Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Менің әкем...

Менің әкем...

Иә, бұл өмірде түрлі тағдырды, түрлі оқиғалар мен кейіпкерлерді кездестіруге болады. Екі үлпек қардың өнерін шеберлікпен бір-біріне ұқсатпаған Жаратқан бір құрсақтан шыққан екі бауырдың өмірін осылай өзгеше етеді деп кім ойлаған? Бұл әңгіменің басы сонау 90-шы жылдардың тоқырау кезеңіндегі Ерхан мен Нұрханның таңдауынан басталған.
Бауырлар анасы Күләй мен әкесі Жадырасынның көптен күткен қуаныштары еді. Отауласқандарына 6 жыл дегенде дәрігерлердің есігін тоздырып, емделіп, соның нәтижесінде құрсақ көтергенін естіп, Жадырасын жарына барынша күтім жасаған. Олардың егіз екенін әрі ер бала екенін естігенде көңілі көкке бір елі жетпеген.
Ол кезде отбасының ауылда шағын дүкендері бар болатын. Не кием, не ішем деп өмірі қиналып көрген емес. Әулетінің де тірегі болатын. Жадырасын барлық бауырларын өзі оқытып, қарындастарын қияға, бауырларын ұяға қондарған. Дегенмен барлық отбасында ыдыс-аяқ сылдырлайтын кезең болары сөзсіз. Бұл отбасында да ондай кездер Жадырасынның ащы суға құмарлығынан болатын. Өзі қанша жерден ақкөңіл, бауырмал болғанымен, ақшаның арқасында танысқан жолдастарымен көп бас қосатын. Сондай отырыстардың бәрінің аяғы оның ащы суға тойып келіп, үйде айқай шығаруымен бітетін. Күләйдің аяғы ауыр болғаннан бері онысын азайтқан. Соңғы рет бірнеше ай бұрын ішіп келгені бар. Бауырларының қайырымсыздығын, әулеттің жағдайын жасаймын деп өзінің білім алмағанын айтқан.
Арада 4 ай өтіп, Күләйдің айы-күні жетіп, шекесі торсықтай екі ұлын дүниеге әкелді. Қазақтың салтымен шілдехана тойын жасап, азан шақырып Ерхан, Нұрхан деп аттарын қойды. Ендігі бәсеңдеген әдеті осы кезде тағы бір өзін көрсеткен. Жолдастары мен достары «балаларыңның бауы берік болсын» деп бастаған тілектің аяғын қашанда «жуумен» бітіретін болды. Егіздердің шілдеханасы, алғаш қадам басуы, былдырлап сөйлеуі секілді әрбір қылығын сылтауратып қайтадан баяғы әніне басты.
Осылай уақытта зымырап өте берді. Шалқыған, тасыған өмірі Жадырасынды одан әрі желпінте берді. Бауырларының, отбасының айтқанын тыңдауды қойды. Сол жүріспен жүргенде Кеңес заманы ыдырап, Қазақстан бөлек ел болып бөлініп шықты. Тоқырау заманына қадам басып, ауыл адамдарына айлап айлық берілмеді. Кәсіпкерлік жұмысы да жүрмеді. Дүкен сөрелері босап, Жадырасынның бұрынғы әдеті екі еселенді.
Бұл шақта балалары 8-9 жасқа қараған. Үйдегі ұрыс-керісті, әкесінің шу шығаратынын көріп өсті. Қазіргі жағдайдың тіпті қиын екенін ұқты. Ерханы тек анасының шыдамдылығының арқасында ғана отбасының сақталып тұрғанын ұққан. Нұрханға ол жағдай көп әсер етпейтін.
Уақыттың ағымына кім шыдас берсін? Қаншама жылдан бері ащы судың арбауына түскен, тоқырау кезінен еңсесі түсіп, тұрмыстың қиындығына шыдамаған Жадырасынның да денсаулығы нашарлай берді. Өкпе мен бауыр ауруынан көп ауырып, бас-аяғы бірнеше жылда дүниеден өтті.
Ендігі бар ауыртпалық Ерханның мойнына түскен. Анасына көмектесу, бауырының жағдайын жасау, одан қала бере өзінің сабақ үлгерімі мен мамандық иесі атану секілді жұмыстардың бәрі өзінің қолында екенін шынымен ұққандай. Осы жолда алғашында үйге азық-түлік үшін базарда сауда жасады, тойханаларда даяшы қызметін де атқарды, арба тасушы, қол көмекке жалданып та істеді. Еңбек өзін ерте есейтіп, алдына келген жұмыстың ауырынан да, жеңілінен де қашқан жоқ.
