Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйел ақылды болса...

Әйел ақылды болса...

Биыл Дастан мен Әселдің шаңырақ көтергеніне тура 10 жыл болады. Бұлар бұл айтулы күнді ағайын-туыс пен жора-жолдастың басын біріктіріп атап өтуді жөн көріп отыр. Біреулер үшін аз ғана уақыт болып көрінуі мүмкін. Бірақ отбасылық осы жылдар ішінде бұлар талай жақсы да, жаман да жағдайларды бастан өткеріп, адам танымастай өзгерді. Бір кездегі бірі-бірін құлай сүйген жандар қазір 4 баланың ата-анасы болып отыр. Шаңырақтарынан қонақ арылмайтын жандар келген кісіге тамағын бермесе де қабағын берген. Жылы шыраймен қарсы алып, барын дастарқанға қойып, жарқырап жүретін бұларды туыстары да жақсы көреді.
– Жеңеше, аға екеуіңіздің ұрысқандарыңызды көрмеппін. Ылғи әзіл- қалжыңдарыңыз жарасып, күліп жүресіздер. Ал біздің Санат екеуміздің соңғы кезде ұрысымыз жиілеп кетті. Бір-бірімізді түсіне алмаймыз, – деді жақында ғана тұрмысқа шыққан қайын сіңлісі Әселге.
Иә, қайынсіңілдері Әселмен жиі сырласады. Әсел де оларға бар ақылын айтып, отбасы құндылықтарын түсіндіріп отырады.
– Еркем, неге ұрысасыңдар? Аллаға шүкір, сендерде бәрі бар. Үлкен үйлерің бар. Машиналарың бар. Жұмыстарың бар.
– Білмеймін ғой. Болмашы нәрсеге шу шығып кетеді. Кейде тіпті кетіп қалғым келеді.
– Қой қалқам, олай деме! Ажырасу дұрыс шешім емес. Сен сол адамды таңдағанда өмірлік жар болады деп таңдадың. Енді екеуің бір адамсыңдар. Отбасы болған соң қиындықтар болады. Оның бәрінің шешімі ажырасу болса қалай болады? Бәрі уақытша. Жас кезде ондай-ондай болады.
– Сіздерде де болды ма?
–Біздің ол кезде ұсақ-түйекке бас қатыратын шамамыз болған жоқ. Қайтсек үй боламыз деп ойладық.Қазіргі жас қыздардың әңгімесін естіп, кезінде мен ақымақ болғанмын ба? Әлде ақылдылықтан солай жасадым ба,деп ойлап қаламын. Қазір сендер жігітпен таныссаңдар «үйі қандай, машинасы бар ма, ата-анасы кім болып жұмыс жасайды, баланың өзі оқыған ба, жұмысы бар ма?» соның бәрін сүзгілеп жатасыңдар. Ал мен Дастанмен танысқанда ондайдың бірін де ойлаған емеспін. Тек шын жүрекпен жақсы көрдім. Жақсы адам екенін білдім. Болды. Қалған мына байлықтың бәрі өз күшімізбен келді. Сен де білесің ғой шет-жағасын, – деп күлді.
Иә, олар студенттік жылдарда танысты. Ол кезде Әсел 1 курс студенті. Ал Дастан сол жылы оқуды бітірген, дипломмен жұмыс таппай қаладағы автомойкалардың бірінде жұмыс істеп жүрді. Бұлар студенттік жылдарында жатақханадан пана тапты. Бір қызығы, Әсел жатқан жатақханада бұрын Дастан да жатқан. Содан ескі таныстарын іздеп Дастан жатақханаға жиі келіп тұратын. Бұлар ортақ таныстары арқылы танысты. Басында бір өңірдің балалары болған соң, ағалы-қарындастай болып жақын араласып жүрді. Кейін бір-біріне бауыр басып қалды. Қыз-жігіт болып 4 жыл араласты. Ол кезде Дастан мамандығы бойынша жұмыс таппай, әртүрлі қара жұмыстар жасап, соңында сәтін салып жақсы компанияға қызметке орналасты. Әсел оқуын бітірген соң, бірден мамандығы бойынша жұмысқа тұрып алды. Лауазымды қызмет. Тәуір табысы бар. Дастан өз ауылында, Әсел өз туған жерінде қызметте. Бұларды телефон байланыстырып тұрды. Осылайша олар Әсел оқу бітірген соң бір жылдан кейін шаңырақ көтерді.
Дастанның жалғыз анасы бар еді. Әкесі қайтыс болған. Өзінен үлкен әпкесі тұрмысқа шыққан. Кейінгі інісі басқа қалада жұмыс істейді. Өте қарапайым тұрмыс кешіп жатқан отбасы болатын. Дастан кезінде жоқшылық пен қиындықты көп көрген. Мінезі жуас, қарапайым. Әзіл-қалжыңға жақын, сөзшең болса да жуас мінезі басым тұратын. Ал Әсел ерке өскен қыз, ешкім бетіне келмеген. Кезінде әжесінің бауырында өскен соң, әке-шешесін онша мойындай қоймайды. Жоқшылық көрмей өскен. «Кемпірдің қызы» деп әкесі бәрін осының аузына тосты. Турашыл. Оңайлықпен ашуланбайды. Ашуланса тау қопарар. Ақкөңіл, жайдары, бәріне салдырлап әңгімесін айтып жүретін. Не керек, бұлар отбасы боламыз деген шешімге келген соң екі жақ құдаласып, той жасады.
