Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыз көркі – шаш

Қыз көркі – шаш

Қазақ халқы «Қыздың көркі – шаш, шаштың көркі – шаштеңге»–дегендей, шашты сұлулық символы ғана емес, қыздар қауымына берген Жаратушының ерекше сыйы деп құрметтеген. Қыз бала шашы табиғатына қарай: қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай жалғыз бұрым, қос бұрым деп аталып кеткен. Дана халхымыз шаш күтімін, яғни оны тарауды, өсіруді және өруді өзінше үлкен тәрбие мектебі деп түсінген. Сондай-ақ «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген»,–деп жырға қосады. Ертедегі ата-бабаларымыз бен ақ кимешекті әжелеріміз ежелден-ақ: «Шаштың киесі бар»,– деп айтқан. Яғни, қыз баласы шашын жерге тастауына болмайды. Егер оны құс ұя салуға алып кетсе, бас ауруына тап боласың дейтін. Сондай-ақ Шерхан Мұртазаның қалың бұқараға таныс туындыларының бірі – «Ай мен Айша» романында шашты жерге не үшін тастауға болмайты жайында да айтылған.
«Мұртаза қайтыс болғаннан кейінгі Айша өзгелер үшін өн бойын өрнектемейтін болды. Жарының көзі тірісінде Әйнек әжей Айшаның шашын тарасып, бұрымын өріп, шолпысын тағып беретін. Соңғы жылдары әжей де қартайыңқырап, Айшаның  шашын бес күн тарап, он күн өретін заманға сағынышпен қарайтын болды. Жалғыз басты әйелге күнделікті күйбің тіршілік айна алдында сыланып отыруға мүмкіндік бермейді. Қораздың айқайынан оянып жаңа күнге, ескі қара жұмысқа кеткеннен кеш жарымда бір оралатын Айша ұзын қалың қара шашына қараудан қалды. Тілерсекке түскен қос бұрымға қызылшада жүріп тікен жабысып кейде тіпті киіздей болып сіресіп қалады. Бір күні жұмыстан ерте оралған Айша қара шашын жумаққа қамданып қара қазанға су ысытты. Үш баласы үш жақтан жабылып жүріп аналарының қолаң шашын тарқатып, бірі су құйып, бірі жер сүйреген қара шашты ұстасып Айшаның қияметті жұмысын жұмыла бітірді. Мүйіз тұмсық тарақпен қалың шашты тарау да қиын жұмыс. Бір бұрымын Айша, екінші бұрымын қызы Құрмаш екі жақтап тарап жатып, қалың шашқа шыдас бермей мүйіз тарақтың тістері де бырт-бырт сынып жатыр. «Құдай маған осынша шаш бергенше, бармақтай бақ берсейші» деп өткен өкініштерін еске алып тараққа оралған өлі шашты шүйкелеп орап жатыр. Алақанда айналдырып, жерде бір шаш қалдырмай шұқыр қазып, түйенің құмалағындай көлемді өзінің өлі шашын жерге көмді. Анасының бұл қылығын түсінбеген балалар, бұның сырын білмекке сұрақ қойды. Ал, Айшаның жауабы мынау:
Менің сендерден де басқа балаларым бар ғой. Үшеуі де нәресте кетті. Құттыбай, Елтай, Сәткүлді айтам. Әйел баласы шашын беталды тастамас болар. Тарақтан түскен шаш әлдеқалай отқа күйсе, о дүниеде балалары шырылдайды дейді. Анасының шашының отқа күйген иісін танып қояды екен де: «Анамыз тозақ отына түсіп кетті-ау!» деп шыр айналып шырылдайды екен. Тозақ отына анасын құтқарып алмақ болып, өздері де сол тамұқ өртіне түсіп кете жаздайды екен». Туынды негізінен қазақтың салт-дәстүрлері мен тарихына, сондай-ақ жөн-жоралғыларына негізделген қысқа оқиғалармен толықтырылған. Міне, қыз баласы шашын тарап болған соң оны аяқ астына қалдырмағаны дұрыс.
      Бүгінгі күні бұрымды қыз дегеннің мағынасын жоғалтқандаймыз. Ұзын шаштарын жайып жүретін аруларымызды көріп те жүрміз. Мұндай жағдай қалада қоғамдық көлік ішінде басқа адамдарға жайсыздық тудырып жатады. Яғни, бірінің бетіне жабысып ұшып жатса, енді бірінің киімін іліп кетіп жатады. Ол шашты әдемілеп босатып қойғанын қайтейік, бәрі бір ұйпа-тұйпасы шықса. Бұл жерде шашты жаймаңдар деген ұранмен айтылып жатқан сөз емес. Бұрым дегеннің не екенінен бұрын, оның қасиетін түсінейік. Табиғатымыздан берілген ерекше көркімізден айырылмай, оны қадірлей білгеніміз жөн.
А. НҰРЛАНОВА
10 маусым 2022 ж. 2 384 0