Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Үлпілдегі мамықтай сары қамыс

Үлпілдегі мамықтай сары қамыс

Осыдан бірнеше жыл бұрын жол түсіп, Бөген ауылына барғанмын. Түскен үйіміздің сарайының артқы бетіне ұзындығы үш метрдей болатын сап-сары қамысты сүйеп, жинап қойыпты. Бер жағынан мал шашып құлатпасын деп бір-екі жерден сым тартып қойыпты.
Сап-сары, басындағы ұлпадай үкілері желмен желкілдеп тұрған қамысты көргенде еске біраз нәрселер түсе берді. Өйткені соңғы кезде қамыстың өзін көрмейтіндей болып бара жатырмыз. Қалалық жерде құрылысқа қамысты пайдалану тоқтады десек те болар. Жұрт бақалшақты тасқа, басқа да құйма материалдарға көшіп кетті. Әйтпесе ілгеріде үй салам, жай тұрғызам деген адамдар әуелгі жұмысын ауласына қамыс түсіруден бастайтын. Кейде сол кезді еске алғандар: "Қақыра үйлер қандай еді? Ауасы таза болатын. Қыста жылы, жазда қоңыр салқын болып тұратынын айтсаңшы" деп тамсанады. Тамсанса, тамсанатындай-ақ жөні бар.
Үй салғандар осы бау-бау боп келген сары қамыстан шом буып, бүкіл қабырғасына қағып шығатын. Ал там төбенің астыңғы бетіне шыпта тоқып қағып, үстіне тышқақ лай құйып сыланатын. Және де жылу сақтау үшін жоғарыға бос қамыс шығарып, қабыршақ сазбен бастыратын. Ал ертелеу уақытта төбе жабатын шифер жоқ кезде ұзына бойы шом қамыс тастап, бастырып қоятын, сонда қандай жаңбырда да ішке тамшы тамбайтын-ды. Ал кейде жұмыс өнімді болу үшін үй қабырғалары үшін қалың мата тоқып, бірден тұрғызылатын.
Көл-суы көп өңір болғандықтан да қамысты біздің өңірде тірлікке кеңінен пайдаланған. Балық аулау үшін қабадан, қаза сияқты ау түрлерін осы қамыстан жасайтын. Ең ақыры, бейіттің бетін қам¬ыс жайып жабатын. Өйткені қамыс астындағы ағашты шірітпейді. Шірімейді демекші, 20-30 жыл тұрған үйлерін бұзғандар болашақ жаңа ғимараттарына ескі үйден шыққан шомдарды пайдалана беретін. Ал қарасирақ бала кезде қолының місекерлігі бар кісілер кішкентайларға қамыстан сыбызғы жасап беретін. Балалар соны уілдетіп жүретін.
Қамысты әртүрлі көлемде баулап, мал қорасы мен ықтасын жасауға, және күрке, лашық сияқты қарапайым жаппа түрлерінің төбесін жабуға да қолданады. Кей өңір¬лерде топырақ пен саз балшыққа (соқпа тамға, қара кірпіш жасауға) берік болу үшін ұсақталған қамыс қосқан. Қамыстан уақытша өткел де жасаған. Ол үшін қамыстан қажетінше бау дайындалады. Бауларды батпақ пен мұздың үстіне төсеп, арқанмен мықтап біріктіреді. Осы үрдісті "Күзер салу" деп атайды. Сондай-ақ арқанмен мықтап өзара бекітілген қамыс бауларды сал ретінде де пайдаланған.
Шөп шықпай қалған жылдары қамыс мал азығы ретінде де жүрді. Қамысты малға беру үшін өзегі қатпай тұрған уақытта, яғни жас желек, балауса кезінде орақпен орып, немесе шауып алып жинап қояды. Жеуге жұмсақ болу үшін оны малдарға турап беретін болған. Өзен, көл жағасын мекендегендер қамыс қора жасаған. Кейде оның сыртын сиыр жапасымен сылаған.
Қамыс туралы әңгіме қозғалғанда ақсақалдар: "Сендер білектей-білектей нар қамысты көрген жоқсыңдар ғой" десетін. Осы нар қамыс туралы жақында жазушы Сайлаубай Жұбатыровтың "Топан су жүзін жуған Ұлы Дала" атты кітабындағы "Тікаша" "тоннелі" атты мақаласында: "Тікашаның" теңіз беттегі кіреберісі, кәдімгі жасыл жарауытқа ойылып салынған туннель аузындай болып, қарауыта үңірейіп, алыстан көзге ұрып тұрады. Ересен биік қамыстар бастарын иіп, бір-бірімен үпелектерін араластыра, жоғарыдан биік күмбез жайдай төніп тұратын. Сондай бір өткелекте біз мінген балықшы қайығы "Тікашаның" "туннель" ортасына тоқтап, маған сол бір "гулливер" қамыстар арасына бойлап барудың сәті түсе қалды. Бұл әуестік дегенді қойсайшы, қайықтан ала шыққан орақпен ең ұзын деген бір қамысты түбінен орып алдым. Ең жуан дегеннің түбінен бір-екі буындық кесіндісін тағы алдым... Бала үшін қармақ сапқа таптырмайтын аса қолайлы дүние еді! Сол қамыстың қауылдырықтары (жапырақтары) күректей ірі, бойының соншалықты ұзын болғаны сондай - ол біздің теңіз-көлі қайықтан бір жарым еседей ұзына созылып жатты... Үйге жеткесін қолыма қалған екі-үш қамыстың диаметрін өлшеп көрдім. Әлгінің жуандығы 8 сантиметрден асып тұрды" деп жазады. Ал қамыстың ұзындығын бала Сайлаубай өлшей алмаған. Өйткені ол сырылып қайықтан түсіп қалыпты.
