Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ата-ананың бақыты

Ата-ананың бақыты

Ислам дінінде адам баласын сансыз сауапқа кенелтіп, бақытқа жетелейтін амалдар жетерлік. Соның бірі – ата-ананы сыйлау, оларды аялап, қадірлеу. Адам баласы Алла Тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең ұлығы. Хақ Тағала адамды ата-ана дәнекерлігімен өрбіткен. Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жан – оның ата-анасы. Бұл қымбатты жандарды Алла Тағала Құранда дәріптеп, оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндетін перзентке жүктеген. Жаратқан Алла ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды өзінен кейінгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлшылық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ оларға сыпайы сөйле және оларға зекіме. Оларға мейіріммен құшақ жайып, былай деп дұға жаса: «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солайша мейіріміңе бөлей гөр» деген аят айтылады.Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба?» дейді. Сахабалар: «Иә, бізге қайсылары екенін айтыңыз» дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақтан нақақ адам өлтіру, өтірік aйтy» деп, Аллаға серік қосудан кейінгі үлкен күнә ата-анаға қарсы шығу екенін айтқан.Ислам – адам баласына тура жол мен ақиқатты үйреткен хақ дін. Шариғаттағы кез келген тыйымдар мен үкімдерге қарасақ, тек пенденің жақсылыққа жету жолындағы игілігін көздейді. Сол игілікті істердің ең ұлығы – ата-анаға құрмет көрсету. Қасиетті Құранда: «Аллаға құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ етіп қоспандар. Және әке-шешеге жақсылық жасандар» деп айтқан («Ниса» сүресі, 36-аят). Келесі аятта: «Олар сенен Алла жолында не бергендерің жайында сұрайды. «Нендей қайыр сарп қылсаңдар, әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» делінеді.
Міне, жоғарыда айтылғандай Алла Тағала Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасауды әмір етеді. Әсіресе бойларынан қуат кетіп қартайған шақтарында, яғни перзентіне қалай мейірімділік жасаса, енді әке-шешесіне солай мейірімділік танытуды міндеттеді. Мұқтаждықтары көбейген кәрілік шақтарында ата-анаға «түһ» деп айтуға тыйым салды. Егер «түһ» деп кейіс білдіруден де төмен нәрсе болғанда, Алла Тағала міндетті түрде одан да тыйған болар еді. Ата-анасына қарсы келген перзент кандай амал істесе де, жәннатқа кірмейді. Сол үшін ата-анаға қарайласу, олармен жақсы мәміледе болу Исламдағы ұлы амал болып саналады.
Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз ата-анаға құрмет көрсетуді, олардың қызметінде болуды, олардың алғысын алу жайында былай деп өсиет еткен: «Үш дұға ешқандай күмәнсіз міндетті түрде қабыл болады: зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы, ата-ананың баласына жасаған дұғасы». Ал ата-анаға құрметсіздік танытудың харам екенін ескертіп: «Алла Тағала сендерге аналарыңа құрметсіздікпен қарауды, қыздарыңды тірідей көмуді, құқықтарды өтемеу мен орынсыз істі орындауды талап етуді, өсекті, көп сұрақ сұарағанды, дүниені шашуды харам етті» делінеді имам Мүслим хадисінде.
Ардақты Пайғамбарымыздың заманында өмір сүрген тақуа, діндар, әулие кісінің бірі Уайс ибн Амир әл- Карани болатын. Халық арасында оның есімі Уайсал-Карани деп аталып кетті. Ол Йемендегі Мурад тайпасының Қаран атты руынан шыққан. Қаран деген ауылда дүниеге келген. Қай жылы дүниеге келгені жайында нақты дерек жоқ. Ол ардақты Пайғамбарымыздың жүзін көре алмағандықтан «сахаба» деген ардақты атқа ие бола алмай, алайда сахабаларды көргендіктен табиғиндер буынына жатады. Уайсал Йеменге барған мұсылмандардың насихатын естіп, иман келтірген. Мұсылман болған соң Мадинаға барып, ардақты Пайғамбарымызды көргісі келеді. Бірақ қартайған анасын асырап, бағып отырғандықтан, жалғыз тастап кете алмайды.
