Ол физика-математика мамандығын таңдап, елордамыз Астанаға жол тартыпты.
Қазыналы қарттың ғибратты ғұмырнамасы кейінгі ұрпаққа өнеге. Бар баласының анасына деген сағынышы бөлек, ағамның жарына деген сағынышы ерекше. Берікгүл жеңгеммен құтты шаңырақтың астында 40 жылдан астам өмір қызығын бірге көрді. Жеңгем 8 жыл бұрын бақиға аттанды. Ол іргелі №220 орта мектепте француз тілінен дәріс беріп, еңбек демалысына шыққан бойы болатын. Бес перзентін қол ұстаса жүріп жоғары оқу орындарына оқытты. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға ұшырды.
Редакцияны екінші үйі санайтын ардагер ағам Санжарды жетектеп тарихи өзі оқыған №13 орта мектепке апарып жүріп, қайтарында немересімен бірге шаңыраққа бас сұғып, газет тігінділерін бір шолып өтетін. Жанындай жақсы көретін немересіне киелі шаңырақта талай нарқасқа иісі қазақтың мақтаныштары тер төккенін, олардың игі істерін, сөзін ойға түйіп қанығып өссін деген болуы керек және іргелі басылымда атасының да қолтаңбасын қалдырғанын, ондағы жұмыс барысымен таныс болып, есінде сақтап жүрсін дегені шығар, әйтеуір жанынан қалдырмайтын, зерек болып өссін деген шығар ұжымдағы аға-апалары жылы лебіздерін білдіріп, баталарын беретін. Кім біледі, бәлкім, осы немересі Санжары атасының ізін жалғап журналист болар. Бүгінгі күні атасының қолғанаты, қарап отырған көмекшісі, қасында жатады, атасының аузынан түсіп қалғандай.
Иә, нағашым ұрпағына, немерелеріне, жиендеріне батасын беріп, зерделі оқырмандарын бабалардың рухымен қолдап отырған қара шаңырақ «Толқынның» да, киелі отбасының да пірі болып 100 жасты жасасын деп тіледім.
«Еңбек ердің атын шығарады, ер елдің атын шығарады». Шынында да, Жәкең алтын адам, өзінің де, елінің де атын шығарды. «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» демекші, қазыналы қарияның алтын сандығы шежіреге бай. Небәрі 10 жасында Ақжан басқарманың айтқан құнды пікірі «...Қара да тұр, түбі бір жерден шығасың. Сөзің солай сөйлеп тұр» деп айтқан көреген пікірі, берген ақ батасы араға аттай 60 жыл салып орындалып тұр. Алтын сандықты нағашымның өз кілтімен аштық, міне. Иә, ісі келісті, еңбегі жемісті, жаны жайсаң жауапты хатшы Жаңабай Кемал осындай жан.
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
27 маусым 2023 ж. 631 0