Міне, айдынды Арал жағалауындағы сулардың қамысы қандай болғанын көз алдыңызға елестете беріңіз! Осы күні айтсаң адам сенгісіз, ертегідей боп қалды.
Қамысты жергілікті халық ертеден отын етіп, отқа жаққан. Және де оның жылу беруі жоғары деңгейде екені белгілі. Ана бір жылдары Қызылжар ауылына қыстың күні тойға барғанбыз. Содан асылып жатқан қазанның астына ауыл келіншектері қамыс салып жағып жатты. Анда-санда саумалап итеріп қояды. "Мына қамыспен тамақ пісіре ала ма екен?" деп сұраулы жүзбен біз тұрдық қарап. Жоқ, бір уақытта қазан да бұрқ-сарқ етіп қайнады дейсің. Ал қаңтар айындағы кешкі аяз даланы буып тұрған.
Шынында, өткенге көз жіберсек, осы дария мен көл жағасындағы елді мекендерде "Қамыс зауыты" деп аталған мекемелер болған екен. Олар қамыс дайындап, қала мекемелеріне сатумен айналысатын. Сондай бір естелік жақында қолымызға түсті. Естелік иесі - белгілі шежіреші болған Ізжан Жалғасов. Соның жазбаларына көз жүгіртейік. "Аманөткел" арқылы "Ханға" шықтық. Көл жағасында отырған бастырмаға келдік. 1941 жылдың қараша айының аяғы еді. Жансүгір Аралдағы Промкомбинаттың подхозының бастығы екен. Өзі қол қоя білмейтін сауатсыз. Жазу-сызуы жоқ кісі. Бірақ орысша сөйлегенде орысты жаңылдырады. Жаз болса диханшылық етеді. Жалғыз бір жарым тонналық бір машиналары бар. Үйде қара атан, сары атан - екі түйесі бар. Торы ат, кері ат - екі аты бар. Қыста қамыс шабуды үздіксіз жүргізеді екен. Себеп "Аралрайпром" ком-бинаттың нан-пекарныйы бар. Соған дайындалған қамысты жағып, нан пісіру қаж¬ет. Еркек адам жоқ, соғысқа кеткен. Сыдық, Шамшырақ, Махат, Базар, Орынбасар, Зылиха, Баршабике, Файзул¬да, Зейнеш, Үрипа, Алуа - адам басы баршылық. Бірақ үлкен кісілер мен әйелдер, бала-шаға, қыз-қырқын. Осылардың дайындап берген қамысын комбинат үлгіріп ала алмайды екен.
1942 жыл басталуымен табельщик боп жұмысқа орналастым. Орған қамысты 50 баудан 35-40 үйіншек. Оның басында санап алып тұратын адам - табельщик. 2 атан, 2 ат, 1 жорғалы 5 шанамен Аралға қамыс тасиды.
1942 жылы қаңтарда 5 шанаға 500 бау қамыс тиеп, Арал теңізіне түсеміз. Қара бура, қара нар алдын бастап тартып от¬ырады. Біз Зылиха апай екеуіміз қара нардың шанасына киіз салғанбыз. Екеумізде екі кісінің айуан ішігі бар еді. Үстімізде қойдың терісінен сүріліп, ықшамдап тігілген киімдеріміз бар. Басымда қызыл сең-сең қызыл құлақшын. Ұлмамбетов Жансүгір мен барғанда жүрегі жарыла қуанған еді. Мендей адамды қайдан табамын деп отыр екен. "Қамысты санап алады, санап береді" деп маған сенсе керек. Мен қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір айларында 5 шана керуенді айына 5 рет жүргізіп отырған¬мын. 2000-2500 қамысты "Райпром" комбинатқа Зылиха апай екеуіміз апарыппыз".
Міне, қаланың отын пайдаланатын меке¬мелеріне қамыс дайындайтын осындай мекемелер, зауыттар болған.
