Ұстазға құрмет немесе бір құшақ гүлдің тарихы

Әңгіменің шарықтау шегіне жетіп, шешіміне аяқ басар сәтте Бақытгүл апай демін ішіне тартып, сәл жымиған қалпы:
– Ең қызығы, осы әңгімені мен бүгін ардагер ұстаздар бас қосқан шағын жиында Жәмиға апайдан естігенде өн бойымды ерекше сезім билеп, маған гүл ұсынбақ болған бір кездегі жанкүйер қызбен танысып, тілдесіп, оған деген шексіз ризашылығымды, рақметімді білдіргім келді. Сөйтіп менің көңілімде тосын толқыныс тудырған бейтаныс тұлғаның кім екенін анықтадым. Осы оқиғаны ойға оралтқан апайлардан телефон нөмірін алып, хабарласпақ болдым. Сол байқауда жеңімпаз болған маған өзге ауданның жанкүйерлерінен қалыс қалмай, гүл ұсынбақ ниетте болған намысты, наркескендей өткір, қайсар мінезді қыз Қазына Отарбайқызы Боранбаева екен. Кеше апаймен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Арада қанша уақыт өтсе де, сол оқиғаны апайдың аузынан қайта естіген сәттегі сезімімді тілмен жеткізе алмаспын, ақұдай..., – деді апай өзінің сөз арасында жиі айтатын жылы сөзін қайталап. – Қазына апай да осы өңірдің, атап айтқанда, Аққұлақтың тумасы. Сол «бір құшақ гүл оқиғасы» кезінде Қазына апай 37 жаста екен. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында тұрады. Аяулы ана, ардагер ұстаз.Осы орайда , поэззия падишасы атанған Фариза ақынның:
Жоғары қырда ананың бағасы бек,
Алдына басын иген данасы кеп,
Далада өсіріпті қызды ардақтап,
Болашақ рулы елдің анасы деп, – келетін өрісті өлең жолындағы қазақ қызына тән қайсарлықты, өр рухты, табандылықтың табын Қазынаның өзінен де, семсердей өткір сөзінен де сезгендей болдым. Ол кісіге айтар алғысым шексіз, – деп аяқтады әңгімесін басты кейіпкер Бақытгүл апай.
– Осылайша туған жерге, деген сағынышын, сахна төріндегі жеңімпаз ұстазға деген құрмет-қошеметін, ел намысын бір құшақ гүлдің қауызына сыйдырған сол кездегі қайсар қыз Қазына апайдың бұл ұлы ісін ұлтқа көрсеткен құрметі деп білем. Себебі біз «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» деген тәмсілден тағылым алған ұрпақтың бүгінгі өкіліміз.
Айгүл АҚБЕРГЕНОВА
Ұ.Қараманов атындағы
№262 мектеп-гимназиясының мұғалімі