Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бұйырмаған атақтар

Бұйырмаған атақтар

Әлемде талай қызық бар. Тарихқа жүгінсек, кейбір адамдардың зор абырой, атақтарға қол жеткізіп тұрса да солары өздеріне бұйырмаған. Америка құрлығын тұңғыш ашқан атақты теңізші Христофор Колумб Испан королінің тапсырмасымен жаңа жерді табу үшін барлығы оннан аса кемемен үш топ болып 1492 жылдың 3 тамызында сапарға шығады. Бұлар Атлант мұхитын кесіп, екі айдан аса жүзеді, бірақ жаңа жер кездеспейді. Мұндай ұзаққа созылған ауыр жол азабына шыдамай матростар арасында жанжал шығады. Тіпті адмирал Колумбтың өміріне қастандықта жасалады, оны сенімді серіктері ғана өлімнен аман алып қалады. Кемелердің көбісі кейін қайтып кеткенде Адмирал басқарған шағын топ қана жүзуді жалғастыра береді. 1492 жылдың 10-қазаны күні түнгі сағат 10-дар шамасында алыстан жарқыраған қаланың шамдарын көреді. Жарықты бірінші көрген Адмирал:
– Жер, мен жаңа жерді көріп тұрмын деп айқайлап, палубаға шақыртып алған королдың сенімді өкілі де басқа матростар да шынында да бұл қаланың шамдары деп ойлайды, тіпті жаңа жерді таптық деп протокол да жасайды. Шамалыда соң әлгі жарық жоқ болып кетеді де, енді көрінбей қояды. Бұлар әрі-бері қарап, көздері талғасын каюталарына демалуға кетеді. Штурвалда қатардағы матрос Родриго де Триана ғана қалады. 11-қазан күні таң атып, жан-жақ анық көріне бастағанда шынында да мұхиттың жиегінен қарауытып көлбеп жатқан жер көрінеді. Матрос Родриго:
– Жер, жер, мен жаңа жерді көріп тұрмын, – деп айқайлайды. Каютадағылар палубаға атып-атып шығып жаңа жерді көреді. Бұл Америка құрлығы еді. Испан королі жаңа жерді бірінші көрген адамға сыйлық ретінде 10 мың мураведи рента тағайындаған болатын. Бірақ Адмирал бұл сыйлықты Родригоға қимай, жаңа жерді түнде бірінші болып мен көрдім деп, ашкөздікке салынып, өзі иемденіп кетеді. Әрине, Колумбты да түсінуге болады, өзі сапардың бүкіл жауапкершілігін ала отырып, жаңа жерді бірінші көріп, ашқан Родриго еді деп, қатардағы матросқа ондай зор мәртебелі атақты қалай қия салсын. Әйтпесе, корольдің тағайындаған сыйлығы адмиралдың табысымен салыстырғанда тамшыдай ғана нәрсе еді. Колумб ақшаға емес, атаққа қызыққан. Ақырында Родриго сыйлықтан да, атақтан да қағылған. Ал, алғашқы көрінген жарық алдамшы болатын. Арада біраз жылдар өткесін ғалымдар оның сырын анықтады да. Сөйтсе, мұхит түбінде жарық сәуле шашатын қоңыздар болады екен, солар кейде су бетіне шығып, сәуле шашып ойнап, қайтадан су түбіне кетеді де, шықпай қояды екен.
1969 жылы белгілі архиолог-ғалым Кемел Ақышевтің жетекшілігімен Есік обасына архиологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Обадан Сақ дәуіріне жататын көптеген жәдігерлер табылды. Қазба жұмыстары аяқталар кезде обадан Алтын адам табылды. Оның атағы лезде әлемге тарады. Алтын адамды тапқан адам Кемел Ақышев деп есептелінді. Баспасөз беттерінде де, әртүрлі басылымдарда да осылай жазылды. Әрине экспедицияның жетекшісі болғасын Алтын адам К.Ақышевқа таңылуы бір жағынан қалыпты. Ал шындығында, Алтын адамды тапқан қатардағы архиолог Бекмұхамбет Нұрмұхамбетов деген кісі болатын. Бекмұхамбет ақсақал Алтын адамды тапқаннан кейін осы Есік обасына шырақшы болып, осы жерде 81 жасында қайтыс болды және осы жерге жерленді. Бекмұхамбет ақсақал БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында:
– Біз біраз уақыт Есік обасына қазба жұмыстарын жүргіздік, сақ дәуірінің көптеген бұйымдарын таптық. Енді осымен болған шығар деп, қазба жұмыстарын тоқтатып, қалаға қайтуға бет алғанымызда, бір жер назарымды аудара берді, көңіліме сол жерде бірдеңе жатқандай көрінді. Андрей мына жерге шөмішіңді салшы дедім. Андрей трактордың шөмішін тастағаны сол еді, шөміштен жердің қалың қабатына тигендей емес, дүңк еткен дыбыс шықты. Шөміш түскен жердің асты қуыс екенін бірден сездім. Беларустың шөміші топырақтың үстіңгі бетін жәймен сыпыра бастағанда астынан қатар-қатар қаланған бөрене шықты. Бөренелерді аса сақтықпен біртіндеп алғанда астынан тағы екінші қатар қаланған бөрене бар екен. Соларды алғанда біздің алдымызда екі бөлмелі қабір жатты. Бірінші қабірде сақ дәуірінің әртүрлі заттары, ал екінші қабірде тұтасымен алтын киіммен жерленген адам мүрдесі екен. Дереу түрлі саланың мамандарын шақырып алтын адамды ыждағаттықпен алдық. Жалпы, Есік обасы сақ дәуіріне жататын жәдігер. Сақ тайпасының астанасы Шығу қаласының орны осы жерге тиіп тұр, қажет болса көрсетуіме болады, – деген еді.
