Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауылға барсам...

Ауылға барсам...

Жетіншіні бітіріп, сегізінші класқа барар тұста Сары апамды жек көріп қалдым. Ол да мені жақсы көрмейтіндей еді. Солай болды бала түсінік.
- Өтірік жақсы көреді екенсің, шын жақсы көрсең оларға бермес едің?! Осылай деп еңкілдеп жылаймын. Апамның тізесінде. Күн иісі әбден сіңген көйлегі менің жасымнан әбден су болған. Жарылған алақанымен басымды қайта-қайта сипайды. Тым-тырыс.
Апам әлі үндемейді. Әлденеге іштей бекініп алған. Тас-түйін. Жылай-жылай сілем де қатты. Өзіме ғана жұмсақ, басқасына онша мойын бұрмайтын кемпірдің бүгінгі шешімі тым қатты еді.
- Ақұдай-ау, өзің шыққан жатырыңнан жерідің-ау. Уһілеген күйі осылай деді бір кезде. Сөйлеп отыр. - Мені қашанғы жүреді дейсің. Өлсем, қаласың тағы жалтақ болып. Көрінгенге түртпектетпей көзім тіріде үйіріңе қосайын...
Алты айлығанда бауырына басқан Ежөкті туған әке-шешесіне табыстыруды шешті солай. Туыс ағам Муканың көк тракторымен аттандырды. Менде қайбір дүние болсын?! Көрші Жаңақұрылыста тұратын әкейдің еншісі бар. Бас-алты бас ірі қара. Солар тиелген телешканың бір бұрышына жайғастым. Мүйізділер өзге жаққа аттанғанын сезгендей тыпыршиды. Арқанмен буылған төрт аяқ босануына мұрша берер ме?! Әрі-беріден мұрны шуылдап, кейбірі пысылдап тыныш тапты. Қасқа тайөгіз ғана тынышсыз. Мүйізін әрі-бері шайқайды. Болмаған соң ол да жанындағы енесіне, қара қасқа сиырға мүләймси түсініксіз мөңірейді.
"Ех, қасқа өгіз, сен бақыттысың. Кетсең қасыңда апаң бар. Апаңмен қайда барсаң да бола бермей ме?! Ал менің апам мені басқа ауылға жібермек. Қасында жүргенін қаламайды. Жек көрем апамды. Сенің қасқа сиыр-апаң да солай етсе, сен де жақсы көрмей кетер ең..." Осылай менің ішкі ойым. Жылап отырып қасқа өгізге мұң айтамын.
Кіші ағам кабинадағы екінші орынға отырған. Мені жеткізіп, әке-шешеме аманаттамақ. Апамның тапсырмасы бұл. Күні бұрын піскен шаруа еді.
Мука аға тырылдаған тракторын солқ еткізіп жүргізе бастады. Солқ еткен көлікпен жүрегім де тарсылдап кетті.
- Апааааа! Апа-ау! Телешканың ернеуіне жабысқан күйі еңірей айқайлаймын. Апам есітті ғой. Неге шықпайды?! Жоқ, шықпады. Бәлкім, өзі де шыдамас па еді? Қимайтынын білем ғой. Сол тастай беріктігімен қала берді. Біз Бекарыстан Би Ауылынан ұзай бердік. Апаммен осылай айырылыстық.
Мұнда мен томсарып қана жүремін. Жаңақұрылыста-дағы. Бар жақсыны аузыма тосса да. Тіпті, жаңа оқу жылына қарсы бар жаңа киім мен кітап құралдарын әперген туған шешем Ұлекеңе де мойын бұрмаймын. Сабақтан келіп көбіне үнсіз қаламын. Туыстай ғана болып қатысқан туған әкең мен шешеңді қабылдау - тым қиын. "Өй, бүйрегің бұрып, ішің бүлкілдей соларды жақсы көріп тұрсың" дейтіндердікі бос әңгіме. Мен апамды ғана жақсы көретінмін.
