Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қонаев өз қолымен орден таққан

Қонаев өз қолымен орден таққан

Кешкілік мезгіл. Ауладағы үйімнің көлеңкесінде бір қырындап газет оқып жатқанмын. Біреу маған төне түсіп, сәлем беріп, «мені танисың ба?» дегеніне, бетіне бажырайыңқырап қарап:
– Неге танымаймын. Қала құрылысы және сәулет бөлімінің меңгерушісі болған Зейнулла емеспісің? – дедім. Артында ілесе келген келіншегі де амандасып, сәлем беріп жатты. Көзім бұлдыңқырап тұрса да, бұл Әзберген Жақсылықовтың үлкен қызы Нұржамалды бірден таныдым.
– Әлей болсын!
– Аға, мен өзіңіз білетін Әзбергеннің қызымын. Биыл әкемнің 95 жасқа толуына байланысты Қазалыдағы Жаңабай ағам естелік кітап шығармақшы еді. Соған байланысты сізге келіп отырмыз. Айып етпе. Бірге қызметтес болдыңыз, есіңізде қалған естелігіңіз болса жазып берсеңіз, – деді.
– О, Әзекеңнең несін аяйын! Өнегесі мол әрі іскер басшы еді, марқұм. Жастай кеткені болмаса, – деп бетімді сипадым.
***
Олар кетісімен, ал кеп ойланайын! Оның өмірден өткеніне 40 жылдан астам уақыт өтіпті. Зымыраған жылдар-ай! Біреулер сенер, біреулер сенбес. Не де болса, осы естелігімді Әзекеңмен қалай танысқанымнан бастағанды жөн көрдім, оқырман!
Әзберген Жақсылықов 1929 жылдың 15 мамырында Қазалы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын мектеп бітірісімен сол өңірде мұғалім болудан бастайды. 1950-1953 жылы Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін де мұғалім мамандығын жалғастырады. Сонан 1956 жылға дейін Қазалы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Жданов атындағы ұжымшар партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады.
1960-1964 жылдары Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып білім алды. Бұл жоғары партия мектебін бітірер жылы (Н.С.Хрущев заманы) облыстар қысқарып, аудандар бірігіп, Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетіне қараған кез болатын. «Партия айтса, бопты» дегендей, оқуын бітіріп тұрған жас кадрді ойландырмастан Арал ауданындағы «Приарал» кеңшары партия комитетінің хатшысы етіп жібереді.
Приаралдықтар мұны жатсынған жоқ. Қайта іш тартып, білмегенін үйретті, бауырына басты. Партияның ұйымдастыру, саяси-көпшілік жұмыстарында ысылып, тәжірбие жинақтап кеңшардың озаттар қатарынан табылуына бар күш-жігерін жұмсай білді.
Мен мектеп бітірген 1965 жылы Арал аудандық «Толқын» газетінде фототілші болып қызметке орналасқанмын. Бір күні редакторым Мәлік Сәрсенов мені «Приарал» кеңшарының өмір тіршілігінен бірнеше сурет түсіріп келуге жұмсады. Редакцияның заңы бар, кез келген еңбек адамын «өзім білемін» деп суретке түсіруге болмайды. Ол үшін мекеменің басшысы, болмаса партия, кәсіподақ өкілінің нақты пікірін алуың, яғни келісуің керек. Осы іс-сапарымда жолым оңғарылып, кеңшардың партия комитетінің хатшысы Әзберген Жақсылықовпен алғаш кездесуімнің сәті түсті. Қызметке келгеніне енді екінші жылға аяқ басып барады екен. Сөзі тиянақты. Бір атшаптырым гараж аумағының өзінен тракторист, шофер, токарь, слесарь сияқты еңбек озаттарына ертіп барып, таныстырып қана қоймай, оларды еңбек үстіндегі көріністерін фото объектив арқылы нысанаға алып, түсіріп алуыма көп көмегі болды. Жақсы шыққанын аудандық «Толқын» газетіне, кейбірін облыстық «Ленин жолы» газетіне, енді біреулерін топтама (фоторепортаж) ретінде сөзін жазып, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне жолдадым. Бәрі де жарық көрді. Оқырмандардан жақсы лебіз де естідім. Бірақ артынша өзім әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышымды өтеуге кете бардым.