Кейін ғалымдар мүрдені зерттей келе сақ тайпасының күнбиі, патшасы 20 жас шамасында қайтыс болған Нулы ханзаданың денесі деген болжамға келді. Міне, осындай әлемдік ғажайыпқа қол жеткізген ғалымға мемлекеттік сыйлықтан басқа ешқандай ғылыми атақ берілмеді, орден-медальдармен марапатталмады да.
1961 жылы 12 сәуірде Советтер Одағында тұңғыш рет адамзат баласы ғарышқа шықты. Бұл жер шарында сенсация болды. Ю.А.Гагарин жерді 1 сағат 8 минутта бір айналып өтіп, аман-есен жерге қонды. Ю.А.Гагариннің тағы әп сәтте жер-жаһанға тарады. Негізі, ғарышқа ұшуға 10-ға тарта сынақшы-ұшқыш іріктеліп алынған. Жеме-жемге келгенде олардың екеуіне ғана Юрий Алексеевич Гагарин мен Герман Степанович Титовке таңдау түсті. Бас конструктор С.П.Королев бірден Гагаринге таңдау жасамай, оның қасына Г.С.Титовты неге қосты? Себебі Г.С.Титов дайындықтың қай жағынан алғанда да Гагариннен басым болатын. Сондықтан Королев соңғы сағатқа дейін екі ұшқыштың қайсысын ғарышқа ұшыру туралы көп ойланған. 12 сәуір ғарышқа ұшу белгіленген күн. 11 сәуір күні түнде Королев Гагарин мен Титовты бір бөлмеге жатқызды. Ю.А.Гагарин көп ойланбастан ұқтап қалды, өйткені ол ертең өзі ұшатынына сенімді еді. Ал, Титов болса көпке дейін ұйықтай алмады, оны ертең қайсымыз ұшар екенбіз, жерге аман-сау ораламыз ба деген ойлар мазалады. Бұл түні Королевте ұйықтай алмады, оны да ертең қайсысын ұшырсам екен, бәрі сәтті өтер ме екен деген ойлар мазалады. Ертеңіне таңдау Гагаринге түсті. Жалпы Гагариндер әулеті ауқатты, өңірге белгілі адамдар еді, Королевтер әулетімен бұрыннан аралас-құраластығы бар. Ю.Гагариннің әскери ұшқыштар оқуына түсуіне де осы Королевтің ықпалы болған деген әңгіме бар. Сондықтан Королевтің Ю.Гагаринге таңдау жасауы түсінікті де. Әрине, Г.Титов екінші болып ғарышқа ұшты және ғарышта ұзағырақ болып, космонавтика ғылымы үшін көптеген тың деректер әкелді.
Мұндай мысалдар көп-ақ. Бұл бір парасы ғана. Мәселен, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев ағамыздың ерлігі көпке дейін мойындалмады. Оның ерлігі тек егемендік алғаннан кейін еленіп, бағаланды. Оған Халық Қаһарманы деген атақ берілді. Ал оқиға шын мәнінде қалай болған еді? 1945 жылдың сәуірдің соңғы күндерінде Берлин Совет Армиясының қоршауына алынып, Рейхстагқа шторм басталды. Осы күндерде Совет Армиясының кез-келген бөлімі өз туларын Рейхстагқа тігуге асықты, өйткені барлығы Рейхстагқа жеңіс туын тігіп, Ұлы Отан соғысы тарихында өз аттарын қалдырғысы келді. Осындай тапсырма өз командирінен лейтенант Р.Қошқарбаев пен қатардағы барлаушы Григорий Петрович Булатовқа да берілді. Екі жақтан да жан беріп, жан алысқан кескілескен соғыс. Оқ қарша борап тұр. Рейхстагтың айналасы тұтасынан бронды материалдармен қоршалған. Танк, зеңбіректер жақындай алмайды, тек қолма-қол атыс. Немістерде соңғы демі қалғанша арпалысып жатыр, өйткені қолға түссе бәрі бір өлім екенін жақсы біледі. 30 сәуір күні Р.Қошқарбаев пен Г.Булатов 6 сағаттай осы қоршауларды паналай еңбектеп, ақыры Рейхстагтың фасадына Жеңіс туын тігеді. Оларға тек немістердің ғана емес, өз әскеріміздің де оғы тиіп кетуі мүмкін еді. 1 мамыр күні немістер де өздерінің сөзсіз жеңілетінін түсінген болу керек, атысты азайтып, бункерге тығылады. Дәл осы кезде лейтенант А.Берестаның басшылығымен кіші сержант Мелитон Варламович Кантария мен сержант Михаил Алексеевич Егоров екеуі Рейхстагтың төбесіне жеңіс туын тігеді. Кейін Ұлы Отан соғысы тарихында Р.Қошқарбаев пен Г.Булатов тіккен ту есепке алынбай, Кантариялар тіккен ту Жеңіс туы деп есептелінді. Кантария мен Егоровқа Совет Одағы Батыры атағы берілді де, Р.Қошқарбаев пен серігіне тарға берілмей қалды.
Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ
15 қазан 2024 ж. 123 0