Оттан-судан сақтасын!
Қайыстырып жіберді қабырғамды.
«...Солтүстікте...
Батыста... су тасқыны!»
Жар салады үнжариям жанымдағы.
Тосын сөзді тыңдайсың тыныш қалай,
Жасымасын жігерлер құрыш талай.
Тілсіз жаудың тізесін бүктірмекші,
Ағылған жұрт тұс-тұстан құмырсқадай.
...Ағынды су мал-мүлік үй демейді,
Жанталасып жан-жақтан кимелейді.
Ақкөз суға кеудесін тосқандардың,
Күндіз-түні қарасы сиремейді.
Осы ақпарат сүйегін қариды адам,
Көк жәшіктен көремін әр үйді алаң.
Жаратқаным тасқыннан сақтап қалсын,
Абыржыған адамды...сәбиді аман.
Бірлік болсын әуелі бұл ісіңде.
Алтының да, құрысын пүлішің де...
Оңай емес тасқын су кім үшін де...
Құдай сақтап құтқарды еріктілер,
Суда қалған адамды түн ішінде...
Апат қайта төнбесін осы маңға,
Адамның көп арманы шашынан да.
Алақайлап алдынан жүгірер ек,
Арал өстіп шіркін-ай, тасығанда.
Адам –біздің бірінші байлығымыз,
Бірімізге болайық сай біріміз.
Тасқын сумен тап бүгін тайталасқан,
Асқақ болсын әрдайым айбынымыз!
...Таңмен тыныш түрілсін түндігіміз,
Елдік іске жұмылдық бұл күні біз.
Оттан-судан сақтасын Отанымды,
Жасай берсін мәңгілік Бірлігіміз!!!
Толыбай Абылаев,
Арал
Фото: bugin.kz