Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бүгінгі жарнаманы, Көрген жан таңданады

Бүгінгі жарнаманы, Көрген жан таңданады

Аядай ғана жұмыс бөлмесі. Оқуын жақында аяқтап, қызметке араласа бастағанына 1-2 жыл болған екі жас жігіт пен зейнет жасын алқымдап қалған әріптес ағасы осы бөлмеге таңғы 9-да кіргеннен кешке бір-ақ шығады.
Мұндағы үштіктің ойлары да бөлек, мақсаттары да басқа. Жастар болашағын өзгеше елестетеді. Азын-аулақ жалақыны әзірге қанағат еткенімен "кейін үйленіп, бала-шағалы болсам, жалақысы жақсы жұмысқа ауысамын, бұл жұмыс сол кезде баспалдақ болады" десе, үлкені абыроймен зейнетке шықсам деген оймен күн өткізуде. "Жасым келсе бір күн де қалмаймын бұл жұмыста" дейді іштей. Оған себеп те жоқ емес. Жанындағы жастармен әңгімесі жараса бермейді. Олардың айтқанын түсіне алмай, қалжыңдарына кейіпкер болады да шығады.
Бүгін тағы таң атысымен осындай бір әңгіме басталды да кетті. Жастардың бірі екіншісіне:
– "Пейішке" бару керек еді, – дегені сол-ақ екен, бөлмелес азамат шошып кетіп: "Пейішке адам амалымен барады, ол үшін үлкендеріңді де сыйлауларың керек" деді сөздің не жайында екенін түсінбеген ол жастардың екіншісі де біріншісін қоштай кетіп:
– Иә, Аралға да келіпті ғой. Барсақ барып қайтайық, бәрі мақтайды әйтеуір "Пейішті", – деді.
Екеуінің келекесі деп түсінген ағамыз:
– Мақтамай көрсін, ол жақ бәрінің арманы емес пе, сендер не білейін деп едіңдер? – деп ашулана бастағандай сыңай танытты.
Кенет екеуі телефонын жарыса қолына алып:
– Бұйырмаған деген екен осы екен ғой, "Пейішке билет жоқ" деп қойыпты, – деді әлдебір жарнаманы қарап. Бұл сөздері шамына тіпті қатты тисе керек:
– О, тоба, оған да билет сатылады ма екен? – деп орнынан ұшып түрегелді де, шылымын езуіне қыстырып, есікке бет алды.
Міне, бүгінгі жармананың сыйқы осындай. Бірі түсінсе, бірі ұқпайды.
О. ЖОЛДАСОВ
25 мамыр 2024 ж. 600 0