1968 жылы азаматтық борышымды өтеп үйге келгеніме екі күн өтпей кеңшар парторгінің жүргізушісі Қартамыс келіп: «парторг Әзберген сені келіп кетсін деп шақырып жатыр» деді. Қазақ атам: «шақырғанға бар, шақырмағанда нең бар» деп айтқандай, келген шақыртушыға «кете бер, артыңнан жетемін» дедім.
Көп уақыт оздырмай, шақыртушының артынан мен де жеттім. Әзберген көңілді екен, жылы шыраймен қарсы алып:
– Азаматтық борышыңды абыроймен өтеп келген екенсің, жаңа ғана жүргізушімнен естіп шыдамай шақырғаныма ренжіме. Біздікі тек жақсы ниет білдіру ғой. Есіңде ме, осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын біздің кеңшардың өмірінен түсірген суреттерің (фото) біраз газеттерге жарияланғанын көріп, рақметімді айтайын деп іздестірсем Армия қатарына азаматтық борышыңды өтеуге аттанып кеткен екенсің. Оқасы жоқ, қайта сарымайдай сақтап жүрген сол рақметімді білдіргім келеді.
– Рақмет, Әзеке!
– Енді саған айтар өтінішім, осы кеңшардың бастауыш комсомол ұйымын басқарып жүрген Шәкірат Маханбетжанов деген азамат Алматыға оқуға барамын дегеніне, міне, 3-4 айға созылып барады. Оқуға түсті ме, түспеді ме білмеймін. Бірақ құжаттарын алып кетіпті. Сондықтан сені сол орынға ұсынсам қалай көресің? Сонда сен комсомолды басқарасың, мен партияны басқарамын, қатып кетпей ме? – деп күліп алды.
Жылы шырайлы әңгімеге елтіп кеткенім сонша, әке-шешеммен ақылдасып көрейін дедім.
– Ойланатын түгі жоқ, жақсы қызмет, жассың. Бұл жұмысты шиырып айналдыратыныңа саған кәміл сенемін.
Сол арада «жақсы» деген сөзім шығып кеткен болу керек. Ол да ақпарақ қағазы дайын екен. «Арызыңды жаз да, қалдырып кет, мауқың басылғанша демал, айлығың жүре береді» демесі бар емес пе.
Міне, сөйтіп мен Әзберген Жақсылықовтың бір ауыз сөзіне ықыласым ауып, дырдай кеңшардың комсомол ұйымын және комсомол комитетінің хатшысы қызметін 9 жыл басқарыппын. Жаман болғаным жоқ.. Бүкілодақ ЛКСМ Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен және өңірге тағатын Лавр жапырақты белгісімен Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің сондай-ақ облыстық, аудандық комсомол комитетінің бірнеше рет Мақтау, Алғыс хаттарымен марапатталдым. 1973 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» және «Қазақ КСР-іне – 50 жыл» мерекелік белгілеріне ие болдым.
Ал көзім көрген Әзберген Жақсылықовты осы «Приарал» кеңшары партия комитетінің хатшысы болып абыройлы қызмет атқарғанын бес саусақтай білемін десем артық айтқандық емес. Өте сауатты.Ұжымның алғы шепті көрінуне бар ынта-жігерін жұмсаған азамат еді. Ұйымдағы 124 мүшесінің хал-ахуалына назар аударып, олардың алғы шептен, яғни озаттар қатарынан табылуына күш-жігерін жұмсады. Және де белсенділігін баянды етті. Соның нәтижесінде, шопандар Сағынай Мерекбаев, Сағидан Қылышов, бақташы Жеткерген Рзамбетов, сауыншылар Тарағы Өтепова, Зинеп Дәрменова, Жамаш Айтпақова және басқа да озаттардың есімдері аудан түгел, облыс көлемінде танылды. Бұлар жөнінде «Озаттар тәжірбиесі» рубрикасымен арнайы плакаттар шығарылы, таратылды. Насихатталды. Міне, бұл игілікті істе Әзекеңнің қолтаңбасы қалды.