Иман келтірген күннен бастап өмірінің соңына дейін Пайғамбарды қатты жақсы көріп өтеді. Оған деген махаббаты шексіз, Аллаға деген сенімі мықты болып, құлшылығын өз дәрежесінде атқарады. Сол секілді анасын да қатты жақсы көрді. Анасына соңғы уақытына дейін қызмет етеді. Ардақты Пайғамбарымызды көруге қатты ынтық болып, тіпті бір рет көруге құмар болғандықтан, Мадинаға барып Пайғамбарымызды көріп келу үшін анасынан бірнеше рет рұқсат сұрайды. Өкінішке орай, анасына қарайтын ешкім болмағандықтан анасы рұқсатын бере алмай, арманына жете алмады.
Солай уақыт жылжып жатады. Бірде анасынан шектеулі бір күндер аралығында Мадинаға барып қайтуға рұқсат алады. Пайғамбарымызды көруге деген ыстық ықыласпен алып ұшып Мадинаға жетеді. Уақыты шектеулі. Тез барып қайтуды жоспарлайды. Мадинаға сағынышпен жеткенде ардақты Пайғамбарымызды сол күні үйінде жолықтыра алмайды. Анасына сөз бергендіктен, Пайғамбарды күтуге уақыты болмағандықтан, сол күні Йеменге кері қайтуға мәжбүр болады. Сол кеткеннен қайта Мадинаға барып, Пайғамбарды көру бақытына ие бола алмайды.
Уһуд соғысы кезінде ардақты Пайғамбардың тісінің сынғанын естіп, оған деген махаббатының күштілігінен бір тісін (екінші бір деректе барлық тісін) сындырып тастайды. Пайғамбарымыз ол жайында естіп білгендіктен: «Уайс әл-Карни ихсан мен ізгілік жолында табиғиндердің жақсыларынан» деген. Тіпті Пайғамбарымыз қайтыс болмастан бұрын үстіндегі шапанын шешіп, хазреті Омар мен Алиге (Алла оларға разы болсын) табыстап, оны Уайсал әл-Қараниге беруін бұйырады. Олар Пайғамбар өсиетін орындап, шапанды Уайсалға береді. Аталмыш шапан бүгінгі ғасырымызға дейін жеткен.
Бірде Уайсал әл-Қарани қажылық парызын өтеу үшін Меккеге барады. Қажылық сапарын жалғастырып, ол жерден Мадинаға ат басын тірейді. Мадинаға барғанда оған: «Міне, Алла Елшісінің кабірі» деген кезде талып, құлап түседі. Есін жиған кезде: «Мені бұл жерден алып кетіндер. Алла Елшісі қайтыс болып, жерленген жерде тұру мен үшін өмірдің мәнісі болмайды» деген екен. Ұлы тұлғаның Пайғамбарды көру қаншалықты маңызды болса да, артық күте алмай кері қайтуы анасына деген махаббаты мен құрметі, берген сөзінде тұрып, ананың рұқсатын алуы не деген жанқиярлық десеңізші?!
Перзент ата-анасына жасаған қиянаты мен құрметсіздігінің жазасын осы дүниеде міндетті түрде тартатын болады. Бұл туралы «барлық күнәлардың жазасы Алла Тағаланың қалауымен қиямет күніне дейін кешіктірілуі мүмкін, алайда ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның жазасын осы өмірде өлім келмей тұрып береді» деген хадис бар. Бабаларымыз хадисті негізге ала отырып: «Атаңа не істесең, алдыңнан сол келеді» деген ұлағатты сөз қалдырғаны да сондықтан.

Ата-ананың разылығын алу
Алланың разылығын алумен бірдей
Ата-анаға құрмет көрсету – перзенттің мойнындағы міндеті. Ол құрметтің шегі мен мерзімі жоқ. Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы, ал ашуы Алланың ашуына себеп болатынын мына хадис баян етеді: «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында». Ата-ана ақысы жайында ғалымдардың ұлағатты өсиеттері жетерлік. Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай деген: «Кімде-кімнің ата-анасы болып, олармен таң атырып, кеш батырып, жақсылығын жасаса, Алла Тағала ол адам үшін екі бірдей жәннатын нәсіп етеді».
Хасан әл-Басриден (Алла оны рақымына алсын) ата-анаға жақсылық жасay жайында сұрағанда: «Әкеге жақсылық етуің ұлы амалға жатады, ал анаға жақсылық етуің одан да жоғары», - деп жауап берген екен.
Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Құранда ата-анаға жақсылық жасауды өсиет етпесе де, сау ақыл ол екеуіне қызмет етудің уәжіп екенін түсінер еді» деген.
