Өзім деп кімді айтамыз?
Өзіңді жақсы көру керек деп өзеуреп жатамыз. Осы ойды басшылыққа алып, қалағанымызша жүрсек, тойғанымызша жесек дейміз. Бірақ өзіңді сүймесең өмірдің өзі болмас еді ғой. Біз өзіміз деп кеудеміздегі құдайлық рухты айтамыз ба, жоқ нәпсімізді ме?
Нәпсінің бір аты – тән қалауы. Оны да құдай тектен-тек жаратпаған. Асылында жақсы киім киіп, тәтті тамақ жегіміз келсе, соның бәрі нәпсінің ықпалынан. Ол барлығымыздың ішімізде бар. Баяғыда Сүлеймен патша құдайдан исі адамзаттың нәпсісін мүлде жоқ қылып жіберуін сұрапты. Кейін көшеге шығып қараса, қызып жатқан сауда, балалардың ойыны, той-думанның бірі де жоқ. Барлығы естанды һәлде Жаратқанға жалбарынып отыр. Сонда Сүлеймен нәпсі болмаса дүние негізгі сипатынан ажырап қалатынын түсінген екен.
Алайда нәпсіні қажет екен деп, жөн-жосықсыз қалағаныңның барлығын жасай беруге болмайды. Ол адамды азғындыққа апарады. Мәшһүр Жүсіптің көптомдығында жақсы мысал бар. Адамның өмірі бейне ақ парақ. Ал нәпсі – сия секілді. Ақ параққа сия молынан төгіліп кетсе, қағаз өте шатпақ, лас болады. Сондықтан оны ақыл қаламымен әдемілеп қағазға түсіру керек. Ол қалам жақсы болса қағаз бетіне қанша құсни сөз, ою-өрнек түсіруге болар еді.
Адам неғұрлым өзін қарапайым төмен санаған сайын, оның рухы соғұрлым биіктей береді. «Кісіні бөлшек санға ұқсатуға болады. Оның төмені – адамның өзі туралы ойлағаны, жоғарысы – адам туралы өзгелердің ойлағаны. Төмені көп болған сайын, қорытынды азая береді», дейді Лев Толстой.
«Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген қазақ мақалы да рухты пәк-таза қалпында сақтау керектігін меңзесе керек.
Ақпарат көзі: egemen.kz