Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қолаң шашты қыздар қайда кешегі?

Қолаң шашты қыздар қайда кешегі?

Қазақ қызы дегенде ең алдымен көз алдымызға қос бұрымы өріліп белден асқан, сол бұрымның ұшында шашбауы сылдыр қаққан, ұлттық нақышта киінген қыз баланың келбеті көз алдымызға келеді. Иә, ежелден-ақ халқымыз шашты киелі санаған. Оған бұрыннан келе жатқан қазақтың ырым-тыйымдары дәлел болады. Тіпті батырлар жырында кездесетін «Бұрымын бес күн тарап, он күн өрген» деген жолдар асыра сілтеу емес, қазақ қызының шашы қалың, қайратты әрі ұзын болғандығын дәлелдейді. Қазір шаш қиюды салтына жат санап, санасына қазақы тәрбие сіңірген арулар неге азайды? Бұл заманның талабы ма? Қазақта бұрымын қандай жағдайда кескен деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Бұрын қазақ қыздары белінен асқан шашты кесуді жаман ырым санаған. Себебі, ұзын шашты орынсыз кесу адамның жолын кесіп, қасіретке ұшыратуы мүмкін. Сондай-ақ бұрымды киелі санап қана қоймай, оны ардың белгісі санаған. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңнамасының үшінші тағаны «Кек пен жаза» деп аталады. Мұндағы түрлі қылмысқа қатысты жазалардың ішіндегі ең ауыры – өлім жазасы. Содан кейінгі ауыр жазалардың бірі – бұрымын кесу. Нәпсісін тыя алмаған еркектің атының құйрығын кесіп, ардан аттаған қыздың немесе күйеуінің көзіне шөп салған әйелдің бұрымын кескен.
Халқымыз шаштың киесі бар деп сенген. Сондықтан қыз баланың шаш қою үлгісіне ерекше назар аударған. Міне, сол себепті қыз баланың бұрымының мән-мағынасы тереңде жатыр.
Қазақ халқында қыз балаға тұлым қою дәстүрі жиі кездеседі. Оны «тұлым шаш», «тұлымшақ» деп атайды. Қырқынан, қарын шашы алынған қыз баланың екі шекесінен шөкім шаш қалдырған. Халқымыз қыз баланың шашын тазалық үшін бір жасқа дейін алып отырады. Ал тұлым шашқа ұстара тимеген. Қыз бала бойжеткенде тұлымын бұрымына қосып өреді. Тұлымды көбіне қыз балаға қойған. Ал, қыз бойжеткенде оған міндетті түрде қос бұрым қояды. Қос бұрым қою «жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деген сенімнен, «қосағымен қоса ағарсын» деген тілектен туған. Қос бұрым– қыздың назы мен бостандығының белгісін білдіреді. Қызға құда түсушілер көбейгенде қос бұрымға тағы бір бұрым қосылады. Бұл «көп құда түсушіден тек жақсысы бұйырсын» деген ізгі ниеттен туған. Бірақ қазақ халқы қызға үш бұрым қоюға да аса сақтықпен қарайды. Өйткені мұны «менмендік әрі құда таңдаудың бір көрінісі» деп те түсінетіндер болған. Сондай-ақ сыңар бұрымды көбіне оң босағада отырып, тұрмысқа шықпай қалған қыз қояды. Бұл – жалғыздықтың белгісі.
Кей деректе сыңар бұрым немесе көпбұрымдылық зинақорлықты көрсетеді деп жазылған. Мысалы, Шоқан Уәлиханов Қашқарға жасаған сапарында көпбұрымды қыздар туралы да жазады. Оның айтуынша, қыздардың бұрымы олардың өмірлік тәжірибесіне байланысты, яғни көп бұрым көп некеде болған немесе жеңіл жүрісті әйелдерге қойылады деп келтірілген.
Қыз баласының бұрымы ешқашан кесілмеген. Бабаларымыздың қалыптасқан дала заңдарында шашқа байланысты арнайы ұстанымдар болған. Егер әлдебіреу әйелдің бұрымын кессе, ол әйелдің дене мүшесінің бірін кескенмен бірдей деп есептеген. Сол себепті бұрым үшін құн төлеткен. Әйел үлкен күнә жасаса, оның бұрымын кескен. Әйел үшін бұл ауыр жазамен, тіпті, өліммен тең. Сонымен бірге жас қыздар шашының ұшын кесіп тастаса, әжесі немесе анасы оны жазалайтын болған деседі. Сонымен бірге қыздар бұрымын ешқашан тарқатпаған. Тек қара жамылған үйдің әйелдері жеті күнге дейін бұрымын тарқатып жүрген. Бұрымын тарқатып, екі бүйірін таянып жылау, үлкен қайғы-қасіреттің болғанын білдіреді.
