Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ерлі-зайыпты Нұрбақыттар

Ерлі-зайыпты Нұрбақыттар

Тақырыпты оқып таң қалдыңыз ба? Иә, мен де естігенде «қандай қызық жағдай» деп езу тартқан болатынмын. Күйеуінің де, әйелінің де есімі бірдей болатын жағдайлар тіптен сирек кездесетін шығар. Мүмкін жоқ та болар. Өйткені мақаланы жазар алдында ғаламторды біраз шолып шыққанмын. Мұндай тақырыптағы материал кездестіре алмады. Өзім осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын танысымның желідегі парақшасынан Нұрбақыт есімді қайнысының Нұрбақыт атты келін түсіргенін көргенде қызығып қарағанмын. Міне, Аралда тұратын ерлі-зайыпты Нұрбақыттар туралы толығырақ қалам тербеудің орайы бүгін түсіпті.
Нұрбақыт Есетұлы мен Нұрбақыт Сайлауқызы 2022 жылдың 12 желтоқсаны күні Арал қаласында дүркіретіп той өткізіп, отбасын құрды. Жұбайлар бір бірімен желі арқылы танысып, жақын қарым-қатынас орнатқандықтарын айтады.
– Мен 2003 жылы Арал қаласында өмірге келдім. 2019 жылы қаладағы кафелердің бірінде даяшы болып жұмыс істеп жүргенмін. Сол кезде жолдасым мені көріп, телефон нөмірімді сұрады. Әрине, мән берген жоқпын. Кейін Қызылорда қаласындағы медициналық колледжде оқып жүргенде «в контакте» желісінен кездейсоқ Нұрбақыттың парақшасын көріп қалып, өзім достық жібердім. Ол бірден қабылдады. Осылай бастапқыда желі арқылы байланыс жасап жүрдік. Кейін жаңа жыл қарсаңында ауылған келгенде кездесіп, жақынырақ таныстық, - деген Нұрбақыт Сайлауқызы таныстықтың қалай басталғаны туралы айтып берді.
Жолдасы Нұрбақыт Есетұлы 1999 жылы өмірге келген. Көпбалалы отбасында өскен ол 7 ағайынды. Жанұясының алтыншы перзенті. Екі Нұрбақыт өзара тіл табысып, бір жылдай араласқан соң «отбасын құрамыз» деген шешімге келген көрінеді. Олардың жүрек қалауын үлкендер де қуанышпен қабыл алыпты.
– Өзімізге есімдеріміздің бірдей болғандығы сондай қызық жағдай сияқты көрінген жоқ. Бірақ үйленеміз деген шешімге келген соң шақыру билет жіберген кезде туған, туыс, таныстардың көбі шатасып кетті деп ойлапты. Тойдың безендірулерін істейтін той ұйымдастыру орталықтарының мамандары да «Шынымен екеуінің де аттарын Нұрбақыт па? Шатасып тұрған жоқсыз ба?» деп таңғалыс білдіріпті. Тіпті неке куәлігін алатын кезде де некемізді тіркеген маман туу туралы кәлігімізге қайта-қайта қарап таң қалды, – дейді Нұрбақыт Матұғылова.
Нұрбақыт Сайлауқызын келін болып түскен қайын жұрты Бақыт деп атайтын көрінеді. Ал төркіндері бірін қыз Нұрбақыт, екіншісін күйеу Нұрбақыт деп айтады екен. Олар өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, напақасын тауып, қоғам дамуына да қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандар. Нұрбақыт Есетұлы автомеханиг мамандығын меңгерген. Қазіргі таңда көліктің тілін тауып жүр. Сондай-ақ жұмыс талғамайтын еңбекқор жан көрінеді. Ал Нұрбақыт Сайлауқызы медбике. Осы күні бала күтіміне байланысты демалыста.
Екі әулетке адал қызмет етіп жүрген олардың бірі сыйлы күйеубала, бірі ибалы келін ретінде құрметті. Екі жыл жарасымды жұбайылық өмір кешкен Нұрбақыттар – Шапағат есімді батырдың ата-анасы. Екінші перзенттерінің өмірге келуін күтіп отыр. Отбасын құрғалы бері үлкен әулеттің кіші келіні ретінде ата-енесіне қызмет еткен олар жуырда ғана үлкендердің батасын алып өз шаңарақтарын тіктеп, бөлек шықты.
Отбасы – қоғамның айнасы. Елдің тыныштығы мен гүлденуі әрбір отбасынан басталады. Бір-бірін көзбен ұғысып, сөзбен сыйласқан жарасымды жұбайлар елдің данасын да, дарасын да өмірге әкеледі. Сондықтан дана халқымыз "Отанды отбасынан басталады" деген ұлағатты сөз қалдырған. Нұрбақыт пен Нұрбақыттың да отбасы құндылығын сақтап, үлкен әулетке айналуы заңдылық сияқты. Себебі олар көпбалалы отбасында өсті. Ата-ананың, бауырды, баланың қадірін бәрінен жіті түсінеді һам ұғынады.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
27 ақпан 2024 ж. 1 083 0