Бұл тәуір қызметін тапсырып, Дастанның ауылына келді. Бұлар 3 бөлмелі үйде тұрады. Бір бөлмесі бұлардікі, бір бөлмеде мамалары, ал бір бөлмесі асүй болатын. Жалғыз Дастанның еңбекақысына қарап отырған бұларға тойдан кейін тіпті қиын болды. Апалары бір дүкенде еден жуды. Күнделікті ішер асты сол еңбекақысына алып келетін.
– Бүгін не ішіп-жейміз деген күндер болды. Сондайда енем: «бүгінгі күніміз жаман болса, ертеңде жақсы күн туар. Алла сәтін салар» дейді. Шынымен де әйтеуір сәті түсіп тұратын, – деп Әсел өткен күнді еске алды.
Келген соң көп өтпей тұңғышына аяғы ауыр болды. Бұл кездері ол үйде қарап отыра алмады. Малды ауылдағы туыстарынан малдың ішек-қарын, өкпе-бауырларын алып келіп тазалап, базарға апарып сататын. Бірде тігіннен хабары бар екенін айтып еді. Қайнысы мен қайын әпкесі тігін машинасын сыйлады. Сонымен көрпе тігіп сатты. Басқа да тапсырыстар қабылдап, отбасылық қаржыға өз үлесін қосты. Тұңғышы өмірге келді. Үйдің тарлығы сезілді. Оның үстіне кішкентай үйде тұрса да қонақ арылмайтын. Содан бұлар ауладағы бос жатқан аумаққа жайлап үйдің іргетасын құя бастады. Бұл кезде Дастан да қосымша екі-үш жерде жұмыс жасап, қаражат жинаған. Біртіндеп кірпішін қалады. Осы аралықта Әсел де дипломы бойынша жұмыс тауып, орналасып алды. Бұл да қосымша тігін тігіп, сауда жасап жүрді.
– Қыз күнімде етжеңді болдым. Тұрмысқа шыққан соң біраз салмақ тастадым. Бірде ауылға төркіндеп барғанда туыстарым түрімді көріп, шошып кетті. Бәрі маған:«тұрмысың ауыр ма, күйеуің мазасыз ба, енең жайсыз ба?» деп сұрап жатты. Мен оларға:«жоқ, бәрі жақсы, тек күйеуім менің арық, талдырмаш болғанымды қалайды, сосын диета ұстап аздым» дей салдым. Қаншама отбасында қиындық көрсем де,бірде бірін ата-анама айтқан емеспін. Олармен тек амандық сұрасып сөйлесемін болды. Өз отбасымдағы мәселемді айтып, талқыға салғым келмейтін. Қиындық көрсем де, қызық көрсем де өзімнен ғой. Дастанға мені олар қосқан жоқ. Өзім тұрмысқа шықтым. Ата-анам мені бағып-қағып өсірді. Сән-салтанатымен, бар дүниемді беріп ұзатты. Енді басқа мәселемен олардың жүрегін ауыртуға хақым жоқ деген шешімге келдім. Бұл дұрыс болды деп ойлаймын,– деген Әсел қайын сіңлісіне ақылын айтып жатты.
Осылайша олар жұп жазбай жүріп бірге еңбек етті. Тұрмыстағы қиындық бұларды шыңдап, махаббаттарын одан сайын бекемдей түскендей. Биіктерді армандады. «Үлкен үй саламыз, машина аламыз. Сосын осы үйімізді дүкен етіп ашып, маманы отырғызып қоямыз» деді. Адал еңбектің арқасында бұлар өз армандарын орындады. Қазір көздеген мақсатына жетіп, марқайып отыр.
– Еркем, отбасы қоғамдағы үлкен құндылық. Оны сақтай білу керек. Тұрмыста ерлі-зайыптылар түрлі қиындықпен сыналады. Ең бастысы, бір-біріңе адал жар болыңдар. Сосын ол үйдегі қиындықтарыңды ата-анаңа айтпа. Жолдасыңды да жамандама. Одан ештеңе ұтпайсың. Қайта екі жақтың арасын салқындатып аласың. Сен дәнекерсің. Қыз балаға осындай жауапкершілік артылған. Мінезіңді түзе. Сол шаңыраққа бейімдел. Бәрі жақсы болады, – деп Әсел қайын сіңлісіне өзінің бастан кешкендерін айта отырып ақылын айтты.
Әйел ақылды болса отбасы берекелі, қоғам тыныш болатындығының дәлелі осы сияқты. Дастан мен Әсел қазір бақытты, ел үлгі аларлықтай отбасы. Түзу тұрмыс кешіп жатыр.
Н. БАҚЫРАН
24 қаңтар 2023 ж. 511 0