Алла Мұса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) былай деп ескерткен: «Ей, Мұса! Менің қасымда «жаман сөз» сондай ауыр, оның ауырлығы жер жүзінің топырағының салмағындай», - деді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым, ол қандай сөз?» – деп сұрағанда, Хақ Тағала: «Ата-ана перзентін шақырғанда бармай, ешқандай құлақ аспай, жоқ бармаймын, сенің айтқаныңды тындамаймын» деп қасарысып, олардың көңілін қалдыратындай, жаман сөз айтуы», - деп жауап берген.

Ата-анаға құрмет жәннатқа жетелейтін амал
Ата-анаға құрмет Пайғамбарлар өсиет еткен, жұмаққа жетелейтін ұлы амал. Пайғамбарымыз былай дейді: «Кімде-кім күнін Алла ризалығы үшін ата-анасына бойұсынған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады. Егер кімде-кім ата-анасына бойұсынбаған күйде кешті батыратын болса, ол үшін екі бірдей тозақтың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады». Сол кезде бір адам орнынан тұрып: «Ол екеуі оған зұлымдық жасаса да ма?» деді. Пайғамбарымыз: «Иә, зұлымдық жасаса да», - деп үш мәрте қайталады (имам Хакім).
Бірде Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алладан бұл дүниедегі жәннаттағы серігін көрсетуін сұрайды. Сол кезде Жебірейіл келіп: «Сенің жәннатағы серігің пәленше жерде тұратын пәленше деген қасапшы»,-деп жауап береді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) қасапшыны іздеп дүкеніне барған кезде ет сатумен айналысып жатқан жас жігіт екенін көреді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) жігіттің істерін жақыннан бақылап көріп еді, ешбір ерекшелікті байқамады. Түн болған кезде қасапшы аздап ет алып үйіне қайтты. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) да оған ілесіп барып, құдайы конақ етуін өтініп, өзін таныстырмайды.
Әлгі қасапшы кең пейілмен қарсы алып, үйіне кіргізіп қонақ етеді. Мұса әлгі жігіттің нендей артықшылығы барын бақылап отырады. Жігіт тамақ дайындап, төбеде ілулі тұрған себетті түсіріп, бір қарт әжені алып шығады. Жуындырып, киімін ауыстырып, қолымен тамақ беріп болғаннан кейін бұрынғы жайына жайғастырады. Мұса әлгі қарияның түсініксіз тілде бір нәрсе айтқанын естиді. Анасын тамақтандырғаннан кейін қонағын күтіп, тағам әкеліп, бірге тамақ іше бастайды. Мұса пайғамбар ол қария жайында сұрағанда қасапшы жігіт: «Бұл – менің анам, мен оның қызметін жасаймын» деп жауап береді. Содан кейін Мұса: «Жаңа анаң аузын жыбырлатып не деп айтты» дегенде жігіт: «Әр кез мен оған қызмет жасаған кезімде ол: «Алла сені кешірсін және сені қиямет күні Мұсаның серігі етсін» дейді» деп жауап береді. Сол кезде Мұса пайғамбар: «Ей, жігіт, мен сені сүйіншілеймін! Алла сенің анаңның дұғасын қабыл етті. Сені байқап едім, анаңды ұлықтап, құрмет жасап, жақсылық істегеніңнен басқа амал көрмедім, сенің бұл деңгейің – ата-анаңа деген құрметің және жақсылығың», – деп өзін Мұса пайғамбармын деп таныстырады.
Бірде Хазрет Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) анасын мойнына салып, Қағбаны тayaп eтiп жүрген бір кісіні көреді. Сонда әлгі кісі: «Уа, Омардың ұлы, не айтасың? Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?» - деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар: «Жоқ. Сені босанардағы толғағының біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгілік жасадың. Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазылады», - деп жауап берген екен. Міне, хақ дінімізде ата-анаға жақсылық жасау хақында көптеген мысалдарды келтірдік. Демек өзін мұсылманмын деп санайтын әрбір пенде ең алдымен ата-анасына жақсылық жасау керек. Бұл ізгілік жолындағы әрбір пенденің қайырлы әрі сауапты амалы. Ата-анасының разылығын алмаған әрбір перзенттің белгілі бір жеткістікке жетіп «болдым, толдым» деуі бекершілік. Анығында «Жәннаттың кілті ананың табанының астында» деген сөзді ешбір пенде ұмытпағаны абзал.
Қ. ҚАБЫЛҒАЗИЕВ,
Арал аудандық орталық мешіті бас имамы
20 ақпан 2024 ж. 1 152 0