Және де олжетекшілік еткен ұйым мүшелері бірі обком мүшесі, енді бірі облыстық кәсіподақтар кеңесінің мүшелері, облыстық Кеңес депутаттары, сондай-ақ ауданның партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық, Сайғонды ауылдық Кеңес депутаты болды.
Ә.Жақсылықов 1968 жылы еңбектен қол үзбей жүріп Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтын сырттай бітірді. Біліктілігін жетілдірді. Әсіресе мал шаруашылығын дамытуда, оның ішінде мүйізді ірі қараны өсіруді жеделдетуде көптеген жұмыстарды (әрине, бұл жерде кеңшар директоры Мүсілім Қазанбаевтың қолдауымен) іске асыруда еңбегі ұшан-теңіз. Ол бұл салада озат тәжірбиелер мен ғылыми жетістіктерді ұштастыра пайдаланды. Әсіресе, мүйізді ірі қараны өз төлі есебінен көбейту жолындағы ұйымдастыру жұмыстарына баса көңіл болды.
Мұнымен қатар, Әзекең Ақирек алқабының біраз жеріне егістік егіп, мал азығының құнарлығын арттыруда да үлесі зор. Сол жылдары, яғни алғаш 1972 жылы маған «Жігер» комсомол жастар егіс бригадасын ұйымдастаруға мұрындық болды. Ақыл-кеңесін берді. Сөйтсем, 1-2 жыл жоңышқа еккен біздің өнімімізді көріп, тәжірбие жинамақшы екен. Кейін бұл ісін іске де асырды. Сол Ақирек алқабының 16 гектар жеріне бақша өнімдерімен қатар мал азығына жүгері, жоңышқа егіп өсіріп, жылына 4-5 мың тоннаға дейін сүрлем салатын әрі дайындайтын. №4 ферма орталығын жем-шөп қорына айналдырған-ды. Сонымен қатар халықты ет-сүтпен қамтамасыз ету үшін бірнеше жерден мал семірту, товарлы сүт өндіру кешенін салуға бастмашы да болды.
Әрине, бұл жерде Әзберген Жақсылықовтың өзінің негізгі міндеті партияның ұйымдастыру, саяси-көпшілік жұмыстарының бірі әрі бірегейі екенін ескергеніміз жөн. Өйткені еңбекте осының ұштығында жатыр. Бұл орайда, жыл басында кеңшар дирекциясымен партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдары арасында төрт жақсы келісім шарт жасасады. Онда мал төлдету, әр аналық сиырдан бұзау алу, қоғамдық мал азығын дайындау науқанына байланысты апталық, айлық, тоқсандық жоспарлардың орындалу барысы қорытындысымен озаттарды марапаттау, ауыспалы қызыл тумен құрметтеу сияқты міндеттер көрсетілген.
Партиялық жұмысында еш мін болған жоқ. Жоспарларына сай жиналыстар, партком отырысы уақытылы өтіп, оардың хаттамасы арнайы папкілерге ұқыпты етіп тігіліп отыратын. Облыстық, аудындық партия комитетінен келген өкіл тексерушілердің алдына қойғанда олар ештеңе айта алмай кететін. Тіпті Мәскеудің Орталық Комитетінің Қызылорда, Шымкент облыстық партия комитетінің бақылайтын инспекторы Паршин (ұмытпасам, есімі есімде жоқ) екі жылда бір келгенде риза болып кететінін көзім де көрді.
«Приарал» кеңшарының директоры Мүсілім Қазанбаев Алматыға жоғарғы оқу орнына оқытушы болып кетерінде, аудан басшыларына өз орнына лайық деп осы Әзберген Жақсылықовты ұсынып кеткен. Міне, сол 1978 жылдан өмірінің аяғына дейін кеңшар директоры болып қызмет атқарды.