Нұрхан бұл уақытта өзінің ортасын тапқан. Достарымен қыдырып кеткеннен түн ортасы ауа бір-ақ келеді. Анасының уайымнан жүрегі ауыратынын, бауырының айтқан ақылын тыңдау керек екенін мүлдем ұмытқан. Күләй уайымдайтынын айтып сөз бастаса: «Өзім білем, жас бала емеспін ғой. 1-2 жылда оқуға кетсем үйде қалай отырасың? Ерханда жүр ғой түнімен» деп анасының бетін қайтарып тастайтын.
Мектеп бітірген жылы Ерханы мектеп мұғалімдерінен қолдау тауып, онысы оқуға түсуіне көп көмек болды. Алматыдай алып шаһарға тегін оқуға түскенін естігенде анасы қуаныштан көзіне жас алған. Бұл сәтте туған бауырының қызғаныштан өзегі өртенерін біліпті ме сонда?
Оқумен қатар жұмыс істеген Ерханның барлық ісі оңынан болды. Анасының батасын алып бастаған оқуында профессорлардың көзіне түсті, қарапайым қара жұмыстың өзінен жақсы қаржы тапты. Бар табысының жартысын анасына салса, қалғанын жинап оқу бітіргенше үй алуды мақсат еткен.
Нұрханды бауыры ақылы оқуға түсірген. Жыл ортасына келгенде-ақ бұзықтығы мен оқудан көп қалуы себебінен оқудан шығарылды. Отбасына өтірік айтып, көше тауып берген достарының ізінен кетті. Сол кеткеннен ащы су мен нашаның тұтқынына айналғанын өзі де білмеді.
Ерхан Нұрханның хабарын білгенде қатты қиналды. Бір жағынан бауыры мен анасын аяса, енді бір жағынан бауырының отбасына деген қайырымсыздығы есіне түсіп, ашуланды. Соншалықты бардың қадірін білмегені үшін кімді кінәлі етерін білмеді. Нұрханның жаман заттарға үйір болғаны соншалықты дәрігерлердің емі де көп әсер етпейтін. Ең көбі 3-4 айға шыдаса, кейін қайта аласұрып баяғы әдетіне басатын. Ол қатесін келе-келе өзі де түсіне бастады. Бірде, ем алып жүрген уақытта Ерханды шақырып: «Мені ауруханаға жатқызып таста. Анамның да, сенің де уайымдарыңа айналдым. Отбасын құрып, жұмысыңды істе. Анамызға қарайлас. Мен әкемнің осындай өмірін көріп өстім. Соның жолымен жүру маған бұйырыпты» деп жылаған. Біраз уақыт өткен соң Ерхан анасымен ақылдасып Нұрханды ауруханада өмірлік бөлімшеге жатқызды. Апта сайын келіп жағдайын сұрауға келісті.
Ерхан өзінің жарқын болашағына қадам басты. Жұмыстас Әйгерім атты қызбен танысып, отбасын құрды. Өзі жоспарлағандай Алматыдан үй алып, анасын да жанына көшірді. Нұрханға апта сайын барып қолдан келгенше көмегін берді. Келіншегін таныстырды. Ізінен ерген атұстар баласын ертіп апарды. Жұмысы да алға басты. Жастайынан еңбеккерлікке құштарлығының арқасында тынбай еңбек етіп, жақында жаңа жоба бастаған. Жобасы сәтті болып үлкен қолдау тапты. Түрлі сұхбаттарға шақырды.
Кешкілік баласымен әңгіме барысында баласы: «Әке, сіз қалайша осындай үлкен жетістікке жеттіңіз? Ал Нұрхан ағам үйге келіп, бізбен бірге бола алмайды? Оны да бай қылуға болмайды ма?» деп сұраған. Аздап ойланған Ерхан: «біз кішкентай кезімізден қиындық көріп өстік. Менің әкем басқа жолды таңдады. Мен өзімнің көрген балалығымды сендерге көрсетпеуге бекіндім. Нұрхан ағаң әкемнің жолын таңдады. Бірге туған бауыр болғанмен тағдырымыз таңдауымызға байланысты болды» деген.
Иә, бауыр болсын, дос болсын, кімнің де болса өмірі өз қолында. Өз таңдауын дұрыс жасаған жанның болашағы жарқын болмақ. Өзгеге сеніп, өз өміріңді құрдымға кетірмеу – сенің таңдауың.
Г. САҚТАПОВА


21 қараша 2023 ж. 1 548 0