Арал өңірінде қамысқа байланысты үл¬кен тарихи оқиға да болған. Ол орыс отаршылдарының өңірімізге келуіне себеп болған осындағы көлдердегі көп қамыс екен. Оны белгілі журналшы Сағат Жүсіп: "№123 тральщиктегі бүлік" атты кітабындағы "Капитан Шульцтің қатесі" деген мақалада былайша баяндайды: "Ойламаған жерден Арал теңізі маңында Райым бекінісін салу қолға алыныпты. Бұл қалай болған еді? 1846 жылы Ресей Бас штабының департаменті капитан Лемм бастаған топографтарды Сырдария өзенінің құяр сағасына дейінгі аймақты картаға түсіріп келсін деп Орынборға жібереді. Осы мүмкіншілікті пайдаланып қалғысы келген болуы керек, Бас штабтағылар сол кезде қызметсіз сандалып бос жүрген Шульц деген капитанды топографтарға қосып, оған: "Сырдария өзенінің құяр сағасын көріп кел, ол аймақта қандай тәуір дүниелер бар екен, зерттеп кел" деген тапсырма беріп жібереді. Капитан Шульц Сырдарияның Арал теңізіне құяр жақын жердегі Райым қолтығы аймағында, ондағы жағалай өскен ну қамысты көріп, оны мал жейтін шөп деп қабылдайды. Дереу Орынборға: "Райым қойнауында бір маусымда миллион пұт шөп дайындайтын жер бар» деп генерал Обручевке хабарлайды. Қуанып кеткен Обручев Петерборға хат жазып: "Райым қойнауына бекініс салай-ық" деп ұсыныс қояды. Петербор оған қар¬сы болады. Обручев айтқанын дәлелдеп тұрып алады. Әбден болмаған соң айтады: "Біз ол жерге бекініс салмасақ, ол жерді ағылшындар алып қояды" дейді. Шульцті медальмен марапаттайды.
Сөйтіп жоспарын бекітіп алған Обручев 1848 жылы үлкен экспедициямен Райымға келді. Келсе, капитан Шульцтің шөп дегені ну қамыс екен. Қолайсыз жерге салынған бұл бекіністің өмірі ұзақ болма¬ды. Кейін ол Арал бекінісі деп аталады. 1855 жылы бекініс таратылып, Қазалыға көшіріледі. Ал Шульц: "Сырдың суы тасып, шөп ну қамыс болып кетіпті" деп қана жауап берсе керек. Бірақ Шульцтің қатесі Ресей империясының қазақ жеріне сыналап бойлап кіруін жылдамдатты. Отарлауды тездетті".
Қалай дегенмен де, үлпілдегі мамықтай сары қамыс неше бір заманнан бері осында мекен еткен халыққа табиғаттан берілген бір ырыс болғаны анық.
Бүгінгі нарық заманында да табиғаттың бір байлығы қамысты да бір кәдеге жаратып жатқандар бар. Қытай, Түркия, Румыния, Ресей, Украина елдері қамысты экспортқа шығарып, пайда көзіне айналдыруда. Қазақстанда жерасты суы жер бетіне жақын жатқан шалғынды, құмды, сортаң жерлерде өседі. Қамыстан себет тоқылады, құрылыста қолданылады. Құрылыста табиғи материалдарды артық көретін Еуропа елдері үйлердің шатырына арналған тоқыма себетін жасауға пайдаланады. Қамыстан сондай-ақ химиялық өңдеу жолымен шайыр, металл спирті, сірке қышқылы, қағаз алынады. Міне, осы қамысты экспорттаушы елдер қатарына 2020 жылдан бастап Қазақстан да қосылды. Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы басқармасының хабарлауынша, сол жылы Германияға 122,1 тонна қамыс жіберілген. Сол шабылып және кептірілген қамыстың алғашқы партиясы шетелге Арал ауданының солтүстігінен жіберілген. 2021 жылы Еуропаға, атап айтқанда Германия мен Нидерландыға 900 тонна Сыр қамысы кетті. Осылайша қамысты кәдеге жарату кәсіптің көзіне айналып отырған жайы бар. «Қалауын тапса қар жанады" дегендей, тіпті одан биоотын өндіріп, шағын ауылдарға жылу мен жарық беретін қазандық жасаудың да жолдары табылып отыр. Және де болашақта құрылыста тек синтетикалық, жасанды материалдарға ғана мән бермей, біздің түрғындарымыз да табиғи материалдарға көше бастары ан¬ық. Сондықтан да қамыс өндірісін дамыта беру жөн деп білеміз.
Ақын Мешітбай Құттықов "Дерт" дастанында:
Бірін айтсам кетеді шығып бірі естен,
Толқын-базардың кетпей қойды үні естен.
Жол бермеуші еді Сырдың сары қамысы:
Нар қамыстар!
Сар қамыстар ну өскен,-деп жырлағандай, Арал теңізінің Сырдария бетіндегі сол баяғы нар қамыстар болашақта қайта нуға айналып, талайды тамсандырып тұрса дейміз.
Ерғали АБДУЛЛА.
06 тамыз 2024 ж. 313 0