Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Маған үлгі көрсеткен «жаман» жеңгелерім

Маған үлгі көрсеткен «жаман» жеңгелерім

Біз негізі жақсылықтан гөрі жамандыққа тез бейімделіп кетеміз ғой. Біреу жақсы бол, дұрыс жүр деп ақылын айта бастаса тыңдаған боламыз да, бірақ өмір тәжірибесінде көп қолдана бермейміз. Кейін шалыс басып, сан соғып қалғанда ғана «әттеген-ай, неге солай еттім екен, кезінде пәленше айтқанда тыңдауым керек еді, түгенше айтқандай істеуім керек еді» деп өкініп жатамыз. Жасаған қателік қалыпқа келтіре алатындай болса жақсы, әлбетте. Ал кейде өмірлік маңызы бар отбасы құндылығына нұқсан келтіретін қателіктер жасағанда тіпті қиын.
Өзім бір рулы ел қоныстанған ауылда өстім. Ауылдың іші тегіс ағайын-туыс. Барлық қуанышта, қайғыда ел болып қазан асып қызмет жасалады. Анам келіндердің «главары». Бәрін бастап, ұйымдастырып жүреді. Келіндердің бәрі «апалап» сыйлап, сөзін екі етпей, ұрысса да, айқайласа да көніп, бір ауыз сөз қайтармай жүре береді. Онысы қорыққандық емес, сыйластық деп ойлаймын. Әйтпесе, бәрінің де бір отауды жайлаған, жынды ашулары бар екендігін білемін іштей. Ал енді бүгінгі тақырыпқа сай «жаман» жеңгелерім туралы айтайын.
Мен ол кезде мектепке де бармаған баламын. Бірақ сол бір оқиға әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кезде әлде заман таршылық болды ма, әлде жеңгемнің балалығы ма екен, кім білсін?! Бізбен іргелес тұратын үйдегі ағайын ағам келін әкелді. Жаңа түскен келінді қызықтап, сол үйдің маңын төңіректеу сол кездегі ауыл баласының бәріне тән нәрсе ғой деп ойлаймын. Біз де солай, сол үйдің маңынан шықпаймыз. Бірде анам ауырып ауруханаға жатып қалды. Әкем түздегі жұмысында, мені жас келін түсірген көрші ағамдікіне қалдырды. Шәй үсті. Ол кезде дастарқанда нан мен қанттан артық ас кездесе қоймайтын кез. Шәй құйып отырған жеңгем қолымен бірдеңені көлегейлеп жасырып аузына апарады да, ұрты жыбырлай жөнеледі. Сосын әлгі қолындағысын қайта көрсетпей көлегейлеп өзі отырған көрпесінің астына тығады. Осылай бірнеше мәрте қайталады. Мен жеңгемнің ісіне таңғалып, әрі неге олай жасап отыр деп ойланып, көзімді алар емеспін. Бір кезде ағам жеңгеме айқайласын-ай келіп. Не болып қалды деп түк түсінбеймін. Сөйтсем жеңгем менен тығып кәмпит жеп отыр екен. Оны ағам кейін байқап қойған.
– Не болды сонша, дым көрмегендей кішкентай баладан тығып жеп. Дастарқан басына қойсаң да болмас па еді? «Өле жегенше бөле же» деген бар емес пе? Қалай өтті тамағыңнан?– деп жатты.
Бір жеңешем тұңғышын өмірге әкелді. Бастапқыда әйелдің омырауы жарылып, жара болып жанын қинайтыны бар. Оны әйел заты түсінер. Сол қиналыстан сүт кернеп сыздаған емшегін емізбей, омырау сүтін қатырып алды. Қазір ғой ондай жағдайда қолданатын түрлі аппараттар бар. Сол кезде жеңгемнің тас-түйін болып қатқан омырауына свет қойып, біздің мама мен енесі екеуі түрлі амал жасап жібітіп, әуре болды. Ал жеңгем жаны қатты қиналып, көзден жасы сорғалап, көрпешенің жиегін тістелеп қана ыңылдап жылап жататын. Оны көріп қатты жаным ашыды.