Өмірден көргені және тәжірбиесі мол Әзберген Жақсылықов кеңшар шаруашылығын одан әрі өрістете түсті. Әсіресе, әр жүз аналық сиырлар мен қашарлардан 1979 жылы 82-ден төл алып, жоспардан тыс 530 бұзау өсірді. Сондай-ақ, әрбір сауын сиырдың сүт өнімділігі артты. Мемлекетке салмақты да семіз мал тапсыру жоспары жақсарды. Жоспардан артық қосымша салмақ алынды. Мал шығыны кеміді.
Сонымен қатар приаралдықтар соңғы жылдары жоғары нәтиже көрсете алмай жүрген мәселені бірі екпе шөпке ден қойды. Жүгері сүрлемін арттырып, оны 3600 тоннаға дейін жеткізді. Мұны мал бордақылау және сүт өнімін арттыру мақсатында пайдаланды. Бұдан басқа да минералды азықтармен қосымша қамтамасыз етіліп, яғни жемдеу арқылы бұрын-соңды болып көрмеген мүйізді ірі қараның тәуліктік салмақ қосу көрсеткішіне қол жеткізді. Сөйтіп мемлекетке тапсырылатын әрбір мүйізді ірі қараның салмағын 350-400 килограмм аралығында өткізу міндетін алға қойды.
Кеңшарда мал қыстатуға дайындық жұмыстары алдын ала жүйелі түрде жүргізіліп, әрбір малшылар отын-сумен, жем-шөппен қамтамасыз етіліп отырды. Және де әрбір жұмысшы-қызметкерлер, малшы қауымдарды жыл сайын материалдық-моральдық жағынан көтермелеп отыруды дәстүрге айналдырған Әзберген Жақсылықовтың еңбегі зор еді.
Міне, осындай игілікті жұмыстардың нәтижесінің жемісін мынадан-ақ көруге болады. Кеңшар ет-сүт молшылығын жасау жолында социалистік жарысты өрістеткені үшін 1981 жылы Қазақстан халық шаруашылығы көрмесінің І дәрежелі Дипломымен марапатталды. Сондай-ақ, кеңшар ұжымы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің Алтын медалын иеленді. Қуанышқа қуаныш қосылып, приаралдықтарды жігерлендіре түсті. Социалистік жарыстың қорытындысымен кеңшар директоры Әзберген Жақсылықовтың кеудесіне Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмахаммед Қонаевтың өз қолымен «Еңбек Қызыл Ту» орденін таққаны азаматтың еңбегі еленгені.
Әзберген Жақсылықов ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. 1965 жылдан бастап аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық Кеңстің депутаты болып бірнеше рет сайланды.
Іскер ұйымдастырушы, өзінен бастап жұмыстастарынан жауапкершілікті талап ете білетін тамаша азамат еді.
Міне, осындай елге белгілі азамат Әзберген 1983 жылы 54 жасында өмірден өтті. Өмірлік серігі болған жары, ұлағатты ұстаз Роза Батырова да 2004 жылы қайтыс болды. Артында қалған ұрпақтары өсіп-жетіліп ұлдары, үлкен Сәбиті (марқұм) Тараздағы ДГМСИ-ді бітіріп, ауданда құрылыс маманы болды. Келіншегі – Күнсұлу. Ал екінші ұлы Абай зоотехник мамандығын иемденген. Келіншегі – Гүлнар. Үлкен қызы Нұржамал (әлгі маған келген) есепші, жолдасы Зейнулла ауданда жауапты қызметтерде болды. Ортаншы қызы Бақытжамал Тараз қаласындағы ДГМСИ-дің түлегі, ауданда балық саласында еңбек етті, қазіргі таңда Арал әйелдері қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Зейнеткер. Ал үшінші кіші қызы Айжамал 1982-1987 жылдары Алматы теміржол институтында оқып, бітіріп теміржол саласында 42 жыл бойы үзбестен еңбек етіп келеді. 2017 жылы Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң Академиясының құқықтану факультетін бітірген. ҰҚ ҚТЖ Алматы бөлімшесі филиалы директорының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары. Осы кезге дейінгі жасаған қызметі, еңбегі еленіп, түрлі марапат иесі атанған. Есімі Қазақстанның алтын кітабына енген.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Журналист
02 қазан 2024 ж. 86 0