Марқұм әжемнің бұрымы ұзын болатын. Жасы 80-нен асып, шашы аппақ қудай болып, сиреп кетсе де шашын өріп жаулықтың астына көретіп түйіп алатын. Балалықпен әжем «Шашыңызды қиып қойсақ қайтеді» деп сұрадым. Сондағы әжемнің шошына қараған келбеті әлі күнге көз алдымнан кетпейді.
– Тәйт әрі. Шаш қиғаны несі. Төрімнен көрім жақын отырмын. Ертең өлсем менің әуретімді осы шашым жасырмай ма?! Өмірімде шашымды бір-ақ рет кескенмін ол да амалсыздан болды, - деп ауыр күрсінген әжем әңгімесін жалғастырып әкетті.
– Бойжеткен кезім болатын. Анық есімде жоқ 15 жаста болармын. Шашым белден түскен ұзын әрі қалың, қою қара еді. Өріп қойғанда бір бұрымымның өзі томардай қалың болатын. Ұшына әдемі шашбау тағып жүруші едім. Бірде басым ауырып көретпей қойды. Артынша шашымның арасын жаралар қаптай бастады. Қанша ем жасасақ та жазылмады. Анам көз тиді деп жобалады. Содан анам шашымды тықыр етіп алды. Сонда көз жасымды тыйа алмадым. Үйден шыға алмай қалдым. Содан бері өскен шашым осы, - деген әжем шаштың киесі туралы да жиі атып отыратын.
Әжемнің айтуынша «Түскен шашты құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығасың» дейді. Бас ауруына шалдықтырмағанымен мұның расында да зияны көп екен.
Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романында тарақтан түскен шашты отқа жағуға болмайтыны жазылған. «Шашты өртесе, анасының отқа күйген иісін бала танып: «Анамыз тозақ отына түсіп кетті-ау», – деп шырылдайды екен. Анамызды құтқарып аламыз деп, өздері де тамұқ отына түсіп кете жаздайды деп шаштың киесі туралы анық түсіндірген.Шашты кез келген жерде тарауға болмайды. Ол қай жерде де ерімейді, өзімен-өзі жойылмайды. Сондықтан тарағаннан кейін оны жинап алу керек.
Бүгінде шашы 1,20 см болып өскен Әйгерім Жұмабек өзінің шаш күтімінің аса құпиясы жоқ екендігін айтады. Ол қазір 23 жаста. Соңғы он жылда шашына қайшы тимеген қыз өзін көп арасында ерекше етіп көрсететін де осы бұрымы екендігін жасырмайды.
– Бала кезімде мен де қысқа сәнді шаш үлгісін жасадым. Бірақ 10 жасымнан бастап әкем қатаң талап қойды. Шашымды сол кезден бастап қиған емеспін. Бояу да тигізбеппін. Шашым қалың әрі ұзын болған соң түптері тартылып ауырып, жуғанда қиындық тудырады. Бірақ шашымды қиғым келмейді. Көшеде көпшілік менің шашыма қызығушылық танытып, құпиясын сұрап жатады. Ешқандай құпиясы жоқ. Сапалы сусабындар таңдап, мұқият жуып, шәйіп отырамын. Сондай-ақ ылғи да жинақы ұстаймын, - деді Әйгерім.
Сұлулықты бұрымға сыйдырып, «қыздың көркі - бұрымы» деп айтқан¬ халқымыздың аталы сөзіне жүгініп, қыз баланың қасиетімен өлшесек, бұрым қасиетін бағалай алмаған қызда¬рымыздың көбейіп бара жат¬қаны қынжылтады. «Қыранның тегеу¬рінін қисаң, қарға болады, тиын-ның көркі – құйрығында, оны кессең¬, көр тышқан бейнесіне енеді, бидайдың басын алсаң, сабан болады, арулар, бұрымды қисаң, жаман болады» дейді дана халқымыз. Демек, қазақ қызының бұрымсыз жүруі қателік десек те болады. Қадір-қасиетінен айрылмаудың қамын жасаған нәзікжандылар бұрымға мән бергені абзал.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ

Фото: halyqline.kz
19 желтоқсан 2023 ж. 752 0