Біздің ауылдан қалаға автобус таңертең шығып, түсте қайтатын. Соған дейін үлгерсең үлгердің үлгермесең келесі күнге қаласың. Ондайда қалада тұратын туыс ағамдікіне барамыз. Жеңгем қаланікі. Өзі қызметкер. Үйіне артық адам келгенді жақтыра қоймайтын. Ылғи қабағын түйіп, тарсыл-гүрсіл басталып кетеді. Мұндайда бәрін біліп тұрсаң да амалың қайсы. Ертеңге қайтар автобусқа дейін пана керек. Сол жеңгеміз разы болсын деп қолдан келгенше көмектесіп, үйін жинап, кірін жуып, баласын бағып жүреміз. Өйткені анам ес білгенімізден «кісінің үйінде қызметіңмен жағасың. Біреудің үйіне барғанда шалқалап жатып алмай, тірлігіне көмектес» деп миға құйып тастаған.
Бізге қарсы үйде тұратын туыс ағам көрші ауылдың қызын алды. Обалына не керек, жеңгем жақсы. Бірақ бір қасиеті апта ішінде екі мәртеден кем емес төркініне шапқылайды да жүреді. Түсте үйінде болса, кешке сонда. Көк түсті «Урал» маркалы мотоциклмен әне шапқылып бара жатыр, міне ұрып келе жатыр. Қыста онша білінбейді. Жаз болса биік шартақпен қоршалмайтын, тек мал кіріп кетпесін деп аласа етіп ауласын шекаралап алатын ауылда көрші отырғандар бір-бірінің бар тірлігінен хабардар болады. Жеңгемнің сол қылығын әжем жақтырмай «осы қатын төркіншіл, сағынышты екен. Кеткен қыздың ауық-ауық төркінге шапқылауы жақсы емес. «Төркіні жақын қатынның төсегі жиналмас» деп бекер айтпаған ғой. Одан да үйіндегі тірлігін істемей ме екен» деп күңкілдеп отырады.
Бұл оқиғалардың куәгері болғанда мен оң-солын танымаған ойын баласы едім. Кейін есейдік, ес жидық. Өзім де бір әулетке келін болдым. Сол кезде анам айтқан тәрбие мен жеңгелерімнің әрекетін көз алдыма келтіре бастадым. Жеңгелерімнің ерсі қылығы кезіндегі өзімнің ішкі күйзелісім ойыма оралды. Сосын мен ешқашан ондай келін, жеңге болмаймын дедім іштей. Үйге кісі келсе тамақтан бұрын қабақ беру керек екендігін ұқтым. Және барды бөле жеуді, әр адамның ырысымен келетіндігін санама сіңірдім. Алғаш ана атанып, омырауымда мәселе туғанда жеңгемнің жан қиналысы көз алдыма елестеп, омырау сүтімді қатырып алмау үшін аз ғана қиындыққа шыдадым. Төркінім жақын болса да жиі барып, көп қонақтап қадірімді қашырмаймын деп ұстандым. Қазір сол екі сағаттық ауылда тұратын төркінге жылына бір рет 2-3 күнге ғана қонақ болып кетемін.
Міне, мен осылай өмірлік сабақты жеңгелерімнен алдым. Олардың әрбір ерсі қылығының салдары менің сондай қадам жасамауыма себепші болды. Жақсылықты үйрендім, жамандықтан жирендім. Сол үшін рақмет сіздерге, қызғаншақ, тырысқақ, адуын, төркіншіл, бірақ өз отанын сақтап, шаңырағын шайқалтпай, ұрпағын өсіріп отырған жеңешелерім.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
04 маусым 2023 ж. 1 205 0