Апама ренішім тез басылған. Араға ай салып, ауылға қайта келдім. Демалысқа ғана. Келе құшағына сүңгігенмін. Иіскеп ұзақ тұрды. Көзінде жас. Омырауына мұрнымды тыға бердім. Апамның иісі керемет еді...
Он бірінші кластамыз. "Папа-мама" демесек те, әке-шешемен бұрынғыдай емеспін. Атын атап үйренген ауыз әлі де сол дағдыдан шыға алмай қалды. Солай жүргенде ғой. Хабар келгені. ҰБТ деген дүниенің қолданысқа енген жылдары. Соған сүрнігіп дайындаламыз. Айналдырған төрт пәннің ми ашытар сұрағы көп. Тест деген тірлікті бұзған апамның денсаулығы.
- Апам ауырып қапты, - деді кешкі ас үстінде Ұлекең.
- Қашан?
- Бүгінгі автобуспен келді хабар. Әкейдің еңсесі түсіп кеткен. Сырқаты барын бұрыннан білетін сияқты.
Әлі есімде. Қазан айының ортасы. Сыртта тұрған отынды жиыстырып тұрғанымда үйге кірген ауылдағы үлкен қарияларды байқап қалғанмын. Алдында мешіт имамы. Естірту. Білемін ғой мен мұндайды. Ауылда өскен ұл мұның бәрін бұрыннан да көріп өскен. Сырттағы ет-жақыны қайтыс болған жанның хабарын айтуға ауылдағы сыйлылар баратын. Естіртетін. Жұбататын. Сабырға шақыртатын.
Солай еді. Түйсігім алдамапты. Апам бізден алысқа кетіпті. Иә, Құдайдың өзі ғана білер мекенжайға.
Кейін есіткенім ғой. Ұзақтан бері сырқатын ешкімге айтпаған Сары апамды ауру меңдеген. Жан қиналысын сезген ол қайтыс боларынан бұрын мені қатты іздепті. Таяққа сүйеніп жолға қарайтын көрінеді әлсін-әлсін.
- Ана бала көрінбей ме?!
- Шақыртайын ба, апа?
- Үністетіне (институт)дайындалып жүрген болар, мазаламайық.
Соңғы күні қайта іздеген. Көргісі келген ғой марқұм. Ауру әбден жеңген апамның кіттәй Ежөгін қайта-қайта іздегені мұндағыларды алаңдатыпты.
- Апа, шақыртайыншы. Кенже ағамның бұл өтінішін тағы қабылдамаған.
- Шырағам, - депті апам әбден қалжыраңқы дауыспен. - Мен енді ұзамаспын. Ана жаназа мен қонақасыға сояр малыңды даярлай бер. Жан-жаққа мен аттанған соң хабар берерсің... Осылай үзіп-үзіп әлсіз үнмен тапсырмасын берген.
- Ежөк ше?!
- Жоқ. Бақұлдасуға байқұс баланың жүрегі шайлығар. Келіп топырақ салса болғаны. Еее, ақұдай-ау, жарығым-ау сол, сол жылы кетерінде қатты шырқырап жылап еді...
Апам сол күні үзілген еді.
- Сені сұрай берді соңында, - деді жанында болған тәтемнің бірі жаназа үстінде. -Ауық-ауық сені айтумен кетті ғой апам. Қатты қиналды. Ақырғы демінде алғанда көйлегі сығып алатындай болып тұрды. Осылай дейді де "апам-ау" деп жоқтауын жалғастыра беретін...
Иә, одан бері қанша уақыт өтті. Таңқы мұрын бозбаланың апасы жоқ бүгінде. Бірақ апасы айтқан әр құндылық есінде. Әрі оның бәрі қазақы құндылық, қазақы тәрбие еді.
Ержан ҚОЖАС 
26 маусым 2024 ж. 503 0